Қазақстанда 700-ге жуық инвестициялық жоба импортты алмастыруға және дайын өнімді экспорттауға бағытталады — ҚР ИИДМ

ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында импортты алмастыру мәселесі қаралды. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасады.

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңдеу өнеркәсібін дамытудың қазіргі мүмкіндіктері мен перспективаларына талдау жүргізілгенін атап өтті. Талдау барысында нарықтағы импортты дайын өніммен алмастыруға және экспорттық әлеуетті арттыру перспективасына баса назар аударылды. Сонымен бірге, шикізат базасының болуы, экологиялық реттеу, кадрлық құзыреттер мен инфрақұрылым сияқты аспектілер ескерілді.

«Импортқа тәуелділік деңгейін барынша төмендету үшін тиімді жұмыс жүргізген басқа елдердің тәжірибесін ескердік. Олардың негізгі бағдарламалары мен ел ішіндегі құндылық стратегияларын зерделедік», — деді Қ. Өскенбаев. 

Осылайша, тауар позициялары бойынша 3 топ анықталды.

Бірінші топ — импортты алмастыруға дайын тауарлар. Қазіргі таңда еліміз бойынша мұндай тауарлардың өндірісі бар. Тек тауар өндірушілерді шикізат, қаржыландыру, қажет мамандар және ұзақ мерзімді келісімшарттармен қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыс жүргізу қажет.

Екінші топ – импортты алмастыруға дайындық деңгейі орташа тауарлар. Бұл жерде қажет өндірістерді іске қосу үшін құзырет жеткілікті және инвесторлар дайын. 

Үшінші топ – импортты алмастыруға қатысты дайындығы төмен тауарлар. Негізінде, бұл жоғары технологиялық тауарлар. Оларды шығару үшін болашаққа деген перспективамен жағдай жасау қажет.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі импортының жалпы сомасы $38,3 млрд құрады. Шамамен $32 млрд қаражат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жетекшілік ететін салаларға тиесілі», — деді ведомство басшысы.

Әкімдіктермен пысықтау қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі салаларында инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. Аталған жобалар импортты алмастыруға және дайын өнімді экспорттауға бағытталған. 700-ге жуық жоба қамтылған, оның ішінде 286-сы импортты алмастыратын жобалар.

«Пулдағы 95 жоба екінші топқа, яғни импортты алмастыруға дайындығы орташа тауарларға жатады. Үшінші топ бойынша 36 жобаны жүзеге асыру үшін тауарлар тізбегі айқындалды. Аталған тауарлар бойынша белсенді түрде инвесторлар іздестірілуде. Бірінші топқа қазірдің өзінде отандық кәсіпорындарда өндіріліп жатқан өнімдерді шығаруға бағыт алған 155 жоба енгізілді. Алайда, аталған тауарлар импортты толық алмастыруы үшін өндіріс көлемін ұлғайтуымыз қажет», — деді Қ. Өскенбаев. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында импортты алмастыратын жобалар туралы хабарлама жарияланған соң көптеген белсенді кәсіпкерлер пулға кіру үшін Министрлікке өтініш білдірді. 

«Байланыс орталығы арқылы кәсіпкерлерге пулға кіру бойынша мамандар тарапынан кеңес берілуде. Айта кетерлігі, министрлікте облыстар бойынша бекітілген және жоба бастамашыларымен тікелей жұмыс істейтін жоба менеджерлерінен тұратын топ бар. Жұмыс барысында жобалық әдіс-тәсілдер мен EasyProject ақпараттық жүйесіндегі мониторингке арналған цифрлық құралдар қолданылды. Осы ретте жобалардың саны бойынша өзгертулер мен түзетулер енгізілуде», — деді Қ. Өскенбаев.

Жалпы өңдеуші өнеркәсіпке 108 мың жұмыс орнын құрумен инвестициялар көлемі 20,5 трлн теңгеге 633 жоба тиесілі.

Тау-кен өнеркәсібі саласы, агроөнеркәсіптік кешен және инфрақұрылымдық даму салаларына 8 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен инвестициялар көлемі 1,3 трлн теңгені құрайтын 57 жоба тиесілі.

Қ. Өскенбаевтың айтуынша, биыл 165 жоба іске қосылады, ал қалған 498 жоба 2023-2026 жылдары жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Биыл іске асырылып жатқан жобалардың инвестицияларының жалпы көлемі 1,7 трлн теңгені құрайды. Капиталды барынша қажет ететін 820 млрд теңге көлеміндегі жобалар Атырау облысында іске асырылатын болады. Жобалар санының аз болғандығына қарамастан, 5 жоба, бір жұмыс орнына салынған инвестициялар көлемі 1 млрд теңгені құрайды. Инвестициялардың ең аз көлемі Павлодар облысында – 7,4 млрд теңге. Капиталды ең аз қажет ететін жұмыс орындарын Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында құру жоспарда бар. Атап айтсақ, бір жұмыс орнына – шамамен 20-30 млн теңге.

2022 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 107 жобаны, Ауыл шаруашылығы министрлігі 46 жобаны, Энергетика министрлігі – 5 жобаны және Денсаулық сақтау министрлігі 7 жобаны іске асыруға жауапты. Жобалар толық қуатымен жүзеге асырылған кезде 2,5 трлн теңгенің өнімі шығарылып, экспорттың жалпы көлемі $3,6 млрд құрайды деп жоспарланып отыр. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша биылғы жылдың басты жобалары — Атырау облысында пропилен өндіретін зауыт салу; Қарағанды облысында автомобиль шиналарын жасайтын зауыттың құрылысы; Ақмола облысындағы алтын өндіру фабрикасы мен Түркістан облысында мұнай өңдейтін зауыттың құрылысы. 

Сондай-ақ Шымкент қаласында алюминий банкілерін өндіру бойынша жоба іске қосылады. Сонымен бірге Шығыс Қазақстан облысында май экстракциялық зауыты іске қосылмақ; Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндірісін кеңейту жоспарлануда. Алматы қаласында алюминий және биметалл радиаторларының өндірісі іске қосылады.

«Қара металлургия саласындағы алдыңғы қатардағы жобалардың тізіміне 4 жаңа болат құю зауыты, 2 жартылай кокс өндіру зауыты және 5 ферроқорытпа зауытын іске қосу кіреді. Жобаларды іске қосу $1,2 млрд көлеміндегі импортты алмастыруға, сонымен бірге $3 млрд сомасына экспортқа шығаруға бағытталған. Түсті металлургия саласында 2025 жылға дейін 11 негізгі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Алюминийден өнім өндіру бойынша 6 негізгі жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл экспорт көлемін $645 млн арттыруға мүмкіндік береді», — деді Қ. Өскенбаев.

Сонымен қатар мыстан дайын бұйымдар шығаратын 3 зауыт салу жоспарда бар. Бұл да экспорт көлемін $200 млн ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

Машина жасау саласында алдыңғы қатарлы 21 жобаны іске асыру жоспарланған.

Негізгі бағыттар:

  • импортты алмастыру жобаларын іске асыру, импортты алмастыру әлеуеті 130 млрд теңгені құрайды.
  • экспортқа бағытталған жобаларды жүзеге асыру, экспортты ұлғайту әлеуеті – $622 млн.

Сондай-ақ мұнай-газ машинасын жасау саласында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Химия өнеркәсібінде 2025 жылға дейін алдыңғы қатарлы 18 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 

«Аталған жобалар кальцийленген сода, полипропилен, натрий цианиді және минералды тыңайтқыштар өндіруді көздейді. Олар тек ішкі нарыққа ғана емес, сондай-ақ өнім экспортына да бағдарланған. Құрылыс материалдарының өндірісінде $890 млн көлеміндегі өнім импортын алмастыруға, сондай-ақ экспорт көлемін $206 млн дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін алдыңғы қатарлы 24 жобаны іске асыру жоспарда бар. Жалпы, керамикалық плиталар, автоклавты газоблоктар, жылу оқшаулағыш материалдар, сэндвич-панельдер сияқты тауарлар бойынша импортты толықтай алмастыру жоспарланып отыр», — деді министр.

Бұдан басқа, елімізде бұрын-соңды өндірілмеген санфаянс, бөлмеаралық есіктер, лакталған ағаш-жаңқалы тақталар, еден жабындары сияқты тауарлардың өндірісі іске қосылатын болады.

Жалпы жоғарыда аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде $9,1 млрд көлеміндегі тауарлар бойынша импорт алмастырылып, шикізаттық емес тауардың экспорт көлемі $17,2 млрд дейін ұлғайтылады. Керамикалық плиталар, кальцийленген және каустикалық сода, жылу оқшаулағыш материалдар, арнайы кокс, калий тыңайтқыштары және басқа да тауарлар бойынша импорт толықтай алмастырылады деп болжанып отыр.

Ферроқорытпалардың әлемдік экспорты бойынша 2-орынға шығу, болат импортын 75%-ға қысқарту, мақта өңдеу көрсеткіштерін 100%-ға дейін арттыру, сондай-ақ еден жабындары мен геосинтетиканың импортын 25%-ға алмастыру жоспарда бар.

Импортты алмастыру бағдарламасы бекітілгеннен кейін импортты алмастырудың өңірлік бағдарламалары қабылданады. Олар импорт көлемін азайту жөніндегі жобаларды мониторингілеп, оларды іске асыруға бағытталатын болады. Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін бизнесті қолдаудың жүйелі шараларын қатар жүзеге асыру ұсынылады.

Бірінші. Жобаларды қолдау үшін Өнеркәсіпті дамыту қоры мен Қазақстанның Даму Банкінің қаржыландыру тетіктері пайдаланылатын болады. Екінші деңгейлі банктер мен жергілікті атқарушы органдардың қаражатын тарту мүмкіндіктері қосымша пысықталады. 

Екінші. Бизнестің жол картасы бағдарламасындағы тетіктер қайта қаралатын болады. Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындардың энергия ресурстары мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін жасалады. Импортты алмастыратын жобалар үшін әкімдіктердің қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуі ұсынылады.

Үшінші. Жобаларды нәтижелі іске асыру үшін Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде кадрлық база құрылады. Кәсіпорындардың инженерлік-техникалық мамандарын алдыңғы қатарлы шетелдік кәсіпорындар мен ұйымдарға тағылымдамаға жіберу жоспарда бар.

Төртінші. Өндірістік кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету бойынша жер қойнауын пайдаланушыларға міндеттемелерді бекіту. Бүгінгі таңда алюминий өндіруші қайта өңдеумен айналысатын 7 кәсіпорынмен келісімге қол қойды. Мыс пен қорғасын бойынша да осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жүйелі қолдау шараларынан басқа, іске асырылып жатқан жобаларды өткізумен қамтамасыз ету қажет. Бұл бағытта мыналар ұсынылады.

Бірінші. Ірі кәсіпорындар отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу, нысаналы индикаторларды белгілеу және басқа да мәселелерді ескеретін жеке бағдарламаларды әзірлейтін болады.

Екінші. Өнім сапасын және отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында техникалық реттеу мәселелері қайта қаралатын болады.

Үшінші. Ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуі құрылады.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылар мен кәсіпорындардың 4 трлн теңге көлеміндегі тауарлары сатып алынған, оның ішінде импорт көлемі – 2,9 трлн теңге. Бұл жерде аталған тауарлардың импортын алмастыру әлеуеті байқалады», — деді Қ. Өскенбаев.

Осы мақсатта келесі тетіктерді енгізуді ұсынылады:

  • шағын және орта бизнес белдеуін құру бойынша ірі кәсіпорындар үшін міндеттемелер енгізу;
  • жер қойнауын пайдаланушылар үшін лицензия алу кезінде шағын және орта бизнес тапсырыстарымен қамтамасыз ету жөнінде міндеттемелер енгізу.

«Кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру мақсатында Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесе отырып, “Орда-Glass” ЖШС шыны зауыты базасында автомобиль шынылары, шыны талшықтары, шыныдан жасалған ыдыстар, ыдыс-аяқ, терезе шынылары мен смартфондарға арналған жұқа шынылар өндіретін шағын зауыттар сала отырып, шыныдан дайындалатын бұйымдар өндірісін пысықтай бастадық. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен жаңа жобаларға да қатысты осындай тәсілдер қолданылады. Ірі жүйе құраушы кәсіпорындарды қолдау, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлерге инфрақұрылым ұсыну есебінен, бұрын импортталған тауарлар жергіліктендірілетін болады. Бағдарлама жобасын әзірлеу жұмыстары нақты кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр», — деді индустрия министрі.

Қ. Өскенбаевтың айтуынша, алгоритмге сәйкес наурыз айында әлемдік тәжірибені талдап, барлық өңдеу өнеркәсібі бойынша кешенді талдау жүргізілді. Сәуірде жобалар пулы дайындалып, іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Мамыр айында құжатты мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу рәсімін аяқтау жоспарланып отыр. Маусымда жоба бекітілетін болады.

Жергілікті атқарушы органдар өңірлік бағдарламаларды қыркүйек айына дейін қабылдайды.

«Бизнес сенімін білдіріп, жұмысқа белсенді түрде қатысып жатыр. Жобалардың саны күн сайын артып келеді. Іске асыру және мониторингілеу мәселесі ерекше бақылауға алынған», — деді Қ. Өскенбаев.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрі Е. Қарашөкеев 2021 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықтың азық-түлік тауарларының негізгі 29 түрі бойынша, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі отандық өндіріс есебінен 80 пайыздан жоғары қамтамасыз етілгенін атап өтті.

Оның ішінде 11 тауар позициясы бойынша ішкі нарық 100%-ға қамтамасыз етілген (нан, макарон, сүт, картоп, қияр, күріш, қой еті, тауық жұмыртқасы, бидай ұны, қарақұмық жармасы, тұз), 12 тауар позициясы бойынша қамтамасыз ету 80%-дан жоғары болды (қызанақ, сәбіз, қырыққабат, пияз, бұрыш, қызылша, сиыр еті, жылқы еті, шошқа еті, қышқыл сүт өнімдері, сары май, күнбағыс майы). 

Жоғарыда аталған тауарлар тізіміне алма (73,7%), құс еті (65,4%), шұжық өнімдері (56,4%), ірімшік және сүзбе (56%), қант (42,6%) сияқты тауарлар кірмейді. Осы аталған тауарлардың топтары бойынша импорт сомасы $700 млн құрайды.

«Бүгінгі таңда 5 бағыттың әрқайсысы бойынша шамамен 650 млрд теңге сомасына 92 инвестициялық жоба нақты айқындалды. Бұл шамамен 13 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 2025 жылдың соңына дейін 24 ет комбинатын іске қосу, 8,2 мың га алаңда бақ салу бойынша 22 жоба, 20 сүт өңдеу зауытын іске қосу, 23 құс фабрикасын салу және кеңейту, жаңғырту бойынша 2 жоба және 1 қант зауытын салу жоспарланып отыр», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Қантты тұтыну жыл сайын шамамен 532 мың тоннаны құрайды, оның ішінде отандық шикізат есебінен – 7%-ы қамтамыз етілген. Бұл өндірістің ұсақ болуына, суаруға арналған судың жетіспеуіне және қант қызылшасын өсіру кезіндегі қол еңбегіне, қант зауыттарының тозуына байланысты болып отыр. 

Осылайша, сумен қамтамасыз ету проблемасын шешіп, егіс алқаптарын 14,5 мың гектардан 38 мың гектарға дейін кеңейтіп, техникалық жарақтандыру жұмыстарын іске асырып, сондай-ақ саланы инфрақұрылымдық дамыта отырып, қант зауытын жаңғырту және салу жөніндегі жобаларды іске қосу есебінен жалпы өнім жинауды 332 мың тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. 

Демек, қант өндірісін 7 есе – 254 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарда бар. 

Бұдан басқа, жоғарыда көрсетілген нәтижелерге қол жеткізу үшін 5-6 жыл ішінде субсидиялар мен жеңілдетілген кредиттер беру арқылы мемлекеттік қолдау қажет.

«2021 жылы құс еті бойынша импорт үлесі 168,5 мың тоннаны құрады, меншікті өндіріс 282,3 мың тоннаны құрады. Осылайша, жалпы өндіріс қуаты жылына 223,1 мың тоннаны құрайтын 23 құс фабрикасын салу және жаңғырту есебінен 2025 жылға қарай толық импортты алмастыру жоспарланып отыр. 2021 жылы ірімшік пен сүзбе бойынша импорт үлесі 32,8 мың тоннаны құрады, меншікті өндіріс 36,9 мың тоннаны құрады. 2025 жылдың соңына дейін сүт өңдеу бойынша 20 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, оның ішінде жалпы қуаты 161 мың тонна сүт өңдейтін ірімшік және сүзбе өндіретін 5 ірі кәсіпорын бар», — деді Е. Қарашөкеев.

Сондай-ақ Даму картасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында сүтті мал шаруашылығы белсенді түрде дамып келеді, жыл сайын республикалық көлемнің 10%-дан астамы өндіріледі.

Облыста 2018 жылдан бастап 2021 жылға дейін 22 сүт-тауар фермасы салынды, мал басының жалпы саны 15,2 мың бас, жобаларды іске асыруға 23 млрд теңге инвестиция салынды, 650-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды.

2021 жылы алма импортының үлесі 99,4 мың тоннаны құрады, ал өзіміздің өнімнен 262,8 мың тонна жиналды. 2025 жылға қарай 8,2 мың га алаңда 22 бақша салу есебінен импортты толық алмастыру жоспарланып отыр. 

2021 жылы шұжық өнімдері импортының үлесі 47 мың тоннаны, меншікті өндіріс 60,7 мың тоннаны құрады. 2025 жылдың соңына дейін ет өңдеу бойынша 24 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, оның ішінде жалпы өндірістік қуаты 87,4 мың тонна шұжық өнімдерін шығаратын 4 ірі кәсіпорынды іске қосу жоспарда бар. 

Жалпы, ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, 2022 жылы инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған, оның ішінде 7 ет комбинаты, 10 сүт өңдеу зауыты, 10 құс фабрикасын салу және кеңейту жобасы бар.

Бұл жобалар республиканың 13 өңірінде жалпы сомасы 38 млрд теңгеге іске асырылатын болады. Соның нәтижесінде 1,7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр. 

Олардың ішіндегі ең ірі жобалар — жалпы сомасы 7 млрд теңгені құрайтын сүт өнімдерін өндіру бойынша Алматы және Қарағанды облыстарындағы 2 жоба. Соның нәтижесінде 110 жаңа жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында құс етін өндіру бойынша жалпы сомасы 10,4 млрд теңгені құрайтын 3 жоба нәтижесінде 286 жұмыс орнын ашу жоспарда бар.

Импортты алмастыру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде мынадай жүйелі шаралар қабылданатын болады:

  • 23,6 млрд теңге сомасына жобаларды қаржыландыру, 
  • инфрақұрылымды дамыту, 
  • 6 млрд теңге көлемінде инвестициялық салымдарды субсидиялау, 
  • өнім сапасын бақылауды күшейту.

ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов жер қойнауын пайдалану саласында 2021 жылдың қорытындысы бойынша энергетика секторындағы жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алудың жалпы көлемі 4,69 трлн теңгені құрағанын атап өтті.

Жергілікті қамту үлесінің орташа салалық көрсеткіші 2,9 трлн теңге сомасына 61,8%-ды құрады, оның ішінде: тауарлар – 24,3% (139,7 млрд тг), жұмыстар – 76,4% (1,86 трлн тг), көрсетілетін қызметтер – 53,6% (900,4 млрд тг). 

«Жалпы, сатып алу көлемінің шамамен 75%-ы 3 ірі операторға – Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг және Норт Каспиан Оперейтингке тиесілі, 13%-ы “Самұрық-Қазына” қорының компаниялар тобына және 12%-ы қалған жер қойнауын пайдаланушыларға тиесілі. Бұл ретте, тауарлардағы жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға мүмкіндік бар», — деді ҚР энергетика министрі Б. Ақшолақов.

Жоғарыда айтылғандарды орындау үшін Министрлік осы мақсатта екі бастаманы іске асырды.

Бірінші. «Шеврон» компаниясы өзінің Республика алдындағы инвестициялау міндеттемелері шеңберінде Қазақстанның кірісті кәсіпорындарына $248,5 млн бөлуді қарастырып отыр.

Екінші. «Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы» құрылды, ол 3 ірі оператордың қажеттілігі үшін жергілікті тауарларды дамыту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. 

«Бүгінгі таңда Орталық үш тауар тобы: тиек арматурасы (клапандар), бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика және электр-техникалық жабдық бойынша өндірісті жергіліктендіру жұмыстарын бастады. Алдағы 10 жылда осы тауар топтары қажеттілігінің жалпы сомасы $400 млн құрайтын болады», — деді Болат Ақшолақов.

Орталық мамандары осы тауар топтарына мамандандырылған еліміздің 13 өңіріндегі 60 зауытты аралады.

«35 мыңнан астам тауар талданды, оның ішінде 19 тауар түрі жақын болашақта операторлар неғұрлым талап ететін тауарлар ретінде айқындалды. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін Операторлар 9 келісімшарт беруін көздейтін жол картасы бекітілді», — деді энергетика министрі.

ҚР Энергетика министрлігінде хабарланғандай, бүгінгі таңда 4 өндірушімен келісімдер жасалып, олар қазақстандық серіктестермен жобаларды іске асыруды бастады. Бұл Honeywell – температура түрлендіргіштерін және басқару жүйелерінің шкафтарын өндіру, Petrol Valves – бекіту арматурасын өндіру.

Сондай-ақ 2 жоба 2023 жылы іске асырыла бастайды. Бұл Sigma Solutions компаниясының электр тарату қораптарының жаңа өндірісі және электр жылыту жүйелерінің өндірісі. Сондай-ақ, Elektro Serve компаниясының өнімдері – сорғылар, азот генераторлары және электрлік айналмалы машиналар өндірісі.

Энергетика ведомствосының басшысы баяндама барысында хабарлағандай, аталған жобалардан күтілетін нәтиже, ҚР ЭМ болжамы бойынша – шамамен 4,9 млрд теңге инвестиция тарту және 300 жаңа жұмыс орнын құру.

Сонымен қатар отырыс барысында Б. Ақшолақов Орталық қазіргі уақытта операторлармен бірге жергіліктендіруге арналған келесі тауарлық топтарды анықтағанын айтты: технологиялық сүзгілер, сорғылар мен тығыздағыштар, құбыр өнімдері, жылу, желдету және ауаны баптау жүйесі. Министрдің айтуынша, 37 отандық тауар өндіруші қазірдің өзінде оларды жергіліктендіруге мүдделігін білдірді.

Жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қорына қатысты, бүгінгі таңда Қор «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында тіркелген. Транспаренттілікті қамтамасыз ету үшін www.cdif.kz сайты құрылды, оған әр адам қатысуға өтініш бере алады және осы өтініштің әр кезеңдегі қаралуын бақылай алады.

«Бүгінгі таңда құжаттардың толық пакетімен кәсіпкерлерден 51 өтінім келіп түсті, олардың іріктеу критерийлеріне сәйкес келмеу себебінен 16 өтінім бойынша бас тартылды. Қазірдің өзінде Қордың Бақылау кеңесіне келісуге $293 млн сомасына 6 өтініш түсті. Барлық өтінімдер мақұлданған жағдайда Қордың қаржыландыру сомасы шамамен $85 млн құрайтын болады, бұл 12 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 141 өтінім толтыру сатысында», — деді энергетика министрі.

Мұнай-газ химиясы саласына қатысты, 2021 жылы Шымкент қаласында қуаты 57 мың тонна октан көтеретін қоспалар өндіру зауыты және қуаты 54 млн текше метр техникалық газ және 34 млн текше метр құрғақ сығылған ауа шығаратын қондырғы іске қосылды. 

Осылайша, елдегі мұнай-газ химиясы: майлау материалдары, полипропилен, метил-трет-бутил эфирі, октан көтеретін қоспалар, бензол және параксилол өнімдерімен ұсынылған. 

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, қабылданған шараларға қарамастан, мұнай-газ химиясы өнімдері импортының үлесі әлі де жоғары болып отыр.

Аталған мәселені шешу мақсатында биыл қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіру зауытын іске қосу жоспарланған. Осы жылдың өзінде зауыт шамамен 110 мың тонна полипропилен шығаруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ мынадай ірі жобалар: қуаты жылына 1 млн тонна терефталь қышқылы мен полиэтилентерефталат өндірісі, қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен және қуаты жылына 186 мың тонна бутадиен өндірісі іске асырудың бастапқы кезеңінде. 

Жоғарыда аталған жобалар бойынша бүгінгі таңда Сибур және Татнефть сияқты стратегиялық серіктестер анықталды.

«Мұнай-газ химиясы өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру мен тұтынудың болжамды теңгеріміне сәйкес майлау материалдарын қоспағанда, 2030 жылға дейін ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық жабу жоспарланып отыр. Мысалы, полипропиленге деген ішкі қажеттіліктерді осы жылдың өзінде, метанолға 2023 жылдан бастап, полиэтилентерефталатқа 2024 жылдан бастап, бутадиенге 2026 жылдан бастап және полиэтиленге 2027 жылдан бастап қажеттілікті жабу мүмкіндігі қамтамасыз етілетін болады», — деп түйіндеді энергетика министрі Б. Ақшолақов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу