2022 жылғы қаңтар-ақпанда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,5%-ға дейін жеделдеді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және 2022 жылғы қаңтар-ақпандағы республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындысы қаралды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.

Елдегі экономикалық жағдай туралы Ұлттық экономика министрі Ә. Қуантыров баяндады. Биыл қаңтар-ақпан айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,5%-ға дейін жеделдеді.

«Осы есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты сектор өсімнің жеделдеуі, сауда мен байланыста өсудің а.ж. қаңтардағы төмендеуден кейін қалыпқа келуі, өндіруші емес секторлардағы инвестициялардың қарқынды өсуі байқалуда», — деді ол.

Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында нақты сектордағы өсім 4,7% құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,1%-ға дейін ұлғайды. Салалар арасында көлік және қоймалау, құрылыс, тау-кен өндіру өнеркәсібі, сауда, сумен жабдықтау, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы оң өсім көрсетуде.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,6% құрады. Тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 5,7% құрады. Инвестициялар құрылыс саласында 2,2 есеге, білім беруде 2,2 есеге, мемлекеттік басқару; әлеуметтік қамсыздандыруда 63%, ғылыми және техникалық қызметте – 34%, саудада – 32%, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында – 19%, өнер, ойын-сауық және демалыста – 18,7%, көлік және қоймалауда – 17,2% өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Қызылорда және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалуда.

Осы жылдың қаңтарында сыртқы сауда тауар айналымы 63% өсіп, $8,8 млрд құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 86% өсіп, $6,1 млрд дейін жетті. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 56% артып, $1,7 млрд дейін жетті. Тауарлар импорты $2,8 млрд құрады. Жалпы, оң сауда балансы $3,3 млрд құрады.

Өңдеу өнеркәсібінде серпінді өсу үрдісі байқалуда. Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында өндіріс көлемі 3,9%-ға өсті. 15 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Атырау және Солтүстік-Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалуда.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 9,2%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 10,2%-ға, вагондар мен локомотивтер өндірісінің – 24%-ға, құрылыс материалдары – 2,1%-ға, дайын металл бұйымдары – 4,4%-ға, пластмасса бұйымдары – 8,7%-ға, фармацевтикалық өнімдері – 17,0%-ға, сусындар – 16,5%-ға, киім өндірісінің  12,8%-ға өсуі қамтамасыз етілді. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,4%-ға ұлғайды.

Салалар бөлінісінде өсім шикі мұнай өндіруде 9,2%, газ өндіруде – 8,9%, өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде – 7,2%, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде – 6,2%, металл кендерін өндіруде – 1,2% құрады. Ал, көмір өндіруде теріс серпін байқалуда.

«Қаралып отырған кезеңде құрылыс секторы жоғары өсу қарқынын көрсетіп, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 7,6%-ға өсті. Көрсеткіштің оң өсімі 14 өңір бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Қостанай және Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалуда», — деді Әлібек Қуантыров.

Биыл қаңтар-ақпанда тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өсу динамикасының қаңтармен салыстырғанда 1,7 пайыздық тармаққа жақсаруы байқалуда, бұл ретте өсім әлі де теріс болып отыр. Жалпы 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 7,3%-ға төмен. Оң динамика 13 өңір бойынша тіркелді, олардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында байқалуда.

Есепті кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 1,6%-ға ұлғайды. Ең төмен көрсеткіштер Қостанай және Жамбыл облыстарында байқалуда. Саладағы өндірістің оң өсуі 15 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары көрсетті.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай. Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 3 өңірде – Ақмола және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қалаласында белгіленіп отыр. 6 көрсеткіш бойынша өсу 9 өңірде байқалуда. Олар Алматы қаласы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Қостанай, Атырау, Қарағанды және Түркістан облыстары.

5 көрсеткіш бойынша оң өсім 3 өңірде – Қызылорда және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалуда.

4 көрсеткіш бойынша оң өсім Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында байқалуда.

Орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылып отыр.

  • Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және құрылыста жоспарланған өсу қарқынын қамтамасыз ету.
  • Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешені іс-шараларының тиімді іске асырылуын бақылау.
  • Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін кешенді қолдау, халықты қайта вакцинациялау.
  • Мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде құрылатын жұмыс орындары бойынша күшейтілген мониторинг жүргізу және тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайту.
  • Экспорттаушылардың сұраныстарына жедел ден қою, шикізаттық емес экспортты жан-жақты қолдау.

«Жоғарыда аталған шараларды толықтай іске асыру еліміздің экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді», — деді ұлттық экономика министрі.

Әлемдегі геосаяси ахуалдың нашарлауынан туындаған жоғары белгісіздік жағдайында Қазақстанның қаржы нарықтарындағы құбылмалылық арта түсті. Сыртқы шоктардың теріс салдарын барынша азайту мақсатында Ұлттық Банк келесі шараларды іске асыруда. Бұл туралы отырыста Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндады.   

Бірінші. Валюта нарығын тұрақтандыру.

Геосаяси жағдайдың нашарлауына байланысты қаржы және тауар нарықтарында бұрын-соңды болмаған шоктардың әсерімен дамушы елдердің валюталарымен бірге теңгенің айырбастау бағамы ағымдағы жылғы ақпанда жоғары құбылмалы болды.

«Бағамның негізсіз күрт ауытқулары кезінде қаржылық тұрақтылық бойынша тәуекелдерді шектеу мақсатында Ұлттық Банк жекелеген күндері валюталық интервенция жүргізді, оның көлемі ақпанда $273,7 млн болды. Бұл операциялар туралы ақпарат жедел жария етілді», — деді Ғ. Пірматов.  

Ұлттық қор қаражатын бюджетке трансферттер бөлу үшін конвертациялау операциялары, квазимемлекеттік сектор валютасын сату, экспорттаушылардың бюджетке салықтық төлемдері ұлттық валютаға қолдау көрсетті. Факторлар балансының негативті жаққа ауысуы, нарықтардағы тәуекел-сентимент теңгенің долларға шаққандағы бағамының ақпанда 495 теңгеге дейін 14,2%-ға әлсіреуіне себеп болды. Наурызда қосымша санкцияларға, соның ішінде Ресейден мұнай өнімдерін импорттауға АҚШ-тың тыйым салуына байланысты Ресей рублінің әлсіреуі теңгеге қысымды күшейтті. Наурыздың басынан бастап $542 млн интервенция жүргізілді. Биылғы жылғы 14 наурызда теңге бағамы бір доллар үшін 511,74 теңгені құрады.

Қолма-қол шетел валюталары нарығында барынша нарықтық бағам белгілеуді қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк айырбастау пункттері арқылы теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін кеңейту бойынша түзетулер әзірледі. Қаржылық тұрақтылық тәуекелдерінің алдын алу және алыпсатарлық сұраныстың қысымын төмендету мақсатында ҚР Президентінің Жарлығымен елден $10 000 жоғары қолма-қол шетел валютасын және шетел валютасындағы ақша құралдарын, салмағы 100 грамнан асатын тазартылған алтынды, алтын құймаларды әкетуге шектеу енгізілді. Бұл қолма-қол шетел валютасының шамадан тыс әкетілуін бақылауды және Ұлттық Банк резервтерінің сақталуын қамтамасыз етеді.

Екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық Банк Қазақстанға қолма-қол шетел валютасын жеткізу жөніндегі шаралардың бүкіл тізбесін қабылдауда. Бұл ретте екінші деңгейдегі банктер шоттардағы, депозиттердегі және бағалы қағаздардағы қалдықтар түріндегі өтімді валюталық активтердің жеткілікті көлеміне ие. Ұлттық Банк шоктарды ретке келтіріп, дисбаланстардың жинақталуын болдырмайтын және резервтерді орынды пайдалануға мүмкіндік беретін икемді бағам белгілеу саясатын ұстануды жалғастырады.

Екінші. Инфляциялық тәуекелдерді төмендету.

Геосаяси тәуекелдердің іске асырылуы, жаһандық тауар жеткізу жолдары проблемаларының шиеленісуі, азық-түлік пен энергия ресурстары бағасының өсуіне байланысты әлемдегі сыртқы инфляциялық қысымның күшеюі, бағамның әлсіреуі инфляцияның барынша жоғары динамикасының басты себебіне айналады. Ұлттық Банк ел экономикасына сыртқы шок салдарының таралуын алдын алу, теңгеге қысымды төмендету және теңгедегі активтерді қорғау шараларын қабылдауда. Осы мақсаттар үшін биылғы жылғы 24 ақпанда Ұлттық Банк базалық ставканы 13,5%-ға дейін көтерді. 

Геосаяси ахуал нашарлап, сыртқы тәуекелдердің жүзеге асуы жағдайында инфляция болжамы жоғарылау жағына қарай қайта қаралуда. Инфляцияның 2022-2023 жылдардағы нысаналы дәлізден жоғары болып қалыптасу тәуекелі артты. Осы жылғы ақпан айында жылдық инфляция барлық компоненттерінің қымбаттауы аясында 8,5%-дан 8,7%-ға дейін жеделдеді. Инфляцияға азық-түлік тауарлары үлкен үлес қосады, оларға бағаның өсуі 10%-ға дейін нан-тоқаш өнімдерінің, жармалардың, сүт өнімдер мен көкөністердің қымбаттауына байланысты жеделдеді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 8,5%-дан 8,6%-ға дейін өсті. Ақылы қызметтер 6,8%-дан 7,1%-ға дейін жеделдеді, бұл бірқатар нарықтық қызметтер бағасының өсуіне байланысты. Энергия, металл және ауылшаруашылық өнімдері бағасының өсуіне байланысты жаһандық инфляция бұған дейін болжанған уақыттан да ұзақ мерзім болады және ішкі бағаларға қысым жасайды.

«Үкімет пен әкімдіктердің 2022-2024 жылдарға арналған Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін тиімді іске асыруы, реттелетін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтеріне, жанар-жағармай бағасының өсуіне енгізілген мораторий және тұтынушылық сұраныстың шектеулі динамикасы инфляцияға тежеуші ықпал ететін болады. Мораторийді алып тастағаннан кейін жанар-жағармай бағасының өсуіне жол бермеу керек. Ол үшін шамадан тыс делдалдықты жоя отырып, нарықтық баға белгілеуге және нарықтарды теңгерімді дамытуға жағдай жасау қажет», — деді Ұлттық Банк басшысы.

Сондай-ақ оның айтуынша, азық-түлік пен тыңайтқыштарға әлемдік бағаның өсуі тарапынан инфляция үшін тәуекелдерді барынша азайтқан жөн. Ол үшін сауда шараларын қабылдау, логистикадан туындайтын проблемаларды жедел шешу, тиімді тауар интервенциялары, құбылмалылықты ретке келтірудің нарықтық тетіктерін енгізу ұсынылады. Осы тұрғыда бүгінгі отырыстың күн тәртібінде тұрған Орта мерзімді кезеңде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын тиімді іске асырған жөн. Азық-түлік инфляциясын тұрақтандыру инфляцияны төмендетуде маңызды болып табылады. Ұлттық Банк әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша ғана емес, инфляцияға елеулі үлес қосатын басқа да тамақ өнімдері бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс деп есептейді.       

Бағаны тұрақтандыру үшін Ұлттық Банк өз тарапынан базалық ставка бойынша алдағы шешімдерді болжамды және нақты инфляцияны, инфляциялық күтулерді және геосаяси жағдайдың дамуы мен оған қаржы нарықтарының ықпалын ескере отырып қабылдайтын болады.

Үшінші. Елдің халықаралық резервтерінің өсімі мен зейнетақы активтерінің кірістілігін арттыру.

Ақпанда жалпы халықаралық резервтер $87,5 млрд дейін $161 млн өсті, оның ішінде алтынвалюта резервтері – алтын бағасының өсуіне байланысты $33,5 млрд дейін $132 млн өсті. Ұлттық қордың активтері ақпанда $53,9 млрд болды. Ақпан айында бюджетке трансферттер бөлуді қамтамасыз ету үшін $510 млн сатылды. Ұлттық қорға жалпы түсімдер осы жылдың басынан бастап 925 млрд теңге болды, бұл өткен жылдың ұқсас көрсеткішінен 4,5 есе жоғары. 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бастап 533,5 млрд теңгеге немесе 4,1%-ға ұлғайып, 13,6 трлн теңгені құрады. Осы жылдың басынан бастап есептелген инвестициялық кірістің мөлшері шамамен 534,2 млрд теңгені құрады. Осы жылдың 2 айының қорытындысы бойынша инфляция 1,5% болса, кірістілік 4,0%, ал нақты кірістілік 2,5% болды.   

Төртінші. Төлем жүйелерін дамыту.

Биылғы жылдың қаңтар айында Ұлттық Банк төлем жүйелері арқылы 52,5 трлн теңге сомасына 4,2 млн транзакция жүргізілді. Орташа алғанда, бір күнде төлем жүйелері арқылы 2,9 трлн теңге сомасына 232,5 мың транзакция жүргізілді. 2022 жылғы қаңтарда қолма-қол ақшасыз операциялардың саны мен көлемі 5,4 трлн теңге сомасына 438,5 млн транзакцияны құрады. Қазақстандық банктердің ел ішінде клиенттік және меншікті төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу бойынша барлық операциялары штаттық режимде жүзеге асырылуда.

«Ұлттық Банк нақты уақыт режимінде жағдайдың дамуын және олардың нарықтарға ықпалын қадағалап отырады. Қазақстанның қаржы жүйесіне Ресейге қарсы санкциялардың әсер ету дәрежесін бағалап, қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауды жалғастырады», — деді Ғ. Пірматов.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндады. Ағымдағы жылғы 2 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты.

Мемлекеттік бюджетке 2 трлн 724 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 106,9% орындалды. Республикалық бюджетке 2 трлн теңгеге жуық кірістер түсті немесе жоспар 100,9% орындалды. Кірістер бойынша жоспар 18 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар - 9 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа, корпоративтік табыс салығына және шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға тиесілі болды.

Пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша жоспардың асыра орындалуына 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ағымдағы жылғы 2 айда негізгі экспорттық позицияларға бағаның орташа 18,8% ұлғаюы әсер етті. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушыларын салықтық әкімшілендіру нәтижелері бойынша шамамен 16,5 млрд теңге түсті.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың артығымен орындалу факторлары келесідей:

  • 2021 жылғы қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда ағымдағы жылдың екі айында 661 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 83,5%-ға немесе 141 млрд теңгеге ұлғаюы;
  • ірі тау-металлургия компанияларына қатысты салықтық әкімшілендіру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар.

«Жалпы алғанда, жер қойнауын пайдаланушыларын әкімшілендіруден бюджетке қосымша 232 млрд теңге түсті, оның ішінде тексеру актілерінің нәтижелері бойынша қоса есептелген сомаларды өндіріп алу есебінен 24 млрд теңге өндірілді. Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспардың асыра орындалуы негізінен ағымдағы жылдың ақпан айында шикі мұнайға мөлшерлеменің 14,2% ұлғаюына, сондай-ақ АҚШ долларына шаққанда теңге бағамының 3,5% төмендеуіне байланысты болды», — деді министр.

Қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептері:

  • төтенше жағдай кезеңінде бірқатар уақытша шектеулердің енгізілуіне байланысты «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша өткізу айналымының 2,3% немесе 319 млрд теңгеге азаюы;
  • төтенше жағдай кезеңінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Қазақстанға импорттық жеткізу көлемінің төмендеуі болып табылады. Нәтижесінде 4,5 мың төлеуші бойынша түсімдер 20 млрд теңгеге төмендеді, оның ішінде 3,1 мың төлеуші бойынша 15 млрд теңге сомасына түсімдердің анағұрлым төмендеуі көтерме-бөлшек саудада байқалады.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 127,7% атқарылды және 727 млрд теңгені құрады. Жоспар 158 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 142 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар Шымкент қаласын қоспағанда, барлық дерлік өңірлерде асыра орындалды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 96,9%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 97,7%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 96%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 2 трлн 683 млрд теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 64 млрд теңгені құрады, оның ішінде 9 млрд теңге - үнемдеу. Игерілмегені - 55 млрд теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары білім және ғылым, денсаулық сақтау, ішкi iстер, қаржы және ауыл шаруашылығы министрліктерінде қалыптасты.

Игерілмеудің негізгі себептері: шарттарды, қосымша келісімдерді ұзақ рәсімдеу, бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді дер кезінде қабылдамау, шот-фактуралар, атқарылған жұмыс актілерінің уақытылы өткізілмеуі, есепті айда қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 1 трлн 138 млрд теңгені құрады. Атқарылмағаны - 47 млрд теңге. Ағымдағы жылы өңірлерге 2,6 трлн теңге сомасына жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 наурызға дейін 310 млрд теңге бөлінген. Оның 96,8%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 10 млрд теңге, оның ішінде 4 млрд теңге – үнемдеу, 6 млрд теңге игерілмеді. Ең көп игерілмеу мынадай өңірлерде: Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Түркістан, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында қалыптасты.

Ағымдағы жылдың 2 айында 2,4 трлн теңгеден астам сомаға шамамен 149 мың мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 7 437 рәсім бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 90%-дане астамы орындалды. 328 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 1 трлн 226 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. Сомасы 4 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен 2 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметінің тиімділігін жетілдіру және арттыру үшін 226 ұсыным берілді.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 721 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде жалпы саны 670 объектіден сомасы 60 млрд теңгеге 224 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 67 объект сатылуға қойылды. 48 объекті қайта ұйымдастырылды және таратылды. 331 объектіні сату қажет. 

Есепті кезеңдегі мемлекеттік қаржының атқарылу нәтижелері осындай.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу