Е. Тоғжанов «Аманат» тәуелсіз комиссиясының өкілдерімен кездесті

Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қаңтар оқиғалары кезіндегі фактілерді тергеумен айналысатын «Аманат» тәуелсіз комиссиясының өкілдерімен кездесті.

Кездесу кезінде құқық қорғаушылар комиссия қызметінің бағыттары туралы әңгіме қозғады.

«Аманат» комиссиясының өкілдері қаңтарда болған оқиғаларды тергеудің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастыру бойынша бірқатар ұсыныс білдірді.

Вице-премьер мемлекеттік органдарға қоғамдық комиссияның әрбір ұсынысын мұқият пысықтап, мәселелерді заңнамада белгіленген тәртіппен шешуді, сондай-ақ комиссия қызметіне қажетті көмекті көрсетуді тапсырды.

Анықтама: «Аманат» қоғамдық комиссиясы 2022 жылы қаңтарда болған оқиғаларға байланысты негізсіз қудаланған азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін құрылды. Негізгі мақсаты: бейбіт наразылықтарға қатысқаны үшін тергеуде болған, бірақ қылмыстық ниеті болмаған, сондай-ақ қылмыстарға қатысы жоқ адамдарды қылмыстық қудалаудан босату. Комиссия құрамы сегіз адамнан тұрады, оның ішінде төрт кәсіби заңгер, бір Мәжіліс депутаты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бір мүшесі бар және Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен бір өкілден қосылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу