Кәрім Мәсімов отандық жылыжай технологияларының даму барысымен танысты

05 тамыз 2016, 19:03
Ақмола облысы

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Ақмола облысына жұмыс сапары аясында «Қазақстанның жылыжай технологиялары» ЖШС-ында болды.

«Қазақстанның жылыжай технологиялары» ЖШС 2008 жылы құрылған. Кәсіпорында көкөністер (қызанақ, қияр, аскөк, ақжелек) өсірілумен қатар, Қазақстанның жағдайларына бейімделген заманауи жылыжай кешендеріне арналған жабдықтар жобаланып, өндіріледі. 

Еліміздің солтүстік және орталық бөліктерінің климаттық ерекшеліктерін ескерсек, ҚЖТ Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін және жалпы отандық ауыл шаруашылығын дамыту үшін аса маңызды кәсіпорын болып табылады.

Мұндай бағыттағы өндіріс агороөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 2013–2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасына енеді. Астананың азық-түлік белдеунің аумағында орналасқан жылыжай шаруашылықтарының өнімдері елорданың көкөністерге деген қажеттілігін қамтамасыз етуге және көкөніс өнімдерінің бағасын төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Анықтама үшін:  

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша «Агробизнес-2020» бағдарламасы 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Алты мақсатты индикатордан 2015 жылдың қорытындысы бойынша екі индикаторға толықтай қол жеткізілді.