2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай саласында мұнай өндіру көлемі 85,7 млн тонна деңгейінде болады деп күтілуде — Энергетика министрлігі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның энергетика саласын дамыту мәселелері қаралды. Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндағандай, еліміздің отын-энергетика кешенінің 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 85,7 млн тонна, мұнай экспорты 67,6 млн тонна деңгейінде күтілуде.

Жоспарға сәйкес елімізде мұнай өндіру ұлғаятын болады. 2030 жылға қарай оның көлемі 104,2 млн тоннаға дейін жетеді.

Мұнай өндіру бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізу мынадай жобалар есебінен қамтамасыз етілетін болады: 

  • Теңіз кен орнындағы Келешекте кеңейту жобасының арқасында мұнай өндіру   жылына 12 млн тоннаға артады;
  • Қарашығанақ кен орнындағы өндіру деңгейін ұзарту жобасының арқасында мұнай өндіру жылына 11-12 млн тонна деңгейінде сақталатын болады;
  • Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыттарын салу. Бұл жылына 3 млрд метр куб тауарлық газ өндіруге және мұнай өндіруді 16 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 
  • Каспий теңізіндегі Хазар және Қаламқас-теңіз кен орындарын игеру жобасы бойынша жұмыстар басталды. Бұл кен орындарында 2028 жылдан бастап жылына 4 млн тонна мұнай өндіріледі деп жоспарланған.

2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өңдеу көлемі 17,1 млн тонна, мұнай өнімдерін өндіру 13,1 млн тонна деңгейінде күтілуде.

Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша мұнай өнімдерінің негізгі түрлерінен бензин өндірісі 4,7 млн тонна, дизель отыны – 4,8 млн тонна, мазут – 2,4 млн тонна, битум – 933 мың тонна және авиакеросин – 600 мың тонна деңгейінде болады деп жоспарланған. 

Биыл тамыздан қазанға дейін жанар-жағармай нарығында дизель отынының тапшылығы қалыптасты.

Ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданды:

  • автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынды;
  • Атырау мұнай өндеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмыстары 2022 жылға ауыстырылды;
  • Павлодар мұнай өндеу зауытының жөндеу жұмыстары ағымдағы жылғы қыркүйектен қараша айына кейінге қалдырылды;
  • Ресей Федерациясының мұнай өндеу зауыттарынан 281 мың тонна дизель отыны импортталды.

Жедел шаралар арқасында дизель отыны нарығында жағдай тұрақталды.

М. Мырзағалиевтің айтуынша, қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада өндірісті одан әрі арттыру үшін бірқатар іс-шаралар жоспарланған.

Шымкент зауытында 2022 жылы мұнай қайта өндіру көлемін 800 мың тоннаға ұлғайту жоспарлануда.

Павлодар мұнай өңдеу зауытында 2025 жылға дейін гидротазарту қондырғысын реконструкциялау жобасы іске асырылатын болады. Бұл өнімділікті 6 млн тоннаға дейін арттыруға және бұрын-соңды өндірілмеген қысқы дизель отынын жылына 160 мың тонна көлемінде өндіруге мүмкіндік береді.

Ақтау битум зауытында битум өндіру блогын жаңғырту өндіріс қуатын жылына 400 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жеке инвесторлар Түркістан облысында мұнай өңдеу зауыттарын салу бойынша жобаларды іске асыруда. Оларды 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Атап айтсақ: 

  • «Standart Рetroleum & Со» компаниясымен қуаты 2 млн тонна мұнай өңдеу жобасы жүргізіліп жатыр;
  •  «Стандарт Ресурсиз» компаниясы көмірден синтетикалық мұнай шығару және одан әрі мұнай өнімдерін алу арқылы қуаты 100 мың тонна болатын жобаны жүзеге асыруда.

Газ саласында осы жылдың қорытындысы бойынша шикі газ өндіру 54 млрд текше метр, тауарлық газ өндіру – 29,4 млрд текше метр, экспорт – 7,7 млрд текше метр деңгейінде күтілуде.

«2030 жылға қарай шикі газ өндіруді сексен 87,1 млрд метр куб-қа дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз объектілерінде жобаларды іске асыру, сондай-ақ жаңа перспективалы кен орындарын уақтылы пайдалануға беру арқылы мүмкін болмақ. Шикі газ өндірудің ұлғаюымен қатар тауарлық газ өндірісінің ұлғаюы да күтілуде», — деді министр.

Орталық Өріктау, Батыс Прорва, Придорожное, Анабай, Рожковское, Аңсаған, Токарев тобы – 7 жаңа кен орнын игеру, сондай-ақ Қашаған мен Жанаөзенде газ өңдеу зауыттарын салу есебінен тауарлық газ өндірісі 2030 жылға қарай 42,2 млрд метр кубқа дейін ұлғаятын болады.

Соңғы 5 жылда елді мекендерді газдандыруға бөлінген қаражат көлемі 5,4 есеге ұлғайды. Бұл елді газдандыру деңгейін 8% арттыруға мүмкіндік берді.

2021 жылы Энергетика министрлігінің бюджеттік бағдарламасы бойынша жергілікті атқарушы органдарға республикалық бюджеттен 146 жобаны іске асыруға 51,3 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді.

Бөлінген қаражатқа ағымдағы жылы 46 жобаны аяқтап, нәтижесінде 1,8 мың км газ желілерін салу жоспарлануда.  Бұл елді газдандыру деңгейін 55 пайызға  жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша 10 388 мың адам газға қол жеткізетін болады.

Бүгінгі таңда еліміздің солтүстік және шығыс өңірлері газсыз қалып отыр.

Қазіргі уақытта аталған өңірлерді газдандырудың келесі нұсқалары қарастырылуда:

- «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын жалғастыру;

- Ресей Федерациясынан магистральдық газ құбырларын салу.

Сондай-ақ тұтынушылардың табиғи газға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін жабу үшін әртүрлі кезеңдерде мынадай газ тасымалдау жүйесін салу жобалары бар:

  • «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу;
  • «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырының екінші желісін салу;
  • «Бұхара-Орал» газ құбырынан Ақтөбе қаласына дейін газ бұру құбырының үшінші желісін салу және тағы басқалары.

Газдандырудың жедел қарқыны 2025 жылға қарай еліміздің 11,05 млн тұрғынын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал 2030 жылы 13,5 млн адам немесе еліміздегі халық санының 65%-ы табиғи газға қол жеткізетін болады.

М. Мырзағалиев атап өткендей, 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі 190 мың тонна деңгейінде күтілуде. Өндіріс көлемінің төмендеуі Атырау мұнай өндеу зауытының жоспардан тыс тоқтауына байланысты болды.

Министрліктің жоспарына сәйкес мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемін 2025 жылға қарай 2 млн тоннаға дейін, ал 2030 жылға қарай 3,4 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бүгінгі күні Шымкент қаласында жылына 57 мың тонна октан көтеретін қоспа және 81 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт іске қосылды.

2022 жылы қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауытты пайдалануға беру жоспарланған.

Бұдан басқа, мұнай-газ-химия саласында полиэтилен және бутадиен өндірісі бойынша бірқатар ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. 

«Полиэтилен жобасы бойынша бүгінде стратегиялық инвестормен ынтымақтастықтың базалық шарттары бойынша келісімдерге қол қойылды. Бутадиен жобасы бойынша ағымдағы жылдың мамыр айында стратегиялық әріптес ретінде «Татнефть» компаниясымен жобаны бірлесіп іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Бұл жобаларды іске асыру Қазақстан экономикасына шамамен $8,6 млрд көлемінде инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді», — деді ведомство басшысы. 

Электр энергетикасы саласына келетін болсақ, 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру 112,3 млрд кВтсағ деңгейінде күтілуде. Тұтыну көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 6,3%-ға өсті.

Бұл ретте, қазан-қараша айларында 0,25 млрд кВтсағ көлемінде электр энергиясының тапшылығы байқалды. Бұл тапшылық Ресей Федерациясының энергия көздері есебінен өтелді.

2030 жылға қарай электр энергиясын өндіруді 141,2 млрд кВтсағ-қа дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Осылайша, экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін жабу мақсатында 11 ГВт өндіруші қуаттарды енгізу жоспарлануда. Бұған жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту және жаңа станциялар салу, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін іске қосу арқылы қол жеткізілетін болады. 

Генерация секторын дамыту шеңберінде жұмыс істеп тұрған электр станцияларын іске қосу және жаңғырту бойынша бірқатар жобаларды іске асыру жоспарлануда.

Біріншіден, Ақтөбе жылу электр орталығында кәдеге жаратушы қазандығы бар, қуаты 57 МВт газ турбиналы қондырғысын салу көзделген. Жобаның құны 21,7 млрд теңгені құрайды. 

Екіншіден, Екібастұз 1-ші станциясында құны 110,5 млрд теңге болатын №1 энергия блогын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Оның қуаты 500 МВт көлемінде болады.

Үшіншіден, Екібастұз 2-ші станциясын қуаты 636 МВт, құны 450 млрд теңге болатын №3 энергия блогын орнату арқылы кеңейту және реконструкциялау жоспарлануда.

Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай жиынтық белгіленген қуаты 1 100 МВт-тан асатын қосымша қуаттарды іске қосу қамтамасыз етілетін болады.

Бұған қоса, Екібастұз 2-ші станциясында 4 және 5 блоктарын салу мәселесі қарастырылуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Біртұтас энергия жүйесінің Оңтүстік аймағында 2026 жылға дейін жаңа генерацияны іске қосу бойынша 7 жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың жалпы қуаты 3 050 МВт-ты, құны 1,5 трлн теңгені құрайды.

2021 жылдың қорытындысы бойынша республикада жаңартылатын энергия көздерінен алынатын электр энергиясының үлесі 3,3% деңгейінде күтілуде. Ағымдағы жылы жалпы қуаты 392 МВт болатын 19 объекті іске қосылды. Қазірде жұмыс істеп тұрған жаңартылатын энергия көздері объектілерінің саны 134 бірлікті құрайды. Олардың жалпы белгіленген қуаты 2 мың МВт-тан асты.

2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15% дейін ұлғайту күтілуде. Индикаторға қол жеткізу үшін шамамен 7 ГВт жаңа қуаттарды қосымша енгізу талап етіледі. Оларға тартылатын инвестициялар көлемі 3 трлн теңгеден асатын болады. Жалпы, отын-энергетика кешені саласында жалпы сомасы 29,8 трлн теңге болатын 157 жобаны іске асыру жоспарланған. Министрлік белгіленген жоспарларды орындау үшін және алынған міндеттемелер шеңберінде мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық күш-жігерін салатын болады.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қордың электр энергетикасы саласындағы жобаларын іске асыру туралы баяндады.

Оның айтуынша, осы жылдың өткен 11 айында 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ел бойынша тұтынудың өсуі орта есеппен 6,9%-ды, оның ішінде оңтүстік аймақ бойынша 10,9%-ды құрады. 2021 жылғы қазан-қараша айларының қорытындысы бойынша электр энергиясының экспорты (Қырғызстанмен тауар алмасу) 131,5 млн кВт/сағ, ал Қазақстан БЭЖ-не (Ресей Федерациясынан) электр энергиясының импорты шамамен 250 млн кВт/сағ құрады.

«Ел экономикасының электр энергиясына деген артып келе жатқан қажеттіліктерін жабу үшін ұзақ мерзімді перспективада тұтынудың өсуін ескере отырып, генерацияны дереу және ауқымды дамыту қажет. Бұл мәселені шешу үшін Қор бекітілген жол карталарына сәйкес басым жобаларды іске асыруға кірісті», — деді ол.

Аталған жобалар арасында:

  • ЖЭО-1,2,3 газға ауыстыра отырып, Алматы энергия кешенін жаңғырту, оның ішінде ЖЭО-2 және ЖЭО-3 көмірді газға ауыстыру (белгіленген қуаты 470 МВт-қа артады);
  • Түркістан облысында ПМУ-1000 МВт құрылысы;
  • Екібастұз ГРЭС-1-дегі №1 блокты қалпына келтіру;
  • Екібастұз ГРЭС-2-де №3 блоктың құрылысы.

Аталған жобалар бойынша ішкі инвестициялардың жалпы көлемі 2 трлн теңгені құрайды. Сондай-ақ шетелдік инвесторлармен бірлесіп, бірінші кезекте ЖЭК саласындағы жобаларды іске асыру көзделген: ADQ-мен 2 ГВт СЭС, 2 ГВт ЖЭС және 1 ГВт ПМУ, TOTAL EREN компаниясымен 1 ГВт ЖЭС салу.

Генерацияны дамыту жоспарлары көміртегі ізін азайту мақсаттарын ескеруі керек. Бірінші кезекте ҚР-да базалық қуат көздерін салу мүмкіндігін қарастыру қажет.

Бірінші кезеңде базалық қуат көзі Алматы облысы Үлкен кентінің ауданында кейіннен кеңейтілумен 2х1200 МВт конфигурациясында орналастырылуы мүмкін. Келесі жылдары елдің шығысында (Курчатов қ.) 2х1200 Мвт және батысында 1200 Мвт (МАЭК алаңында) базалық қуат көздерін салу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Батыс аймақта 1200 МВт қуаттылықтың базалық көзін салу өңірдің ұзақ мерзімді перспективаға қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ А. Сәтқалиев атап өткендей, базалық қуат көздерін салу ұзақтығын ескере отырып, баламалы энергия көздерімен алмастыруды ескере отырып, орта мерзімді перспективада көмір генерациясын дамыту қажет. Мәселен, Екібастұз ГРЭС-2-де №3 блок жобасын іске асырумен бір мезгілде ГРЭС-2-нің 4 және 5 энергия блогының құрылысын қарастыруға болады. Бұл алдағы 4-5 жылда Қазақстанның энергия жүйесіне қосымша 1000 МВт астам қосуға мүмкіндік береді.

Аталған қуаттарды салуға байланысты Қазақстанның энергия жүйесі жұмысының сенімділігін күшейту үшін кемінде 5 ГВт маневрлік қуаттар салу қажет. Жалпы алғанда, 2035 жылға дейін электр энергиясы мен қуатқа деген артып келе жатқан қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін шамамен 12 ГВт генерациялайтын қуаттар, оның ішінде баламалы энергия көздері есебінен салу қажет.

Ұлттық энергетикалық желіні мынадай бағыттар бойынша дамыту қажеттілігі жеке назарды талап етеді:

- өндіруші қуаттардың көрсетілген елеулі кірістерін энергия жүйесіне интеграциялау мақсатында ҰЭЖ жаңғырту;

- жүйенің тұрақты және сенімді жұмысын қамтамасыз ету;

- қолданыстағы желілік шектеулерді алып тастау, оның ішінде ел Президентінің батыс облыстың энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-мен біріктіру жөніндегі тапсырмасын орындау, шектес мемлекеттердің желілері бойынша транзиттен энергияға тәуелділікті қамтамасыз ету мақсатында оңтүстік аймақтың электр желісін күшейту және оңтүстік аймақта маневрлік газ генерациясын дамытуға жағдай жасау;

- ҰЭЖ басқарылуын, сенімділігін және тиімділігін арттыру мақсатында SMART GRID технологиясын енгізу.

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қор тобының көміртегі ізі 57 млн тонна СО2 деңгейінде болжануда, оның 49 млн тоннасы — 1 қамтудың тікелей шығарындылары және 8 млн тоннасы — 2 қамтудың жанама шығарындылары. Энергия тапшылығын жабу үшін жаңа көмір қуаттарын енгізуді ескере отырып, 2030-2032 жылдарға қарай шығарындылардың шарықтау шегі күтіледі. Парниктік газдар шығарындыларын едәуір қысқарту отынның баламалы түрлері негізінде неғұрлым ескірген көмір генерациясын жаңа көздермен алмастыру есебінен орындалады.

Қазақстанда бос газдың үлкен кен орындары жоқ. Бүгінгі күні қолда бар газ ресурстары — бұл негізінен ірі мұнай-газ кен орындарының (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) ілеспе газы, оның басым бөлігі бүгінде қайтадан қабатқа айдалады. Кен орындарының технологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, кері айдаудың орнына газды өңдеудің барлық мүмкіндіктерін қарастыру қажет.

Мысалы, Қашаған кен орнындағы ілеспе газдың елеулі көлемі ел экономикасының қажеттіліктері үшін пайдаланылуы мүмкін, алайда мұндай шешім 2024 жылдан бастап 2030 жылға дейінгі кезеңде қуаты жылына 6-дан 12 млрд текше метрге дейін болатын жаңа ГӨЗ салуды және пайдалануға беруді талап етеді, 1, 2А және 2Б фазалары – Газды кәдеге жарату жөніндегі Қашаған жобасын кеңейту жобалары шеңберінде мұндай жобаны іске асыру $12 млрд дейін елеулі инвестициялар көлемін талап етеді, бұл қосымша инвестицияны талап етеді.

Полипропилен, полиэтилен және бутадиен өндіру жөніндегі мұнай-газ химиясы жобаларын одан әрі іске асыру үшін бұл жобаларды 2033 жылдан кейін Теңіз кен орнынан шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі мәселені пысықтау талап етіледі. Сондай-ақ батыс өңірде бар газ өңдеу қуаттарын ескере отырып, газ факторының өсуіне байланысты Қарашығанақ кен орнында газдың қосымша көлемін пайдалану мүмкіндігін қарастыру қажет.

«Газдың негізгі тұтынушылары елдің оңтүстігінде орналасқанын ескере отырып, қуаты 15 млрд текше метрге дейінгі ББШ газ құбырының екінші желісін салу қажет болады. Аталған барлық шаралар Қазақстан Республикасының газ саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасына енгізілді», — деді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшысы.

Мұнай секторында, әсіресе Павлодар және Шымкент МӨЗ үшін негізгі мұнай жеткізушілер болып табылатын Ақтөбе және Құмкөл кен орындары топтарында өндірудің айтарлықтай төмендегені байқалады. Мұнай өндірудің байқалған өсуі бірінші кезекте Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарын игерудің дамуымен байланысты.

Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, инвесторлардың қаражатын тарта отырып және қажетті фискалдық және фискалдық емес мемлекеттік қолдау шараларын ұсына отырып, жаңа мұнай және газ кен орындарын іздеуге бағытталған геологиялық барлаудың теңгерімді бағдарламасын іске асыруды бастау қажет. Бұған қоса, Батыс Қазақстаннан шығыс және оңтүстік бағыттарға мұнай жеткізу бойынша мұнай құбырларының өткізу қабілетінің шектеулеріне байланысты мұнай құбыры жүйесін кеңейту мәселесі туындайды. Бірінші кезекте, «Кеңқияқ – Құмкөл – Қарақойын» мұнай құбырларының өткізу қабілетін ескере отырып, кері режимде «Кеңқияқ – Атырау» мұнай құбырының қуатын одан әрі арттыру қажет. Бұл отандық МӨЗ-дерді мұнаймен ұзақ мерзімді және сенімді қамтамасыз ету мәселесін және тиісінше, ішкі нарыққа өз мұнай өнімдерін жеткізудің сенімділігі мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

«Жоғарыда аталған бастамаларды іске асыру энергетика салаларын, оның ішінде мұнай, газ, атом, электр және жылу энергетикасын, ЖЭК дамытудың ұзақ мерзімді кешенді бағдарламасы негізінде жүргізілуі тиіс. Кешенді салалық жоспарларды ұзақ мерзімді кешенді бағдарлама бекітілгеннен кейін әзірлеген жөн. Өйтпесе, энергетиканы одан әрі дамыту жөніндегі барлық бастамалар бытыраңқы болады және елдің қолда бар және болжамды ресурстарын ескере отырып, іске асырылмай қалуы мүмкін», — деп түйіндеді А. Сәтқалиев.

Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев облыста елді мекендерін толығымен газдандырудың 2025 жылға дейінгі жоспары әзірленіп, жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Жамбыл облысында 371 елді мекеннің 257-і немесе халық санының 88,6% табиғи газбен  қамтылған. Ағымдағы жылы 25 газдандыру нысанының құрылысына 10,8 млрд теңге қаржы қарастырылды. Соның ішінде, 17 жоба ағымдағы жылы аяқталса, 8 жоба құрылысы 2022-2023 жылдарға өтпелі.

Жыл қорытындысымен 20 елді мекендегі 16 мың адам табиғи газбен қамтылды. Сонымен қатар, 42 елді мекенді газдандыруға арналған 3 автоматтандырылған газ тарқату стансасының құрылысы іске асырылуда.

2022 жылға 18 нысанның құрылысына 8,7 млрд теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде 17 елді мекендегі 10 мың адам табиғи газбен қамтылып, облыстың газдандыру үлесі 274 елді мекен немесе халық санының 89,5%-ға жететін болады.

Облыста қуаты 387,8 МВт құрайтын 17 нысан жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы электр энергиясын өндіреді, облыстың республикадағы үлесі 20% құрайды.

Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерінің қуаттылығы жағынан республикада бірінші орында. Ағымдағы жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі, құны 49 млрд теңгені құрайтын қуаты 100 МВт Жаңатас жел электр станциясы пайдалануға берілді. 

Сонымен қатар, Тасөткел су қоймасындағы су электр станциясының 2-ші кезегі іске қосылды (9,2 МВт). Өңірдің потенциалына сәйкес ағымдағы жылы облыста бірқатар ірі жобалардың құрылысы басталды. Атап айтар болсақ, Сарысу ауданында қуаты 100 МВт болатын Сарысу жел электр станциясы, Жамбыл ауданында 50 МВт-тық күн электр станциясы салынуда.

2021 жылғы 11 айында өндірілген 2,6 млрд кВтсағ электр энергиясының 27%-ы баламалы энергия көздері арқылы өндірілген. Облыста жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша күн, жел, су электр станцияларын орнату әлеуеттерін нақтылап, 2030 жылға дейінгі болжам картасы әзірленді. Жоспарға сәйкес 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 32 нысанға жеткізіліп, қуаты 1,2 гигаватт құрайтын болады.

Өз кезегінде Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек Қарағанды облысын газдандыру аясында бүгінгі күні Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларында алғашқы іске қосу кешендерінің газ тарату желілерінің құрылысы бойынша жұмыстары аяқталғанын айтты. Барлық үш қала бойынша желілер «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамына сенімгерлік басқаруға берілді. Екінші іске қосу кешені бойынша құрылыс жұмыстары аяқталуда. Бұл 4 мыңға жуық үйді қосуға мүмкіндік береді.

Саран қаласына апаратын газ құбырының құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күнде 18 шақырым газ құбырының 15 шақырымы салынды. Жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде. Артта қалушылық жоқ.

Облысты одан әрі газдандыру шеңберінде Жаңаарқа ауданының Жаңаарқа кентінде, Осакаров ауданының Осакаровка кентінде және Шахтинск қаласын газбен жабдықтау желілерінің құрылысына шарттар жасалды.

«АрселорМиттал Теміртау», Энергетика министрлігі және «ҚазТрансГаз» арасында жылына 300 млн текше метр көлемінде табиғи газ жеткізу туралы меморандумға қол қойылды.

Жобада жеке автоматтандырылған газ тарату станциясы, жылу электр орталығында жаңа қазандық салу, ыстық прокаттау орнағында сұйытылған газды ауыстыру көзделеді. «АрселорМиттал Теміртауды» газдандыру жобасын іске асыруды аяқтау 2022 жылғы қазанға жоспарлануда. «Қазақмыс корпорациясы» металлургия зауыты үшін газ құбырына қосылу нүктесі беріліп, құрылыс жұмыстары аяқталуда. «ҚазТрансГаз Аймаққа» құжаттарды беру рәсімдері жүргізілуде. Газ беру 2022 жылдың 1 тоқсанына жоспарланып отыр. Тұтыну көлемі жылына 74,4 млн текше метр құрайды. Жаңартылатын және баламалы энергетика басым бағытта дамуда. Бүгінгі күні облыста жалпы қуаты шамамен 230 МВт жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын 8 қондырғы жұмыс істейді. 

«Биыл өндіру 317,5 млн кВт/сағ немесе облыстың электр энергиясының жалпы генерациясының 2,2%-ын құрады. 2023 жылға дейінгі кезеңде 4 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жаңартылатын энергетиканың жоспарланған жобаларына инвестициялар көлемі шамамен 115 млрд теңгені құрайды. Объектілер іске қосылғаннан кейін облыс бойынша жаңартылатын энергия көздерінің жалпы қуаты 400 МВт-тан астамды құрайды», — деді Қарағанды облысының әкімі.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу