ҚР және РФ вице-премьерлері өнеркәсіптік кооперация саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін қарастырды

Мәскеуде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Юрий Борисовпен келіссөз жүргізді.

Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминнің 22 наурызда өткен Ресей Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен кездесуінің қорытындысы бойынша уағдаластықтарды дамыту аясында вице-премьерлер Қазақстан-Ресей өнеркәсіптік кооперациясы саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы шеңберіндегі екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін қарастырды.

Тараптар бұрын келісілген бірлескен жобаларды іске асыруды жеделдету жөніндегі ағымдағы жағдай мен бұдан кейінгі қадамдарды талқылады. Сондай-ақ, Қазақстандағы өнеркәсіптік кооперацияның жаңа перспективалық жобаларын зерделеу арқылы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды.

Бұдан арғы бірлескен жұмыс перспективалары туралы айта отырып, өзара тиімді экономикалық ынтымақтастық қағидаттарына, өнеркәсіп, сауда-экономикалық, инвестициялық салаларда неғұрлым тығыз өзара іс-қимыл жасау үшін қосымша мүмкіндіктер тудыру бойынша бірлескен шараларды іске асыруға өзара бейілділік білдірілді.

Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық диалогтың тиімділігі мен қажеттілігін атап өтіп, өзара байланыстардың жоғары қарқынын сақтауға келісті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу