Түркістанда күн электр станциясы салынады — Қ. Өскенбаев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында Түркістан қаласының Бас жоспарының жобасы қаралды. Жобаның негізгі бағыттары бойынша Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев баяндама жасады.

Түркістан қаласының Бас жоспарының жобасы «Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың Тұжырымдамасы туралы» ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Жарлығын іске асыру негізінде әзірленді.

Өз баяндамасында Ө. Шөкеев  қаланың бастапқы аумағы 19 627 га-дан қала шекарасына өзгерістер енгізу арқылы 22 370 га дейін ұлғаятынын айтты. 

Әкімнің айтуынша, Бас жоспар жобасында келесі жобалық кезеңдер қабылданған:

  • бастапқы жыл – 2018 жыл
  • бірінші кезең – 2025 жылға дейін
  • есептік мерзім – 2035 жыл.

Қала халқының саны 2018 жылы 165 мың адамды құраса, бүгінгі таңға 176,2 мың адамды құрайды.

Бас жоспарға сәйкес қала халқының саны 2025 жылға дейін 250 мың адамға дейін, 2035 жылға дейін 350 мың адамға дейін өсіп, 2050 жылы 500 мың адамға жететіні болжанған. 

Қаланың жобасы негізінен келесі функционалдық аумақтарға бөлінеді: 

  • әкімшілік-іскерлік орталық; 
  • рухани-мәдени орталық; 
  • қалыптасқан тұрғын аудандар;
  • жаңа құрылыс аудандары мен алаңдары;
  • өндірістік аймақтар;
  • табиғи-рекреациялық аумақтар.

  

Әкімшілік-іскерлік орталық

Бас жоспар бойынша қаланың шығыс бағытында жаңа әкімшілік-іскерлік орталық орналасады. Ол 1450 га аумақты қамтиды. Бұл аумақта тұрғындарға арнап білім беру, денсаулық сақтау, мәдени және спорт нысандары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, тұрғын үй кешендері, әкімшілік ғимараттар кешені, бизнес орталықтары, компаниялардың кеңселері, банктер және т.б. нысандарды орналастыру көзделген.

Әкімнің айтуынша, бүгінгі таңда, әкімшілік-іскерлік орталығында  жоспарланған 14 нысан толық аяқталып, қала келбетін сәулеттік дизайнмен толықтырды. 

2019 жылдың басына қаланың тұрғын үй қоры 3,8 млн ш.м. құрады, оның басым бөлігі бір қабатты үй-жай түріндегі тұрғын үйлер болды. 2025 жылы тұрғын үй қоры 6,1 млн шаршы метрге  дейін жетеді. 2035 жылы бұл көрсеткішті 9,8 млн шаршы метрге дейін жеткізу жоспарланған.

 

Рухани-мәдени орталық

Түркістан қаласының рухани-мәдени орталығының жалпы аумағы 290 га құрайды. Бұл аумақта Әзірет Сұлтан қорық мұражайы (88 га), Керуен сарай (22 га), Тұңғыш Президент саябағы (38 га) тәрізді ірі жобалардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жеке салымшылар тарапынан 3 бес жұлдызды қонақ үй салынады. 

«Бүгінгі таңда рухани-мәдени орталықтағы Бас жоспарда жобаланған 10 нысанның 6-уы толық аяқталды, қалған нысандар осы жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі», - деді Ө. Шөкеев.

Жобада қаланы жасыл желектендіру мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Қазіргі таңда қалада жалпы пайдалану аумағындағы көгалдандыру 187 га құрайды. Есептік мерзімге дейін бұл көрсеткіш 1539 га немесе бір адамға шаққанда 44 м2 жасыл желекті құрайды, бұл нормадан анағұрлым жоғары.   

Қаланың ауа райын ескере отырып, Тұжырымдамаға сәйкес, қала сыртында көгалдандырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсімдіктер дүниесімен қосылуын қамтамасыз ететін жасыл белдеуді қалыптастыру көзделген. 

Көгалдандырудың жалпы ауданын есептік мерзімге қарай 12 973 га дейін жеткізу көзделген.

Бұдан басқа, қала тұрғындарының өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсарту мақсатында қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйелері мен талапқа сай әлеуметтік нысандар бой көтеретін болады.

Жобаға сәйкес 2025 жылға дейін қалада барлығы 17,2 мың оқушыға арналған 15 мектеп және 44 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейтін болады.

Сонымен қатар 10 денсаулық сақтау объектісі, оның ішінде аусымына 900 келушіге арналған 3 емхана қарастырылған.

2035 жылға дейін барлығы 40 мың оқушыға арналған 28 мектеп және 15 мың орынға арналған 53 мектепке дейінгі мекеме, сондай-ақ аусымына 3600 келушіге арналған 9 амбулаториялық-емханалық кешен объектісі жоспарланған.

Отырыста баяндама жасаған ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Үкіметтің қарауына ұсынылған Түркістан қаласының Бас жоспарының жобасы қаланың түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамуын ескере отырып, жоспарлы құрылысын көліктік және инженерлік коммуникациялар жүйесімен, туризм инфрақұрылымымен қамтамасыз етуді көздейтінін жеткізді. 

«Жобада халық санының және туристер ағынының артатынын ескере отырып, 2035 жылға дейінгі қаланың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етудің барлық негізгі параметрлері айқындалған», — деді Қ. Өскенбаев.

Вице-министрдің айтуынша, көлік ағынын қайта бөлу және бос аумақтарды игеру мақсатында  көше-жол желісі қайта салынады. Тозған бір қабатты тұрғын үйлерді ішінара бұзып, тарихи орталықтарды бөліп, халықаралық әуежаймен, теміржол және автовокзалдармен жалғастыратын айналма жолдар салу көзделген. 

Көлік ағынын жақсарту үшін ұзындығы 1069 шақырым қолданыстағы магистралдық көшелерді кеңейту және жаңадан салу көзделген. Қала аумағы бойынша көлік жол айрықтары мен жол өткелдерінің саны 24-ке дейін ұлғайтылады. Автобус бағыттарының ұзақтығы 533 шақырымнан 850 шақырымға дейін артады. 

Халықаралық әуежайдың жолаушыларды қабылдауы сағатына 250 жолаушыға, темір жол вокзалы тәулігіне 5 мың жолаушыға, ал автовокзал тәулігіне 15 мың жолаушыға дейін қабылдай алады деп болжанып отыр. 

Бас жоспарда қаланы сумен қамту мәселесі де қарастырылған. Бүгінгі таңда қаланың су тұтынуы тәулігіне 35 мың м3 дейін жетеді. 

Қарашық, Біресек-Қантағы және Мырғалымсай кен орындарының жерасты суларының жалпы қоры тәулігіне 177 мың м3 құрайды.

«Халық санының 350 мың адамға дейін өсуін ескере отырып, Бас жоспар шеңберінде Иқансу-Қытай кен орнының жерасты сулары есебінен қорлар кеңейтіледі және ұзындығы 163 шақырым су құбыры желілері салынады. Бұл ауыз суды күнделікті тұтыну көлемін тәулігіне 197 мың м3 дейін арттырады», - деді Қ. Өскенбаев.

Су бұру мәселесі де өзекті. Бүгінгі таңда қалада қуаты тәулігіне 20 мың м3 кәріздік-тазарту құрылғысы жұмыс істейді. 

Бас жоспар аясында жобалық қуаты тәулігіне 25 мың м3 болатын қосымша 3 кәріздік-тазарту құрылғысы салынады, сондай-ақ одан әрі жаңғыртуды ескере отырып, оның қуаты тәулігіне 125 мың м3 дейін жеткізіледі. 

Қосымша ұзындығы 139 шақырым болатын кәріз желілері салынады.  

Қалада жылумен жабдықтау 2 орталықтандырылған қазандықпен және жалпы қуаты 486 Гкал/сағат болатын 100 шағын қазандықпен қамтамасыз етіледі.

Жобада 2 жаңа бу-газ қондырғысын салу және қолданыстағы қазандықтар мен жылыту пештерін табиғи газға ауыстыра отырып, жаңғырту көзделген.

Бұл жылумен жабдықтауды 1775 Г кал/сағатқа дейін арттырады.

Бүгінгі таңда қала Бейнеу-Шымкент магистралдық газ құбырынан АГТС-«Түркістан» және АГТС-«Ескі Иқан» газ тарату станциялары арқылы табиғи газбен қамтамасыз етіледі. 2050 жылға қарай бұл станциялардың өнімділігін жылына 215 млн м3 дейін арттыру жоспарланған.

Қаланы электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі бойынша да бірқатар шара іске асырылады.  

Қазіргі уақытта қаланың электр тұтыну көлемі 83 млн кВт/сағат құрайды. 

Қосымша электрмен жабдықтаудың баламалы көзі ретінде күн электр станциясының құрылысы көзделген.

Бұдан басқа, көшелерді жарықтандыру, суды жылыту үшін күн панельдері қолданылады.

«Бас жоспарды жүзеге асыру бойынша көзделген жобалық шешімдердің арқасында қажетті инженерлік инфрақұрылымды дамытып және тарихи және мәдени мұра объектілерін сақтай отырып, қаланың қазіргі заманғы сәулеттік келбеті жасалады», — деді Қ. Өскенбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу