Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ: ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапары

15 сәуір 2017, 23:30
Фото: primeminister.kz

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев 11-14 сәуір аралығында жұмыс сапарымен АҚШ-қа барды, мұнда әлемдік инновациялық көшбасшылар қатарындағы компаниялардың өкілдерімен кездесулер өткізіп, Қазақстан экономикасының үшінші жаңғыртылуы аясында бірлескен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Б. Сағынтаев Нью-Йоркке кеш батқанда жетті. Астанадан ұшып жетуге шамамен 14 сағат уақыт кетті.

Қазақстан Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың кестесіндегі алғашқы кездесулердің бірі Нью-Йоркте АҚШ-тың аса ірі қаржы институттарының: Citigroup, Mastercard, Berkley, Morgan Stanley, Black Rock, Goldman Sachs, сондай-ақ әлемдік рейтингтік агенттіктері: Moody’s, Standard&Poor’s, Greylock Capital, Guggenheim International, Alliance Bernstein, Public Capital Advisors, Business Council of International Understanding өкілдерімен жүздесуі болды.

Кездесуге қатысушылар әлемдік экономика және Қазақстанның экономикалық саясатының дамуының өзекті мәселелерін, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру, инвестициялар тарту, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру және активтерді басқару мүмкіндіктерін талқылады. 

Қазақстан Премьер-Министрі Б. Сағынтаев «Chevron» корпорациясының Еуразиялық аймақ бойынша басшысы Т. Левимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар мұнай-газ саласында ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады.

Содан кейін Бақытжан Сағынтаев Нью-Йорк қаласының экс-мэрі Рудольф Джулианимен кездесті.

Диалог аясында телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту саласындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

ҚР Премьер-Министрі «Citigroup» компаниясының президенті Джеймс Форесемен кездесті.

Тараптар қаржы-банктік өзара іс-қимылды тереңдету мәселелерін, сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін талқылады.

Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев «WR Berkley Group» сақтандыру компаниясының төрағасы Б. Барклимен және «Robotti & Company Advisors LLC» компаниясының басшысы И. Шварцманмен кездесу өткізді. Оның барысында сақтандыру және еліміздің банк саласына инвестициялар тартудың заманауи тетіктері талқыланды.

Бұдан әрі ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев «Bloomberg» компаниясының негізін қалаушы және Нью-Йорк қаласының экс-мэрі М. Блумбергпен кездесу өткізді.

Б. Сағынтаев М. Блумбергпен Қазақстанның қаржы нарығын және «Астана» Халықаралық қаржы орталығын дамыту саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесудің маңызды нәтижесі Астанада Блумберг телеарнасы мен кеңсесін ашу туралы келісім болды.

Содан кейін Бақытжан Сағынтаев «GE Transportation» компаниясының бас атқарушы директоры Дж. Миллермен кездесті.

Әңгімелесу барысында тараптар газ саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Айта кетер болсақ, GE Transportation Қазақстанның мұнай-газ кешенін дамытуға, атап айтқанда Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған жобаларында белсенді қатысады, онда компанияның бірегей жабдығы табысты қолданылады.

Сондай-ақ, Нью-Йоркте Бақытжан Сағынтаев АҚШ-тың жетекші компанияларымен: «I Scuared Capital», «General Electric», «Grace, Robotti & Company Advisors»«AGCO»«AES»«Black and Veatch»«American Industrial Acquisition Corporation» Қазақстан экономикасына инвестициялар мен жаңа технологиялар тарту мәселелерін талқылады.

«OSI Systems»«Pfizer» және «GE Transportation» компанияларымен кездесулер аясында Қазақстанда технологиялық жабдықтар өндірісіне инвестициялар тарту туралы, ал «Rahal Foods» компаниясымен органикалық азық-түлік өндірісі тұрғысындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалды.    

ҚР Премьер-Министрі «OSI Systems» компаниясының атқарушы вице-президенті А. Мехрамен кездесу өткізді.

Айта кеткен жөн, «OSI Syhstems» компаниясы әуежайда жүк тексеруге арналған рентген аппараттары мен металл детекторлары сияқты қауіпсіздік және бейнебақылау жүйелерін, анестезия жүйелерін, электронды-оптикалық жабдықтарды әзірлеумен айналысады.

Компанияның Астана қаласының әуежайы мен қазақстандық кеден бекеттерін Rapiscan сканерлеу жүйелерімен жабдықтау жүргізетіндігі туралы келісімге қол жеткізілді.

Одан кейін Б. Сағынтаев «Pfizer» компаниясының вице-президенті М. Геттлермен кездесті. Қазақстанда вакциналар өндіретін зауыт салу туралы келісімге қол жеткізілді.

Бұдан әрі Премьер-Министр экономист Н. Рубинимен маңызды әрі қызықты кездесу өткізді. Жаһандық және аймақтық экономикалық даму тақырыбы бойынша пікір алмасу өтті.

Тығыз кестеге қарамастан ҚР Премьер-Министрі сол кеште Сан-Франциско қаласына, Кремний алқабына барды, онда бірқатар маңызды кездесулер өткізу жоспарланған болатын.

Келесі күннің таңертеңінде ҚР Премьер-Министрі «Cisco» кеңсесін аралады және компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы Дж. Чамберспен кездесу өткізді.

«Cisco» компаниясының негізі 1984 жылы қаланған және қазіргі уақытта кең көлемдегі желі жабдықтарын шығарады, олардың қатарында: маршрутизаторлар, IP-телефония өнімдері, Ethernet-коммутаторлар, желі қауіпсіздігі құрылғысы, Wi-Fi рұқсат нүктесі, оптикалық коммутация платформалары, ATM-коммутаторлар т.б. бар.

Қазақстан үшін осындай атақты әлемдік компаниямен ынтымақтастық Мемлекет басшысының Жолдауында ұсынылған ел экономикасын жаңғырту бойынша міндеттер тұрғысында ерекше мәнге ие.

Осында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Зерде» АҚ мен «Cisco» компаниясы арасында ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қойылды.

Сан-Францискода Б. Сағынтаев атақты экономист А. Лаффермен кездесті. Кездесу барысында жаһандық экономикадағы өзекті үрдістер, заманауи салық саясатының ерекшеліктері талқыланды.

Содан кейін ҚР Премьер-Министрі Robomatter Inc. президенті Скип Смитпен кездесу өткізді, оның барысында компанияның инновациялық білім беру бағдарламаларын Қазақстанда, жастарды компьютерлік ғылымдарға, бағдарламалауға және роботты техникаға оқыту және даярлау үшін қолдану мүмкіндігін талқылады.

Одан кейін, Бақытжан Сағынтаев «Tesla Motors» кеңсесіне барып, онда роботты техника мен бағдарламалауға негізделген, электромобильдер өндірісінің толық кезеңімен танысты.

Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев «Сhevron» компаниясының төрағасы Джон Уотсонмен кездесті. Әңгімелесу барысында тараптар мұнай өнімдерінің әлемдік нарығын дамытудың қазіргі жағдайы мен болжамдарын, еліміздегі мұнай-газ жобаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін, сонымен қатар Қазақстандағы Болашақ Кеңею жобасын талқылады.

«Барлық осы 25 жыл ішінде «Chevron» елмен бірге өсті, дегенмен біз Қазақстанның тек өткені емес, сондай-ақ болашағы да болғымыз келеді», - деді Дж. Уотсон.

ҚР Премьер-Министрі «IBM Watson West» орталығын аралады, онда Бақытжан Сағынтаевқа компанияның жасанды зерде, бейне мен сараптауды танып білу саласындағы әзірлемелері мен «ақылды» қалаларға арналған инновациялық шешімдері таныстырылды.

Сапар қорытындысы бойынша «IBM» компаниясы мен «ИТП» ДКҚ арасында Астана қаласында келесі бағыттар: қаржылық технологиялар, «Ақылды қала» бойынша технологиялар және қала құрылысы мен оны пайдалануды басқаруға арналған технологиялар бойынша қолданбалы зерттеулерге арналған зертхана құру бойынша Меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев «Autodesk» компаниясының кеңсесіне барып, компания вице-президенті Дэвид Крейнмен кездесті.

Тараптар Қазақстанда Autodesk құзырет орталығын құру мәселесін талқылады, оның аясында BIM (Building Information Modeling – ғимаратты ақпараттық үлгілеу) саласында цифрлық стандарттар енгізілетін болады.

Сонымен қатар, «Autodesk» компаниясымен бірлесіп, қазақстандық жаңа құрылыс материалдарының сапасын анықтау және сертификаттау зертханасы құрылатын болады. Компанияны аралау нәтижелері бойынша «Autodesk» пен «ИТП» ДКҚ арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

ҚР Премьер-Министрінің кестесіндегі аса маңызды шаралардың бірі - «Project: Collider» технологиялық форумы болды, онда Б. Сағынтаев инновациялар саласындағы әлемдік көшбасшы компанияларды ҚР экономикасының жаңғыртылу үдерісіне белсендірек қатысып, инвестиция құюға шақырды. Баяндаманың толық мәтінімен мына жерде таныса аласыз.

«Project: Collider» форумы – технологиялық инвестициялар саласындағы ағымдағы трендтерді талқылау үшін жетекші инвесторлардың, кәсіпкерлердің және мемлекет қызметкерлерінің басын қосатын шара.

Биыл шараға «Citi Ventures» компаниясының вице-президенті В. Ченг, «Global Catalyst Partners» негізін қалаушы К. Элахиан, «Coca-Cola» инновациялар жөніндегі директоры А. Боэм, «Intel Capital» серіктесі С. Данг, «Sentient Technologies» басшысы Б. Ходжиат, «Google Development Group» басшысы Д. Фелд, «SGS Global Holdings» төрағасы С. Стеванович, «Learn Capital» басқарушы серіктесі Р. Хаттер, «General Electric» бас техникалық директоры Д. Бартлетт, «ABB Technology» басқарушы директоры Г. Аллен қатысты. 

Сондай-ақ, «Project: Collider» форумы аясында Б. Сағынтаев АҚШ-тың ірі ІТ-компанияларының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

ҚР Премьер-Министрі «Bridge West Group» Директорлар кеңесінің Төрағасы Маси Таэбимен кездесу өткізді, оның қорытындысы бойынша «Қазақтелеком» АҚ-мен Меморандумға қол қойылды, онда Интернетке қолжетімділік желілерін ауқымды дамыту мақсатында америкалық компанияның жабдықтарын сатып алу бойынша мүмкін ынтымақтастық көзделген.

Содан кейін «Learn Capital» Басқарушы серіктесі Г. Мауромен кездесу өтті, оның қорытындысы бойынша ҚР БҒМ «Ақпараттық-аналитикалық орталық» АҚ-мен «чартерлік мектептер» деп аталатын үлгі бойынша инновациялық білім берудің пилоттық жобасын дамыту бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. 

Соңында Б. Сағынтаев «Sound Hound» компаниясының төрағасы К. Мохаермен кездесу өткізді, ол ақпараттық технологиялар саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруда Қазақстанның әлеуетті серіктесі болуы мүмкін.

Қазақстан Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Кремний алқабында Қазақстанның Өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойылды.

«Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі», «Инновациялық технологиялар паркі» Дербес кластерлік қоры мен GVA Capital венчурлік қоры арасында осындай Меморандумға қол қойылды.

Инновациялық Өкілдік Кремний алқабында ҚР технологиялық стартаптарын дамыту платформасымен қамтамасыз етеді, ҚР-дағы кәсіпкерлік пен ғылымды дамытуға ең үздік технологиялық идеялар мен үдерістерге қолжетімділікпен қамтамасыз етеді.Сондай-ақ, ҚР-ның ірі корпорацияларына әлемдік деңгейде инновациялық өзара іс-қимыл жасасу, бірегей ақпарат пен ресурстардың қолжетімді болу мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев «DFJ» компаниясының кеңсесіне барып, оның негізін қалаушы Т. Драпермен кездесті.

«DFJ»-тың бірқатар қазақстандық компанияларға қолдау көрсетуі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Айта кету керек, «DFJ» компаниясы технологиялар саласындағы даму сатысындағы және бастапқы сатыдағы жобаларды инвестициялауға бағдарланған.

Бақытжан Сағынтаев Кремний алқабының инновациялық орталығының кеңсесіне барып, сарапшылар тобымен және орталық президенті А. Куновпен кездесті.

Б. Сағынтаев «Plug and Play Tech Center» компаниясының кеңсесіне барды.

«Plug and Play Tech Center» - стартаптарды дамытуға мамандандырылған бизнес-акселератор. Ол 300-ден астам стартаптарды біріктіреді және аталған инкубатордың қорғауындағы компанияларды іріктеуге жүйелі түрде қатысатын 170-тен астам инвестормен серіктес.

Одан кейін ҚР Премьер-Министрі «Jabil» компаниясының кеңсесіне барды, ол түрлі салалардағы жаһандық технологиялық корпорацияларға электроникаларды жобалап, әзірлеу бойынша кешендік қызметтер көрсететін әлемдегі ең ірі өндірістік компаниялардың бірі.

Сонымен қоса, Бақытжан Сағынтаев «Google» кеңсесіне барды, онда компанияның ІТ-саласындағы қазіргі әзірлемелерімен танысты, сонымен қатар қызметкерлермен Қазақстанға қажетті жобаларды талқылады.

 

Бақытжан Сағынтаев «Microsoft» корпорациясының ұжымдық вице-президенті Д. Левинмен кездесу өткізді. Кездесу барысында компанияның бағдарламалық шешімдерін ҚР-ның шағын жинақты мектептеріне енгізу мәселесі талқыланды.

Осылайша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапары аяқталды. Өткізілген кездесулер мен қол қойылған құжаттар Қазақстанға елімізде цифрлық инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасауға, жаңа индустрияларды таратуға, Индустрия 4.0 элементтерін ұлттық экономикаға интеграциялауға көмек береді.