Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаев Маңғыстау жұртшылығымен облысты дамытудың өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерін талқылады

26 қазан 2017, 13:40
Маңғыстау облысы
Фото: primeminister.kz

Бүгін Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңір жұртшылығымен орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар басшыларының қатысуымен әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелері бойынша кездесу өткізді.

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту шаралары туралы баяндамасымен таныстырды.

2017 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 4,1%-ға ұлғайтылып, 119 млрд теңгені құраған. Областағы жүк тасымалдарының көлемі қаңтар–қыркүйек аралығында 169,7 млн тоннаны құраған, бұл 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,5%-ға жоғары көрсеткіш. Биыл Маңғыстау облысының кәсіпкерлеріне қолдау көрсету картасы аясында 450 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашумен, жалпы сомасы 71,5 млрд-тан астам теңгеге жеті жобаны жүзеге асыру көзделген. Осы жылдың басынан бері жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге екі жоба қолға алынды.  

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында көліктік-инфрақұрылымдық дамыту саласында Құрық портындағы паром кешенінің құрылысы жалғастырылуда. «Шетпе — Жетібай — Ақтау», «Бейнеу — Ақжігіт — Өзбекстан Республикасының шекарасы», «Жетібай — Жаңаөзен», «Ақтау — Кұйылыс», «Форт-Шевченко — Ақтау жолының 43-шақырымы – Қаламқас» және «Форт-Шевченко — Таушық-Шетпе» автокөлік жолдарын реконструкциялау мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өз кезегінде жұртшылық тарапынан «Каспий» тұщыландыру зауытының директоры Владимир Мурашко тұщыландырылған су көлемін арттыру туралы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов өңірдегі экологиялық ахуал туралы, қоғам қайраткері Доржок Сейбағытов ірі көлік магистральдарын реконструкциялау барысы туралы, Ақтау Мұнайлы ауданының қоғамдық кеңесінің төрағасы Табылды Әміров ауылдық дәрігерлер амбулаторияларын дамыту туралы сөз қозғады.

Бұдан өзге, Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы Айкүміс Досанова үш ауысымда оқытатын мектептер тақырыбын көтерді, облыстық мәслихат депутаты Дмитрий Клинчев Ақтауды дамытудың бас жоспары туралы, «Бузачи Оперейтинг ЛТД» КБ бас директоры Цзинчэн Лю және «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Бекзат Абайылданов мұнай өндіру кәсіпорындары мен мұнай сервистік компаниялардың қызметіне қатысты өзекті мәселелер бойынша сөз сөйледі.

Аталған мәселелерді шешу жұмыстарының жоспары туралы баяндай отырып, ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев, денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой, білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов және ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин қозғалған тақырыптар бойынша түсініктеме беріп өтті.

Премьер-Министр кеңесті қорытындылай келе, облыстың жақсы даму қарқынын көрсететінін, соның арқасында негізгі капиталға инвестициялар мен құрылыс жұмыстарының көлемі секілді даму көрсеткіштері бойынша оң қарқынға ие болғанын атап өтті.

Сонымен қатар облыс басшылығының басты міндеті, әсіресе жастар арасында, жұмыс орындарын ашу және сақтау екені тілге тиек етілді. 

Мемлекет бұл бағытта Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының құралдарынан өзге, өндірістік тәжірибе, тәлімгерлік институты, мамандарды грантпен мақсатты даярлау және қайта даярлау, сондай-ақ, «Жаңа серпін» өңірлік бағдарламасын іске асыру секілді қосымша шараларды жүзеге асырып жатыр.

Сонымен қатар өңірде халық санының өсуінде жоғарғы қарқын белгіленген, соған орай жергілікті билік тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысына қатысты мәселелерді белсенді түрде шешуі тиіс. Бүгінде өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқыны айтарлықтай жоғары, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы белсенді түрде іске асырылуда — жыл басынан бері 665 мың м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, өсім қарқыны шамамен 36%, алайда бұл мәселені ұдайы бақылауда ұстау керек.

Әлеуметтік инфрақұрылым жайлы айтар болсақ, биыл өңірде жаңа тоғыз мектептің құрылысы бастау алды, олар үш ауысымда оқыту мәселесін шешуі тиіс. Олардың басым бөлігі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырылуда.

Ауыз су тапшылығы мәселесін шешу аясында жалғыз «Каспий» тұщыландыру зауытында жаңғыртудың бірінші кезеңі жүргізілді, соның нәтижесінде зауыттың қуаттылығы тәулігіне 20 мың текше метр суға дейін ұлғайтылды.