Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев ОҚО-да «Оңтүстік» индустриалды аймағы кәсіпорындарының жұмысымен танысты

29 қыркүйек 2017, 16:00
Оңтүстік Қазақстан облысы
Фото: PrimeMinister.kz

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Оңтүстік» индустриалды аймағының бірқатар нысандарында болып қайтты, олардың ішінде шыны ыдыс шығаратын «ЕуроКристалл» ЖШС зауыты және керамикалық гранит өндіретін «Зерде Керамика» ЖШС зауыты бар. Сондай-ақ, ол өндіріске жаңғырту жұмыстарын жүргізу келешегімен танысты.

Бақытжан Сағынтаев бірінші кезекте «ЕуроКристалл» өндірістік ғимаратында болды, онда шыны ыдыс шығарудың технологиялық процесімен және дайын өнім түрлерімен танысты. «ЕуроКристалл» ЖШС — өңірдегі шыны құтылар мен бөтелкелер шығаратын алғашқы зауыт. Кәсіпорын жұмысының арқасында аталған өнімдердің импорты едәуір алмастырылады, себебі зауыт жылына 60 млн дана өнімін тек ішкі нарыққа ғана жеткізеді.  

Бұдан кейін, ҚР Премьер-Министрі керамикалық гранит шығаратын «Зерде Керамика» ЖШС кәсіпорнында болды. Айта кеткен жөн, бұл Қазақстандағы керамикалық гранит өндіретін жалғыз зауыт. Ол ел қажеттілігінің жалпы көлемінің 40%-ын толықтырады. Одан өзге, зауыт өнімдерінің бір бөлігін шекаралас елдерге экспорттайды.

Айта кеткен жөн, 2010 жылдан бастап қызмет көрсететін «Оңтүстік» индустриалды аймағында жалпы сомасы 55,8 млрд теңгеге, 5 000 жұмыс орны ашылатын 85 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда 21,4 млрд теңге сомасында, 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылған 46 жоба жүзеге асырылған.

Сондай-ақ, қазіргі таңда облыстың аудандары мен қалаларында өзге де индустриалды аймақтарды құру жұмыстары жалғастырылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін 9 аймақ пайдалануға берілген, олардың жалпы ауданы 699 га-ды құрайды. Жалпы, облыстың барлық индустриалды аймақтарында сомасы 167 млрд теңге болатын, 10 мың жұмыс орны ашылатын 173 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Индустриалды аймақтың инвесторларға дайын инфрақұрылым, нарық құнынан төменгі бағада жерді сатып алу немесе жалға алу мүмкіндігін, ыңғайлы логистикалық жүйе, табиғи монополиялар қызметтеріне төмендетілген тарифтер мен жобаларды сүйемелдеуді ұсынатынын айта кету керек.

Индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардың қызмет етуі елімізде шикізаттық өндірістен сапалы, қайта өңделген өнімдерді шығаруға көшуге және шикізаттық емес экспортты ұлғайтуға  қолайлы жағдайлар жасайды.