Қазақстанда қылмыстық істер бойынша жекелеген сараптама түрлерін бәсекелес ортаға беру жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды — ҚР Әділет министрлігі

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде сот-сараптама қызметі саласындағы реформалар тақырыбына арналған баспасөз конференциясы өтті, ҚР әділет министрі Марат Бекетаев баяндама жасады. 

Әділет министрлігі басшының айтуынша, тәуелсіздік алғаннан бері елімізде сот ісін жүргізуді және құқық қорғау органдары жүйесін, оның ішінде сот-сараптама жүйесін реформалау саласында түбегейлі қадамдар жасалды.

Осылайша, бірыңғай сот-сараптама қызметі қалыптастырылды, сот сарапшыларының республикалық палатасы құрылды.

«Осы саланы дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар сот-сараптама жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етті, сот-сараптама қызметтерінің тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға ықпал етті», — деді әділет министрі.

Бірінші. Бәсекеге қабілетті кадрлық әлеуетті дайындау. «Болашақ» бағдарламасы аясында Ұлыбританияда 55 сот сарапшысы тағылымдамадан өтті, 16 сот сарапшысы оқуын жалғастыруда. 200 астам сарапшы Ресей, АҚШ, БАӘ, Ұлыбритания, Польша, Түркияда біліктіліктерін арттырды. Сарапшыларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бойынша оқу орталығы құрылды. Бүгінгі таңда сарапшы кадрларды даярлаудың қазақстандық мектебінің базасында сот сарапшылар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар оқудан өтуде.

Екінші. Еңбекақы төлемін ұлғайту. Сот сараптамасы органдарының медицина қызметкерлеріне зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы түрінде жалақыны 30%-дан 45%-ға дейін ұлғайту жөнінде шаралар қабылданды.

«Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін осы санаттағы адамдардың жалақысын 2023 жылға қарай 2,5 есеге дейін арттыру мәселесі пысықталуда», — деді ол.

Әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында бонустарды төлей отырып, қызметкерлердің жұмыс қорытындыларын факторлық-балдық шкала бойынша бағалау жүйесі енгізілді.

Үшінші. Бәсекелестік ортаны дамыту. Марат Бекетаев атап өткендей, жеке сараптама қызметін және бәсекеге қабілетті сараптама ортасын қалыптастыру үшін жағдай жасау мәселесі басты назарда болуды және нақты шешімдерді талап етеді.

«Жоғарғы Сотпен бірлесіп Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының Сот сараптамасы институттарында соттардың бастапқы сот-құрылыс, тауартану және экономикалық сараптамаларды азаматтық істер бойынша жеке сот сарапшыларына тағайындауы бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды. Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігімен бірлескен бұйрық шеңберінде Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Қостанай және Павлодар облыстарында қылмыстық істер бойынша жекелеген сараптама түрлерін бәсекелес ортаға беру жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды», — М. Бекетаев.

Оның айтуынша, пилоттық жоба оң нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, сараптамалар жүргізу мерзімдері қысқартылды және мемлекеттік сарапшылардың жүктемесі азайтылды. Осы бағыттағы жұмыс сараптамалар түрлерінің санын және республика өңірлерін ұлғайту жолымен жалғастырылатын болады.

Төртінші. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету.

Сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық базасы 70%-ға жаңартылды, жаңа заманауи функционалдық зертханалық аспаптар мен жабдықтар сатып алынды, тозу нормаларына сәйкес компьютерлік және кеңсе техникасы жаңартылуда.

«Нұр-Сұлтан қаласында Сот сараптамалары институтының үлгілік ғимаратының құрылысы жүргізілуде. 2021-2025 жылдары республиканың тағы 6 өңірінде  ғимараттар салу жоспарлануда (Шымкент қаласы, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Павлодар және Шығыс-Қазақстан облыстары)», — деді министр.

Бесінші. Сот-сараптама қызметін автоматтандыру. 

«Е-Saraptama» ақпараттық жүйесі әзірленді. Оны «Төрелік», «Е-қылмыстық іс» және «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйелерімен шоғырландыру бойынша жұмыс жүргізілді. Биыл оны өнеркәсіптік пайдалануға қосу және  тарату жоспарлануда.

Алтыншы. Заңнаманы жетілдіру.

«Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің депутаты бастамашылық еткен сот-сараптама қызметі мәселелері жөніндегі заңнамаға түзетулер жобасы Мәжілістің қарауында. Заң жобасын қабылдау сот-сараптама қызметі нарығында бәсекелестікті құруға, жеке сот сарапшылары қызметінің ашықтығын, сапаны жүйелі бақылауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ сот сараптамасы органдарының қызметін оңтайландыруға мүмкіндік береді», — деді М. Бекетаев.

Сот-сараптама қызметі институтын одан әрі жетілдіру және нығайту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

Журналистердің сот-медициналық сарапшылардың арнайы біліміне қойылатын талаптар туралы сұрақтарына жауап бере отырып, Әділет министрлігінің басшысы Марат Бекетаев лицензия алу үшін сот-медициналық сарапшыға біліктілік емтиханын тапсыру, сондай-ақ өз біліктілігін үнемі арттыру қажет екенін айтты. Бұл талаптар медициналық сот сараптамасы саласында да, жалпы сот сараптамасы саласында да мемлекеттік және жеке сот сарапшыларының сот сараптамаларын сапалы жүргізуін қамтамасыз етеді.

Адвокаттық қызмет және құқықтық көмек мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына қатысты әділет министрі заң жобасы бойынша жұмыс 2019 жылдың соңында басталғанын, Парламент депутаттары оған биылғы жылдың басында бастамашы болғанын атап өтті. Осы уақыт ішінде жұмыс топтарының ондаған отырыстары өткізілді, олар ашық, нақты, онлайн форматта өтті. Заң жобасының жекелеген аспектілері БАҚ-та талқыланды.

«Бұл заң жобасының негізгі мақсаты — адвокаттар мен заң кеңесшілерінің клиенттерінің мүдделерін қорғау, яғни қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғау. Қазақстанның әрбір азаматының сапалы құқықтық көмек алуға конституциялық құқығы бар және бұл заң жобасы құқықтық көмектің сапасын қамтамасыз ететін тетіктерді ұсынады. Сөз өзін-өзі реттеуді дамыту туралы болып отыр», — деді М. Бекетаев.

Дамыған елдердің тәжірибесін терең талдау негізінде өзін-өзі реттеу пайдасына таңдау жасалды.

Адвокаттардың сапалы қызмет көрсетуіне қойылатын талаптар туралы айта келе, Марат Бекетаев мамандығына кірісер алдында адвокаттардың біліктілік емтихандарын тапсыратынын атап өтті. Қазір ол әділет департаменттері базасында ұйымдастырылған.

Әділет министрінің айтуынша, дамыған елдерде мұндай емтихандар адвокаттар алқасының базасында ұйымдастырылған — олар икемді және жедел, қоғамның қажеттіліктеріне тез үн қатады, емтихандар мен тесттердегі сұрақтарды тез өзгерте алады.

«Жалпы, мамандыққа кірісер алдындағы бақылау сапасы колледждерде жақсы ұйымдастырылған. Бұған Қазақстан талпынып, дайындалуда. Ал әзірше республикада алқалар көптеген себептерге байланысты, бірінші кезекте материалдық-техникалық базаның және осы мәселелерді әзірлейтін кадрлардың болмауына байланысты мұндай емтихандарды өткізуге дайын емес», — деп қосты ол.

Сонымен қатар, Әділет министрлігінің басшысы кәсіби адвокаттар кезең-кезеңімен біліктілікті арттыру курстарынан өтіп отыруы керек деп санайды, өйткені заңдар мен өмір сүру жағдайлары өзгеруде. Технологияның, заңнаманың дамуына орай адвокаттар өз білімдерін жетілдіріп отыруы керек. 

Орта есеппен елімізде балаларының әрекетке қабілетсіз ата-аналарына алимент төлеуіне қатысты мыңға жуық істі сот орындаушылары пысықтап жатыр. Олардың көпшілігі белгіленген мерзімде тиісті түрде төленеді.

«Балаларынан ата-аналарының пайдасына алимент өндіріп алынған 800-ден астам атқару парағы бар. Алимент мөлшерін сот “Неке және отбасы туралы” ҚР Кодексіне сәйкес анықтайды. Сот ең алдымен балалардың санын, осы балалардың отбасы жағдайларын, олардың кірістерін ескереді. Осы критерийлерді бағалағаннан кейін судья ата-аналарды жеткілікті түрде қамтамасыз ету үшін алимент мөлшерін анықтайды және алимент барлық балаларынан өндіріп алынады», — деді әділет министрі. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу