Бурабай курорты Ақмола облысының ерекшелігін көрсететін аймаққа айналуы тиіс - Кәрім Мәсімов

06 тамыз 2016, 00:05
Ақмола облысы

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту бойынша кеңес өткізді.

Қазақстан халқының сүйікті демалыс орнына айналған курортты аймақты дамытуға Мемлекет басшысы баса назар аударып отыр. Сонымен қатар, Ақмола облысына ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысында келген қонақтарға лайықты қызмет көрсету міндеті қойылған. Осыған байланысты Курорттық аймақты дамыту үшін арнайы жоспар жүзеге асырылуда.  

Кеңесте Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанын, алайда қазіргі таңдағы жағдайы көңіл көншітпейтіні айтылды. Бұл ретте оның экологиялық ахуалы, инфрақұрылымы, сервистің төмендігі баса назарға алынды. Премьер-Министр сондай-ақ демалушылардың орманның қоқысқа толуына, қонақүйлер бағасының қымбаттығына, сапалы қызмет көрсететін дүкендердің аздығына шағымданатынын атап өтті.

Бурабай курорттық аймағының тазалығын назарда ұстай отырып, оны дамыту мен танымалдылығын арттыру – бұл туристік бағытты дамытудағы маңызды шарт. Осыған байланысты Премьер-Министр Инвестициялар және даму министрлігіне, әкімдікке, өзге де мемлекеттік мекемелерге өзекті мәселелерді пысықтап, оларды шешу бойынша Үкіметке нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Бурабай «Қазақстанның інжу-маржаны» және «қазақстандық Швейцария» атанған аймақ. «Бурабай» Ұлттық саябағында 14 ірі көл орын тепкен. Олардың ішінде Бурабай, Шортанкөл, Қотыркөл және бірнеше шағын көлдер бар. Бурабай фаунасында омыртқалылардың 300-ге жуық түрі мекендесе, флорасында 800-ден астам өсімдік түрі өседі. Мұнда көптеген шипажайлар, балшықпен емдеу орындары орналасқан, негізінен туберкулез және тыныс алу мүшелерін емдеуге басымдық беріледі.

Туристер ағымына ықпалын тигізген жалпыэкономикалық дағдарысқа байланысты 2015 жылғы статистикалық мәліметтер бойынша Ақмола облысына келушілер саны 10,2%, яғни 226190 адамға азайған. Бұл жағдайда турбизнес субъектілері икемді баға саясатын жүргізіп, көрсетілетін қызмет аясын кеңейтеді. Атап айтқанда, демалыс нысандарының жартысынан астамында көрсетілетін қызмет құны 10-20% төмендеген.

Анықтама үшін:

Қазақстан Республикасында 2020 жылға дейін туризмді дамытудың негізгі міндеттерінің қатарына мыналар енеді: туристік саланың ел экономикасына үлесін арттыру; Қазақстанда туризм индустриясының зор өсу әлеуетін ескеріп, экономикалық өсім мен инвестицияларды ынталандыру; туризм индустриясында және экономиканың сәйкес салаларында жұмыс орындарын құру; экономиканың аралас салаларында, ауылдық жерлерді қоса алғанда, аймақтар мен жалпы елдегі кәсіпкерлікті, оның ішінде ШОБ-ты, адам әлеуетін дамыту. 

Ақмола облысында туризм саласында 810 кәсіпорын бар, оның ішінде 319 санаторий-курорттық және қонақүй ұйымы, 420 жол маңы сервисі, туристік қызметпен айналысуға құқық беретін лицензияны иеленген 68 туристік фирма, «Көкшетау», «Бурабай», «Бұйратау» 3 мемлекеттік табиғи ұлттық саябағы, мемлекеттік Қорғалжын орнитологиялық зообағы бар, олар ЮНЕСКО-ның табиғи мұра тізіміне енгізілген. Кластердің мәдени-тарихи саласында 900 ескерткіш қамтылған. Олардың ішінен ірі ескерткіштер мемлекет қорғауына алынған және экскурсиялық бағдарламаларды қамтамасыз етуде пайдаланылады.