Қазақстанда педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа тәртібі жүзеге асырылуда

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында жаңа оқу жылына дайындық мәселелері қаралды. Осы мәселе бойынша оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады. Жаңа өңірлердің оқу жылына дайындығы туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев және Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлы баяндады.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқаны туралы хабарлады.

«Жаңа оқу жылында елімізде 3,6 млн баланы және 384 мың педагогті қамтитын 7 637 мектеп жұмыс жасайды. Келесі оқу жылы 1 қырқүйекте басталып, 36 аптаға созылып, 31 мамырда аяқталады. Яғни жаздың 1 күнінен бастап оқушылар дәстүрлі жазғы демалыстарына шығатын болады. Сәйкесінше жаз айлары толығымен балалардың демалыс уақыты бола береді», — деді министр.

Оның айтуынша, жазғы демалыстың ұзақтығы білім саласындағы көшбасшы елдермен салыстырғанда ең ұзақ болып – 92 күнді құрайды. Жалпы бір оқу жылында балаларға 4 рет демалыс қарастырылған. Оған қоса демалыс және мереке күндерін есептегенде, балалар жыл бойы барлығы 192 күн демалып, тек 173 күн метепке баратын болады. 

Оқу-ағарту министрінің мәлімдеуінше, жаңа оқу жылында мектептерге қатысты бірқатар жаңашылдықтар енгізілген.

Біріншіден. Арнайы зерттеулер мен сараптамалардың қорытындыларына сәйкес, 1-сынып оқушысына үш тілді бірден меңгеру қиын екенін анықталды. Бала алдымен өз тілінде оқып және жаза білуі тиіс. Осыған орай, қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысын тек қазақ тілінде оқыту, ал орыс тілді мекетептерде қазақ тілі мен орыс тілін оқыту туралы шешім қабылданды. 

Қазақ тілді мектептерде екінші сыныптан бастап орыс тілі енгізіледі, ал ағылшын тілі барлық мектептерде үшінші сыныптан басталады. Сонымен бірге оқушыларды ерте кәсіби бағдарлау үшін «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері 1-сыныптан бастап енгізілді. Музыка пәнінің аясында 6-сынып оқушылары өз қалауымен домбыра аспабында ойнауды үйрене алады. 

 Және де мектептерде қосымша факультатив есебінен шахматты дамытуға мүмкіндік беріледі. Менеджементті және мектептегі кадр сапасын күшейту үшін де өзгерістер еңгізілді.

«Биыл біз білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау институтын еңгіздік. Қазірдің өзінде 431-і директор ротациядан өтті. Педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа қағидалары да іске асырылып жатыр. Жұмысқа қабылдау енді конкурс бойынша педагогтің білімі, еңбек өтілі, біліктілік санаты және кәсіби жетістіктері сияқты критерийлердің негізінде жүргізіледі», — деді А. Аймағамбетов.

Бұған қоса педагогтерді Ұлттық біліктілік тестілеу арқылы жұмысқа алу тәртібі қабылданды. Яғни енді дипломның ғана негізінде емес, қосымша өз пәні бойынша тестілеуден өткендер ғана мектепке жұмысқа қабылданбақ.

Зерттеулерге сәйкес, білім сапасы мектеппен ата-ананың қарым қатынасына да байланысты. Енді ол жаңа форматта ұйымдастырылады, ата-аналардың жиналастары да заманауи және тиімді форматта өткізіледі.

Мектептердің инфрақұрылымы бойынша 

261 мектепті күрделі жөндеумен қамту қарастырылған. 1 қыркүйекке дейін 213 мектепте жөндеу жұмыстарың аяқтау жоспарланып отыр. Алайда 12 өңірде, әсіресе БҚО-да 12, Алматы облысында 5, Түркістан және Жетісу облыстарында 4, Атырауда 3 күрделі жөндеу жұмыстарын мерзімінде бітірмеу қаупі бар. 

Шамамен бұл мектептерде жөндеу жұмыстары жылдың соңына дейін созылуы мүмкін. Осыған орай, көрсетілген өңір әкімдіктері 48 мектепте оқыту процесін ұйымдастыру үшін уақытша сабақ өткізетін орындарды анықтап, балалардың жаңа оқу жылында қауіпсіз және қолайлы ортада білім алуына жағдай жасауы тиіс.

Вакцинациядан өту бойынша жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр. Мектептегі педагогтердің 73%-ы және колледждегі педагогтердің 70%-ы қайта вакцина алды. 1 қыркүйекке дейін барлық педагогтер өзінің және білім алушылардың қауіпсіздігі үшін қайта вакцина алуы керек.

Оқулық мәселесі бойынша

Бүгінгі күні өңірлерде оқулықтарды жөнелту және жеткізу жұмыстары 67%-ға орындалды. 2-сынып оқулықтардың 79%-ы жеткізілді. 

«Контингенттің ұлғаюы және миграциялық көші-қонға, кітаптардың ескіруіне байланысты 1,3-11 сыныптардың оқулықтары қосымша сатып алынады», — деді министр.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханаларына 2 млн-ға жуық данада жаңа балар үшін қызықты көркем әдебиет сатып алынады. Ведомство басшысының айтуынша, жаңа оқу жылында балаларды кітап оқуға баулу жұмыстары әрі қарай жалғасады.

Мектептердің құрылысы бойынша

Жергілікті әкімдіктер биыл 225 мектеп салуды жоспарлады. Оқу жылының басына дейін 21 мың орынға 41 мемлекеттік мектепті және 15 мың орынға 40 жеке меншік мектепті ашу бойынша жұмыстар аяқталуы тиіс.

«Әр өңірге нақты көрсеткіштер бекітілген. Бүгінде өңірлердің көбінде үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер бар. Әсіресе Алматы облысында 56 мектеп үш ауысыммен оқытады, олардың саны жылдан жылға одан сайын көбейіп келеді», — деді Асхат Аймағамбетов.

Аталған проблеманы шешу үшін әкімдіктер жаңа оқу жылына дейін мектептерді мерзімінде қолданысқа енгізу, жылдың соңына дейін қалған мектептерді де салып бітіру бойынша шара қабылдаулары қажет.

25 мыңнан астам балаға мектепке бару үшін тасымал қажет. Мектептердің автопаркінде 1 066 автобус бар. Бірақ олардың 59%-ы ескірген және техникалық талаптарға сәйкес келмейді. Осыған орай республикалық жобаның аясында биыл әкімдіктер 515 мектеп автобусын лизингпен сатып алуда. Осы жұмыстың нәтижесінде айтылған проблема айтарлықтай шешімін табады, деді министр.

«Мектепке баратын әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыдан шыққан балалардың жалпы саны 475 мыңды құрайды. Оларға заңнамаға сәйкес жалпы білім беру қорынан киім, мектеп-жазу құралдарын сатып алуға көмек көрсетіледі», — деді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Алайда Батыс Қазақстан және т.б. облыстарда балаларға материалдық көмек көрсетуге бөлінген қаражат көлемі бекітілген нормадан төмен болған. Биыл осы бағыт бойынша екі жаңа өзгерісті енгізілді.

Біріншіден. Биыл материалдық көмек ата-ананың есепшотына түседі. Енді ата-аналар мектеп формасы мен кеңсе тауарларын өздері сатып ала алады. Бұрын сатып алуды әкімдік жүргізетін. Ол өз кезегінде киімнің өлшемі мен сапасына қатысты көп наразылық болатын.

Екіншіден. Егер бұрын бір балаға бөлінетін қаржы әр өңірде әрқалай, 17 мыңнан 40 мыңға дейін болса, енді биыл оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден аз болмауы керек.

Алайда қолдағы ақпаратқа сәйкес, 6 өңір балаларға мектеп формасын және кеңсе тауарларын алуға жеткіліксіз қаражат бөліп отыр. Министр әкімдіктерден осы мәселені аптаның соңына дейін шешулерін сұрады.

Жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгертілмеді. Яғни оқушылар бұрын киген немесе алдын ала сатып алған формаларын қолдана алады. Осыған орай, әкімдіктерге қажетті қаражатты бөле отырып, мектеп формасы мен кеңсе тауарларының қолжетімді болуы үшін кешенді жұмысты жүргізілуі сұралады.

Жаңа оқу жылында 900 мыңға жуық бала тегін бірмезгіл тамақпен қамтылады. 7 өңірде 1-4 сыныптар оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Ақмола және Маңғыстау облыстарында барлық 1-сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі.

Жаңа оқу жылынан бастап Алматы қаласының 1-4 сынып оқушылары да ыстық тамақпен қамдылады. «Қазақстан халқына» қоры есебінен аз қамтылған отбасыда тұратын үлгерімі нашар 350 мың бала «Цифрлық ұстаз» жобасы арқылы қосымша білім ала бастайды. Мүмкіндігі шектеулі есту, көру, сөйлеу қабілеті бұзылған, психикалық даму күйзелісі бар балалар үшін 98 арнайы мектеп-интернатқа арнайы жабдықтар алу көзделді.

«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында түрлі ұйымдар, бизнес және белсенді азаматтар 500 мыңға жуық баланы мектепке даярлауға көмектесуде. 

Бүгінде елімізде 770 колледжде 489 мың студент білім алып жатыр. Мемлекет басшысының тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамту туралы тапсырмасын іске асыру аясында мемлекеттік тапсырыс республикалық бюджет есебінен 45 мың орынға ұлғайтылып, рекордтың 128 мың орынды құрап отыр. 

Биыл көмекті қажет ететін балаларды қабылдау үшін грант квотасы 50%-ға дейін ұлғайтылды. Кадрларды даярлауды арттыру мақсатында колледждерге академиялық дербестік берілді. Жұмыс берушілермен бірлесіп, 4 000 білім беру бағдарламасы жаңартылды. Түркістан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 2 мың орынға 6 жатақхана қолданысқа берілді. 165 мемлекеттік колледжде күрделі жөндеу жүргізілді.

«Қазір республика бойынша жыл сайынғы педагогтердің тамыз кеңесі өтуде. Оның аясында білім саласының 5 мыңнан астам сарапшыларымен және жарты миллион педагог қауымдастығының өкілдерімен білім сапасын одан әрі арттыру мәселелері кеңнен талқыланып жатыр. Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа оқу жылына даярлық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізетін болады», — деді оқу-ағарту министрі асхат Аймағамбетов. 

Әрі қарай Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшысы Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарының жаңа 2022-2023 оқу жылына дайындығы туралы баяндады.

Оның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта республикада 120 жоғары оқу орны жұмыс істейді (11 ұлттық, 29 мемлекеттік, 14 азаматтық емес, 1 дербес білім беру ұйымы, 1 халықаралық, 16 акционерлік және 48 жеке), оларда 623 839 адам оқиды (бакалавриат – 575 511 адам, магистратура – 36 483 адам, докторантура – 5 924 адам). Профессор-оқытушылар құрамының саны 36 378 адамды құраса, олардың қатарында ғылыми дәрежесі бар мамандардың үлесі – 48%.

2022-2023 оқу жылына күтілетін студенттер контингенті 609,5 мың адамды құрайды, оның ішінде 164 300 адам енді студент атанып отыр. Өткен оқу жылымен салыстырғанда, білім алушылар контингенті 5%-ға өсті. Министрдлің айтуынша, жыл сайын контингент ұлғайып келеді. 2030 жылға қарай оның 30%-ға өсуі күтілуде.

2022-2023 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс көлемі 88 214 орынды, бакалавриат бойынша 73 061, магистратура – 13 263, докторантура – 1 890 орынды құрады, оның ішінде 42 303 грант немесе 60%-ы техникалық мамандықтарға бөлінген.

«Президент Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша батыс және халық тығыз қоныстанған өңірлердің жастары үшін 10 мың грант, “Серпін” жобасына 3 653 грант, шетел азаматтарына 490 грант, оның ішінде 150 грант Орталық Азия елдерінің азаматтарына, 100 орын Ислам ынтымақтастығы ұйымдары елдерінің азаматтарына қарастырылды», — деді ғылым және жоғары білім министрі. 

Республикалық конкурстық комиссияның шешімі бойынша 56 375 грант тағайындалды. Бұдан басқа, жаңа оқу жылынан бастап бакалавриат стипендиясы 20%-ға (31 423 теңгеден 36 660 теңгеге дейін) өсті, оның ішінде педагогикалық бағыттағы студенттер үшін 50 мың теңгеден 58 800 мың теңгеге дейін ұлғайтылды, магистратура және докторантура стипендиясы 15%-ға (76 950 теңгеден 86 987 теңгеге дейін және тиісінше 172 500 теңгеден 195 000 теңгеге дейін) өсті. Бұл норма шамамен 161 мың білім алушыны қамтиды.

«Ғылым және жоғары білім министрлігі жаңа оқу жылының басталуына дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біріншіден, жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына (бұдан әрі – МЖМБС) ЖОО-лардың академиялық еркіндігін одан әрі кеңейтуді көздейтін өзгерістер енгізілді», — деді Саясат Нұрбек.

Атап айтқанда, жоғары оқу орындарына кадрларды даярлау бағыттарының ерекшеліктерін ескере отырып, жалпы білім беретін пәндер циклінің бірқатар пәндерінің мазмұнына дербес өзгерістер енгізу мүмкіндігін анықтайды. «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнінің орнына «Қазақстан тарихы» пәні енгізілді.

Базалық және бейіндеуші пәндер блоктары кредиттерінің санын қатаң регламенттеу алынып тасталды. Сондай-ақ ЖОО практик-мамандар мен топ-менеджерлерді студенттер мен магистранттардың дипломдық және зерттеу жұмыстарын басқаруға тарта алады.

Екіншіден, білім беру бағдарламаларының мазмұны өзектендірілді. Бүгінде жоғары оқу орындары еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды қалыптастыру үшін инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірледі. Олардың саны 262-ге жетті.

Түлектерді жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейту және жаңа сын-тегеуріндерге бейімдеу үшін жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары арқылы нанодеңгейі мен микробіліктілігі енгізіледі.

Үшіншіден, еңбек нарығын жоғары білім деңгейінде тәжірибелі мамандармен қамтамасыз ету және оларды мобильді даярлау үшін қолданбалы бакалавриат енгізіледі. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап пилоттық режимде 8 ЖОО базасында жаңа бағдарламалар іске қосылады.

Сондай-ақ, 4 ЖОО базасында пилоттық режимде студенттердің әлеуметтік және зерттеу белсенділігін ескеретін білім алушыларды бағалаудың жаңа моделін – интегралдық GPA енгізу жоспарланып отыр.

Төртіншіден, ЖОО-лар академиялық процеске дайындықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты аяқтады. Оларға білім беру бағдарламаларын оқу-әдістемелік қамтамасыз ету, кестені бекіту, педагогикалық жүктемені анықтау, оқытушы-профессорлық құрамның біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету және т. б. кіреді.

«Сондай-ақ 2022 жылғы 24-25 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында “Адами капитал – Жаңа Қазақстан дамуының негізгі ресурсы” ғылым және жоғары білім форумы өтетінін атап өткім келеді, онда қазіргі заманғы білім берудің негізгі үрдістері талқыланады, жаһандық трендтерге сәйкес, жоғары білім беру мен ғылым жүйесін дамыту бағыттары айқындалады. Форум аясында форсайт-сессиялар мен бірқатар семинарлар ұйымдастырылатын болады», — деді министр. 

Оның айтуынша, жаңа оқу жылының ашылуына сапалы дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында жоғары оқу орындарының ректорларымен кеңес өткізілді, оның қорытындысы бойынша бірқатар тапсырмалар берілді. Бүгінде жаңа оқу жылына қарай еліміздің 104 жоғары оқу орнында әкімшілік-оқу корпустарын, жатақханаларды, кітапханаларды, спорт залдарын, асханаларды жөндеу, сондай-ақ жылыту жүйелерін жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Әкімшілік-оқу корпустарына күрделі жөндеу 14 ЖОО-да, 10 ЖОО-ның жатақханаларында, 8 ЖОО-ның кітапханаларында, 4 ЖОО-ның асханаларында жүргізілді. Биылғы жөндеу әкімшілік-оқу корпустарына 71 ЖОО-да, 64 ЖОО-дағы жатақханаларда, 54 ЖОО-дағы кітапханаларда, 51 ЖОО-дағы асханаларда жүргізілді. ЖОО жаңа оқу жылына корпустар мен жатақханалардың толық дайындығы, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық режим талаптарын сақтау қажеттігі туралы тапсырма берілді.

«Ғылым және жоғары білім министрлігі жатақханалардағы орындарға қажеттілік туралы деректерді жаңарту бойынша жұмыс жүргізді. Бүгінде 28 ЖОО білім алушыларды 100% жатақханамен қамтамасыз ете алады. Болжам бойынша, жаңа оқу жылында жатақханаға мұқтаж студенттердің саны 89 мыңнан астам болмақ. Бұл ретте ең үлкен тапшылық Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалады», — деді С. Нұрбек. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 15 122, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 4 500, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 4 000, Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде 3 000, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да 5 000 студентке орын керек.

«Нұр-Сұлтан қаласындағы бұл жағдайға биылғы қыркүйек айында жоспарланып отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі де әсер етуі мүмкін», — дейді министр.

Оның ойынша, жатақханалардағы орындардың жетіспеушілігіне жалға берілетін тұрғын үйдің қымбаттауы да әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ С. Нұрбек теміржол көлігі мен әуе билеттерінің қымбаттап, эпидемиологиялық ахуалдың нашарлап жатқанын да атап өтті. 

Осы орайда министр кешенді мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы органдардан ЖОО білім алушылары үшін қонақ үйлер мен хостелдерде тұру бағаларын реттеуді пысықтауды сұрауды.

ҚР Индустирия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Қазақстан темір жолы» АА-мен бірлесіп, темір жол және әуе көлігімен жолаушыларды тасымалдау үшін қосымша рейстерді шығарып, билеттердің бағасын реттеу жөніндегі мәселені пысықтау туралы ұсыныс енгізілді.

Жергілікті атқарушы органдар мен ЖОО ректорлары КВИ ауруларының өршуі кезінде іс-қимыл жоспарын (алгоритмін) әзірлеуі және тиісті өңірдегі ахуал нашарлаған жағдайда жедел шаралар қабылдауы қажет.

«Қорытындылай келе, оқу жылына дайындық аясында ЖОО ректорларымен бірқатар кеңестер өткізіліп, жатақханаларда орындармен қамтамасыз ету және жалға берілетін тұрғын үй, хостел және басқа да балама шаралар бойынша шаралар қабылдауға тапсырмалар берілгенін атап өткім келеді. Министрлік бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыратын болады», — деді С. Нұрбек. 

Ішкі істер министрі тақырып бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірге, білім беру орындарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдаудап жатыр.

Атап айтқанда, ІІМ жаңа оқу жылы аясында – 22 тамыз бен 12 қыркүйек аралығында жолдарда балалардың жарақатын азайтуға бағытталған жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуді жоспарлап отыр («Назар аударыңыз, балалар!»).

«Барлық аймақта жол белгілерінің, таңбалардың болуына және бағдаршамның жарамдылығына тексеру жүргіземіз. Сондай-ақ автобустары бар мектептердің балаларды тасымалдауға лицензиясы бар ма, жоқ па – соны да тексереміз», — деді министр.

Бұдан басқа, полиция нарядтары мектептерге барынша жақын болады. Сонымен бірге Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, мектептерде арнайы сабақтар өткізілмек. Атап айтқанда, өрт, жер сілкінісі, лаңкестік әрекет болған кезде алғашқы іс-қимылдар туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Бұдан басқа, ІІМ қызметкерлері мектептерге барып, жүріп-тұру қауіпсіздігі негіздері бойынша қосымша сабақтар жүргізетін болады.

Осы жұмысты тиімді арттыру мақсатында министрлік:

  • оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жол картасын;

  • мектептерге кіргізуге тыйым салынған заттар – қарулар, пышақтар, кастеттер, жарылғыш заттардың имитаторы, аэрозоль краскалар, пиротехника және газ баллондары тізімін; 

  • сондай-ақ мектептерді лаңкестіктен қорғау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеуге белсене қатысты.

Бүгінгі таңда Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша мектептердің барлығы 100% бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Бірақ маусымда жүргізілген зерттеу нәтижесінде олардың бекітілген стандарттарға сәйкес келмейтіні анықталған:

  • атап айтқанда, ақпаратты сақтау мерзімі қысқа (30 тәулікке жетпейді);

  • үздіксіз және қосымша қуат көздерінің жоқтығы;

  • «көрінбейтін аймақтар» мәселесі мен техникалық ақаулар анықталған.

Сонымен қатар бұл жүйелерді Жедел басқару орталығына қосу жұмысы нашар жүріп жатыр. Орталыққа камералардың тек 46%-ы ғана қосылған. Ал Қарағанды, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Жамбыл, Алматы облыстарында бұл көрсеткіш 30%-ға да жетпейді.

Бұл көрсеткіш Қарағанды облысында – 20%, Батыс Қазақстанда – 21%, Ақмолада – 22%, Ақтөбеде – 24%, Павлодарда – 26%, Жамбылда – 26% және Алматыда – 27%. 

«Талаптарға сәйкес, барлық мектептерде турникеттер болу керек. Алайда Түркістан қаласындағы 34 мектептің біреуінде ғана турникет орнатылған. Орал қаласында 56 мектептің 8-де (14%), ал Алматы қаласында 207 мектептің 28-де (14%) ғана турникет бар», — деді ішкі істер министрі.

Өткен жылы ІІМ-нің бастамасы бойынша күзет ұйымдарына талаптар қатаңдады. Енді оларда радиобайланыс, кемінде екі ден қою жедел топтары және қызметтік атыс қаруы міндетті түрде болуы керек. Бірақ Қостанай, Рудный және Петропавл қалаларында бірде-бір мектеп лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілмеген. Ал Түркістан қаласында небәрі бір ғана мектеп күзетіледі.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов балалардың құқықтарын тиімді қорғау мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен Оқу-ағарту министрлігіне мынадай тапсырмалар беруді ұсынды: 

  1. мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелерімен (дабыл түймелерімен, турникеттермен, бейнебақылаумен және күзетпен) қамтамасыз ету бойынша жұмысты аяқтау;
  2. мектептердегі бейнебақылау жүйелерін ішкі істер органдарының Жедел басқару орталықтарына қосу;
  3. білім беру бағдарламасына Жол жүру ережелерін үйрету бойынша оқу курсын енгізу.

Абай облысы бойынша оқу жылының басталуына дайындық барысы туралы ҚР Үкіметінің отырысында облыс әкімі баяндама жасады. 

Облыста жаңа оқу жылында 1 700 оқушыға арналған 4 жаңа мектеп пайдалануға беріледі (барлығы – 301 мектеп, контингенті – 102 371 оқушы). Апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептер жоқ.

70 білім беру ұйымында 1,3 млрд теңге сомасына күрделі және жоспарлы жөндеулер жүргізіліп жатыр. Оны оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Білім беру нысандарының жылу беру маусымына дайындығы 97%-ды құрайды. 53 031 тонна немесе 80% көмір әкелінді (1,0 млрд теңгеге 66 534 тонна көмір сатып алынды).

Министрдің айтуынша, «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасын орындау аясында биыл 457,0 млн теңгеге 62 жаңа модификация кабинеті сатып алынды. Қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету үшін барлық оқу орындарында бейнебақылау жүйелері мен дабыл түймелері орнатылған.

«Оқу жылының басында оқулықтармен қамтамасыз ету 100%-ды құрайтын болады. Жалпыға міндетті оқу қоры бойынша әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған отбасылардан шыққан 20 811 баланы қолдауға 1,9 млрд теңге қарастырылған», — Абай облысның әкімі.

Мектебі жоқ 156 елді мекеннен 3 137 оқушы көрші ауылдарға тасымалданатын болады. Педагогтердің 85%-ы қайта екпе алды, ревакцинация жұмысы 25 тамызға дейін аяқталады.

157 балабақша мен 202 шағын орталық мектеп жасына дейінгі 25 305 баланы қабылдауға дайын. 2-6 жастағы балаларды қамту 89,5%-ды, 3-6 жастағы балаларды қамту 100%-ды құрайды.

Жалпы контингенті 20,0 мың студент 40 колледжде жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 5 колледж жаңа модификациядағы 26 кабинет сатып алды. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету – 100%. Биыл техникалық және кәсіптік білімі беру жүйесі бойынша 4 534 грант бөлінді.

«Облыста жалпы 17,9 мың студент білім аламтын 3 ЖОО жұмыс істейді. Жатақханамен қамтамасыз ету – 77% (Шәкәрім атындағы университет – 100%, Бөкейханов атындағы университет – 100%, Медициналық академия – 30%). Оқу жылына дайындық мәселесі бақылауда», — деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев. 

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ҚР Үкіметінің отырысында жаңа оқу жылына дайындық мәселесі бойынша баяндады. 

Облыс басшысының мәліметінше, жаңа оқу жылында күтілетін оқушылар контингенті – 130 мың бала, ол өткен жылмен салыстырғанда 3 мың оқушыға артық. Оның ішінде 1-сынып оқушылары – 12,3 мың. Облыс колледждеріне 4 мыңнан астам студентті қабылдау жоспарланып отыр.

9 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 1 қыркүйекке 2 мектеп, колледж, балабақшаның және жыл аяғына дейін тағы 4 мектеп пен колледждің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады.

Жетісу облысында биыл 15,9 млрд теңгеге жаңадан 17 білім беру нысанының (оның 12-сі – мектеп және бесеуі – басқа нысандар) құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 10 мектеп, лагерь және музыкалық колледж жатақханасы қолданысқа беріледі, 5 нысанның құрылысы 2023 жылы аяқталады.

«Жылдың аяғына дейін 58 мектеп жаңартылып, 90 пән кабинеттері сатып алынуда», — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендері сатып алынуда, материалдық-техникалық база жаңартылды. Білім беру мекемелеріне 6 млн литр сұйық отын (қажеттіліктің 77%-ы), 3 мың тонна қатты отын (37,2%), 1 мың тонна пеллет (25,7%) жеткізілді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлінген. 

«Жалпыға білім беру қорынан 14 мың әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға 362 млн теңге бөлінген. Облыстағы білім саласы қызметкерлерінің еңбекақысы толық көлемде және уақытылы төленеді. Мұғалімдердің апталық оқу жүктемесі өзгеруіне байланысты республикалық бюджеттен 5,4 млрд теңге қосымша қаражат сұралуда. Облыстың білім беру саласы жаңа оқу жылына толықтай әзір», — Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу