Кәрім Мәсімов: Сапалы білім беру үшін ақпараттық инфрақұрылымды дамыту керек

05 тамыз 2016, 20:45
Ақмола облысы

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Білім және ғылым министрлігіне мектеп мұғалімдерінің мәртебесін көтеріп, балаларға сапалы білім беру үшін ақпараттық инфрақұрылымды дамыту бойынша тапсырмалар берді.

Ақмола облысына жұмыс сапары аясында К.Мәсімов «Мирас» көпбейінді мектеп-гимназиясына барды.

Білім мекемесінде Премьер-Министр педагогтармен жүздесіп, еліміздегі шағын жинақты мектептер мен мектеп-интернаттарда білім сапасын арттыру мәселелерін талқылады. 

Кеңес барысында К.Мәсімов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізуде.

Сонымен қатар шағын жинақты мектептер мен мектеп-интернаттарда орта білімнің жаңартылған мазмұнын енгізу және шағын жинақты мектептерді оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жетілдіру мәселелері талқыланды.

Аталған мәселелер бойынша білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндама жасады. Министр өз қарауындағы ведомствоның еліміздегі барлық мектептерде заманауи тәжірибені енгізуді жалғастырып жатқанын айта келіп, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңарту шараларымен жинақтылығына және орналасқан жеріне қарамастан барлық мектептер бірдей қамтылатынын атап өтті.

Өз кезегінде Премьер-Министр қазақстандық мектеп оқушыларының 48%-ы ауылдық жерлердегі мектептерде білім алып жүргенін еске салды. Осыған байланысты К.Мәсімов аталған министрлікке бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Ерлан Сағадиевке педагогтардың мәртебесін көтеру бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды. Премьер-Министр сондай-ақ мектептерде арнайы инфрақұрылымды дамыту керектігін, атап айтқанда интерактивті тақталар орнатып, интернетке қосу қажеттігін айтты. Бұл жұмысты ауылдағы мектептерден бастау керек.

«Нұрлы жол» Мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы аясында 2017 жылдың соңына дейін апатты мектептер мен үш ауысымда білім беруді толықтай жоюды қамтамасыз ету (БҒМ, ҚМ, ҰЭМ, облыс және Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері) жоспарланған.

Ұлттық қор есебінен 2015-2017 жылдар аралығында 95 білім нысанын: 76 мектеп (17-сін  –  апатты мектептер орнына, 59-ын – үш ауысымды мектептер орнына) және 19 балабақша салу қарастырылған, оның ішінде:

- 2015 -2016 жылдары – 51 (34 мектеп пен 17 балабақша);

- 2016-2017 жылдары - 44 (42 мектеп, 2 балабақша).

2015 – 2016 жылдар аралығында 51 білім беру нысанынан  20-сы енгізілді, оның ішінде: 

- 13 мектеп (Ақтөбе - 1, Жамбыл - 1, Қызылорда - 2, Маңғыстау - 1, СҚО - 1, ОҚО - 6,  Алматы қаласы - 1);

- 7 балабақша (Алматы обл. - 2, Қарағанды обл. - 1, Маңғыстау обл. - 1, СҚО - 1, ОҚО - 1, Алматы қ.- 1).

Қалған 31 нысан (21 мектеп пен 10 балабақша) 2016 жылдың соңына дейін енгізіледі деп күтілуде.

2016-2017 жылдарға 44 білім беру нысаны (42 мектеп: 9 – апатты мектептер орнына, 33 – үш аусымды мектептер орнына) және 2 балабақша салу жоспарланға.

Анықтама үшін:

Қазақстанда білім саласында нормативтік-құқықтық база қалыптасқан. «Білім туралы», «Жоғарғы білім туралы», «Ғылым туралы», «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы», «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы», «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» және басқа да Қазақстан Республикасының Заңдары қабылданды.

Білім жүйесін дамытуға бағытталған 5 мемлекеттік бағдарлама (1997-2002 жылдарға арналған Орта білім жүйесін ақпараттандырудың мемлекеттік бағдарламасы, «Білім беру» мемлекеттік бағдарламасы, 2005-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламасы, 2008-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында Мемлекеттік техникалық және кәсіби білімді дамыту бағдарламасы, 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында Мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламасы) жүзеге асырылды.

Қазақстандық жүйе құрылымы Білім берудің халықаралық стандартты жіктеліміне сәйкестендірілген.