Қазақстанда «лайықты еңбек» тұжырымдамасына қол жеткізу бойынша 2021-2023 жылдарға арналған жаңа бас келісімнің жобасы әзірленді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында азаматтардың құқықтарын қорғау шаралары туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баяндады.

Оның айтуынша, экономикадағы және еңбек нарығындағы қазіргі жағдайды ескере отырып, адамның еңбек құқықтарын қорғау Үкіметтің ерекше бақылауына алынған.

Бүгінде, ресми статистикаға сәйкес, елімізде 324 мың жұмыс істеп тұрған кәсіпорында 6 млн 650 мыңнан астам жұмыскер еңбек етуде. Олардың жалақысы, былтырғы жылмен салыстырғанда орташа есеппен 6,5% өсіп отыр.

Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің 2019 жылдың қорытындысы бойынша еңбек нарығы тиімділігі рейтингісінде Қазақстан 30-орыннан 25-орынға көтерілген. 

Сондай-ақ, ЕХӘҚМ басшысы еңбек қатынастарына қатысты мәселелер оң шешімін тауып жатқанын атап өтті.

Бүгінгі таңда еңбекақы бойынша жалпы берешек 724 млн теңгені құрап отыр, ол жыл басынан 49%-ға немесе 696 миллион теңгеге азайды.

Өңірлер бөлінісінде ең үлкен берешек Маңғыстау (108 млн теңге), Шығыс Қазақстан (107 млн теңге) және Алматы облыстарына (83 млн теңге) тиесілі.

«Биыл еңбек инспекторлары 4,2 млрд теңге көлеміндегі анықталған жалақы қарыздарын өтей білді, қабылданған шаралардың нәтижесінде 30 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды», — деді Б. Нұрымбетов. 

Сондай-ақ ол осы жылы жұмыс берушіге берілетін мемлекеттік еңбек инспекторының ұйғарымының мәртебесі сот орындаушысының бұйрығына теңестірілгенін айтты. Бұл жалақы бойынша берешекті уақытылы өтеуді күшейту мақсатында жасалды. Министрлікте бұл шара шоттар мен мүлікке қосымша тыйым салуға, жалақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді бұзатын жұмыс берушілерге қатысты елден шығуға шектеулер енгізуге мүмкіндік береді деп санайды.

Бұған қоса, Министрлік әкімдіктермен бірге Еңбек тәуекелі картасы аясында жұмысшылардың босатылу қаупі бойынша апта сайын мониторинг жүргізуде.

Осы  жылдың   басынан  бастап  1,2  мың  кәсіпорында  15,7 мың адам жұмыс уақытының икемді режиміне ауыстырылған және 39,7 мыңнан астам жұмысшы босатылған.

Өз кезегінде, жұмыс орындарын сақтау бағытында ҚР Үкіметі тарапынан шұғыл шаралар қабылданып келді.

Б. Нұрымбетов атап өткендей, карантин кезінде табысынан айырылуына байланысты ең төменгі жалақы мөлшерінде әлеуметтік төлемдер 4 млн 600 мың адамға 475 млрд теңге көлемінде төленді. Әкімдіктер, кәсіподақтар және өңірлік кәсіпорындар арасында өзара ынтымақтастық туралы 131 мыңнан астам меморандумдар жасалып, жұмыс берушілер өз міндеттемелерін орындау аясында 2 млн 300 мың жұмыс орындарының сақталуын қамтамасыз етуде.

Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Еңбек» және басқа мемлекеттік бағдарламаларды қоса   алғанда,   барлығы   жұмыспен   қамту   шараларымен  1 млн 390 мың адам қамтылды, оның ішінде 730 мыңы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.

«Шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындардағы жағдай да бақылауда. Осы жылы ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 2019 жылмен салыстырғанда 40%-ға қысқартылды», — деді еңбек министрі.

2020 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен 14 600 шетел азаматы 1,7 мың кәсіпорында жұмыс істейді, мұндағы жергілікті қамту үлесі 96% құрайды.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары шетелдік жұмыскерлер  тартылған кәсіпорындарға 71 тексеру жүргізіп, онда 608 заң бұзушылық анықталып, жойылды.

Сонымен қатар осы жылы Еңбек кодексіне жұмыс берушілерге жұмысшыларға еңбек ақы төлеудегі талаптарымен қоса, тең өндірістік және тұрмыстық жағдайларды ешбір кемсітусіз қамтамасыз етуді  міндеттеу жөнінде толықтырулар енгізілді.

«Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу мақсатында ай сайынғы мониторингпен 230 мың жұмыскері бар 1 мыңнан астам тәуекелді кәсіпорындар қамтылып отыр. Мониторингтің нәтижелері ай сайын әлеуметтік серіктестік жөніндегі үш жақты комиссияларда тиісті шараларын қабылдаумен талданады», — деп Біржан Бидайбекұлы, биыл 5 ірі еңбек қақтығысы орын алғанын атап өтті.

Жалпы алғанда, еңбек жанжалдарының алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шаралар Үкімет бекіткен кешенді іс-қимыл жоспары аясында жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жыл сайын ұжымдық еңбек қақтығыстар саны азаюда. 

Мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласындағы қабылдаған кешенді шаралары өндірістік жарақаттанудың азаюының оң үрдісін сақтауға мүмкіндік берді. Соңғы үш жылда (2017-2019 жж.) жарақаттану саны 15%-ға төмендеді және оң динамика сақталуда.

Сонымен бірге, осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша кәсіпорындарында 1 300 адам жарақат алды, оның ішінде қаза тапқандар саны 185 адамды құрады. 

Өндірістік жарақаттардың өсуі Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында байқалды.

Мемлекеттік бақылауды күшейту аясында еңбек инспекторларының талабы бойынша 33 лауазымды тұлға жұмыстан босатылды, 11 техниканың жұмысы тоқтатылды, 812 іс құқық қорғау органдарына жіберіліп, олар бойынша 97 қылмыстық іс қозғалды.

Өндірісте жарақат алғандардың, сондай-ақ зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндердің санын қысқарту бойынша кешенді шаралар Үкімет бекіткен 2019-2023 жылдарға арналған Жол картасы аясында жүзеге асырылуда.

Кәсіпорындарындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде әлеуметтік серіктестік маңызды рөл атқарады.

Жұмыскерлерге қосымша жеңілдіктер мен тиімді еңбек жағдайларын көздейтін ұжымдық шарттар саны 145 мыңға жетті. Оның ішінде ірі және орта кәсіпорындардың қамтылу деңгейі 96%-тен асады. Оған қоса 22 салалық және 200 өңірлік келісімдер жұмыс жасауда. 

«Биыл мерзімі аяқталуына байланысты, Үкiмет, кәсіподақтар және жұмыс берушілердің республикалық қауымдастықтары арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған жаңа бас келiсiм жобасы бірлесіп әзірленді», — деді еңбек ведомствосының басшысы.

Жаңа Бас келісім жобасы «лайықты еңбек» тұжырымдамасының негізгі индикаторларына қол жеткізу үшін бірлескен міндеттемелерді белгілейді.

«Еңбек қатынастарын реттеудің тиімділігін арттыру мақсатында биыл Еңбек кодексіне және “Кәсіподақтар туралы” заңға елеулі өзгерістер енгізілді», — деді министр.

 Оның ішінде:

  • еңбек қатынастарына қатысты науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын жұмыскерлерге жеңілдетілген жұмыс уақыты режимін беру, әскери қызмет кезінде жұмыс орнын сақтау, кадрлық іс жүргізуді цифрландыру жөнінде; 
  • еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында, еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу, бас мердігерге құрылыс объектілерінде қосалқы мердігерлік ұйымдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтауды үйлестіруді жүктеу, сондай-ақ жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелдерді басқарудың жаңа құралдарын іске асыру жөнінде; 
  • әлеуметтік әріптестік саласындағы кәсіподақтардың қызметін жетілдіру, сондай-ақ жұмыс берушілерге еңбек дауларын шешу үшін тұрақты жұмыс істейтін келісім комиссиясын құруды міндеттеу жөнінде жаңа заң талаптары орын тапты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу