Көкшетауда Б. Сағынтаев Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының іске асырылу барысын талқылады

04 тамыз 2017, 18:00
Ақмола облысы
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы мен «Серпін» әлеуметтік жобасын іске асыру барысы жөнінде кеңес өткізді.

Шараға жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың қазіргі қатысушылары, сондай-ақ бизнес өкілдері қатысты.

Кездесу аясында Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы мен «Серпін» әлеуметтік жобасын іске асыру мәселелері, бизнес ортаны дамыту, шағын несиелендіру, кәсіби және техникалық білім беру, сонымен қатар жұмыссыздарды оқыту мәселелері қозғалды.

Аталған тақырыптар бойынша ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев баяндамаларымен таныстырды. 

Өз кезегінде көтерілген мәселелер бойынша жеке сектордың позициясын «Новопэк» ЖШС басқарушы директоры Айдар Жақыпов, «Бастау-Бизнес» жобасының қатысушысы Ольга Проскурина, Қатаркөл ауылының ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Сергей Савельев, Щучинск қ. Экология және ауыл шаруашылығы колледжінің студенті Жарқынбек Амангелдиев, сондай-ақ «Серпін» жобасының түлектері Қасымжан Тұрғанбек пен бейнеконференцбайланыс режимінде Мақсұт Сейіткамал ұсынды.

Қозғалған тақырыптар бойынша Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова және Қостанай облысы әкімінің орынбасары Роза Кемалова түсініктеме беріп өтті. 

Өз сөзінде Бақытжан Сағынтаев қазіргі таңда Үкімет жұмыс орындарын ашудың үлкен әлеуетіне ие жаңа индустрияларды, сервистік экономиканы және туризм саласын дамытудан тұратын экономикалық өсімнің жаңа моделін құру бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті. Әкімдіктерге осы қызмет жолында көптеген жұмыстар атқарып, тұрақты жұмыс орындарын ашуға барынша көңіл бөлу керектігі айтылды.

Іске асыру жұмыстары биыл басталған, Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының осы бағыттағы орны ерекше. Ол жұмысқа орналасуға көмек көрсету тетіктерінен, жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге қолдау көрсету құралдарынан, сондай-ақ қысқамерзімді кәсіби оқыту курстарынан тұрады.

Қатысушылар шара барысында пікір алмасып, қолданыстағы Жұмыспен қамту бағдарламасын жетілдіру туралы ұсыныстарын айтты. Кеңес қорытындысын шығара отырып, ҚР Премьер-Министрі бағдарлама тиімділігін арттыру мақсатында тиісті шешімдерді қабылдау үшін мемлекеттік органдарға 10 күн ішінде аталған ұсыныстарды жинақтап, оларды ҚР Үкіметіне ұсынуды тапсырды.