Қазақстанда XIX жазғы Дүниежүзілік гимназияданың қорытындысы шығарылды

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Дүниежүзілік XIX жазғы гимназияданың жеңімпаздарымен, жүлдегерлерімен кездесті. Аталған іс-шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, еліміздің көрнекті спорт шеберлері мен мектеп оқушылары қатысты. 

«Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік гимназиядаға алғаш рет қатысуда. Соған қарамастан дебют сәтті өтті», — деді вице-премьер. 

Оның айтуынша, мұндай жетістікке Мемлекет басшысының балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту бағытындағы жүйелі шараларды іске асырудағы қолдауы өз септігін тигізді. 

Жарысқа Қазақстаннан 234 оқушы қатысты. Біздің құрама 70 елден келген командалар арасынан жүлделі үшінші орынға ие болды. Жас спортшылар 86 медальға ие болды, оның ішінде 33 алтын, 32 күміс және 21 қола медаль бар. Қазақстандық құрама спорттың 13 түрі бойынша жүлделі орындарға ие болды.

«Гимназиядада көрсеткен жоғары көрсеткіштер елде спортты дамытудағы атқарылып жатқан бірқатар жұмыстардың нәижесі», — деді Е. Тоғжанов. 

Бүгінгі таңда елімізде 480-нен астам балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қызмет көрсетеді, онда 386 мың спортшы шұғылданады. Балалар клубтары да белсенді дамып келеді. Қазірдің өзінде 138 клуб ашылды. Ауылдарда спорт нұсқаушыларымен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде. 

Биыл жоғары білікті мамандар 1 833 ауылға жіберілді. 2025 жылға дейін спорт нұсқаушылары бар ауылдар саны 3,5 мыңға дейін артады. Мектептерде 49 мыңнан астам спорт секциялары жұмыс істейді. Сондай-ақ Ұлттық мектеп лигасы өткізіліп, онда қатысушылар спорттың 10 түрінен бақ сынауда. Жақында Қазақстан оқушылары арасында қысқы және жазғы гимназиядалар өткізіле бастады. 

Премьер-Министрдің орынбасары қатысушылардың ата-аналарына балалардың лайықты тәрбиесі үшін алғыс айтты. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен мұғалімдердің, жеңімпаздарға чемпиондық рух ұялатқан спорт және басқа да мектептер ұжымының маңызды рөлін атап өтті. Жас спортшыларға болашақта әлемдік ареналарда көк туымызды желбіретіп, Олимпиада ойындарында еліміздің атын асқақтата беруге тілектестік білдірді.

Іс-шара соңында Е. Тоғжанов 2024 жылы мерейтойлық XX Дүниежүзілік гимназияда Бахрейнде өтетінін айтып, мектеп оқушыларын даярлау үшін Үкімет тарапынан толық қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу