Кәрім Мәсімов ШҚО әуежайлары мен вокзалдарының қауіпсіздік жүйесімен танысты

16 тамыз 2016, 16:15
Шығыс Қазақстан облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

ҚР Премьер-Министрі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің әуежайларындағы қауіпсіздік жүйесінің жұмысын тексеруде.

Көлік инфрақұрылымының стратегиялық маңызды нысандарының, бірінші кезекте әуежайлар мен теміржол вокзалдарының қауіпсіздік мәселелеріне Қазақстанда айрықша назар аударылады.

Көлік инфрақұрылымының стратегиялық нысандарында және адамдар көп шоғырланған жерлерде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және күшейту қажеттігі туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі отырыстарында айтқан болатын.

Өңірдегі әуежайлардың, теміржол және автовокзалдардың  қауіпсіздік жүйесі туралы Премьер-Министрге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.

ШҚО әуе қатынастарын екі – Семей және Өскемендегі әуежай қамтамасыз етеді, онда жолаушыларды тіркеу және тексерудің заманауи желілері жұмыс жасайды.

Семей әуежайында К. Мәсімовке ұшу-қону жолағын, рульдеу жолы мен аэровокзалды жөндеу барысы таныстырылды.

Семей әуежайы «В» класты санатқа жатады, оның ауданы 3 500 шаршы метрді құрайды. Аэротораптың жұмысын 136 адам қамтамасыз етеді. Әуежай 1982 жылы пайдалануға берілген, аэровокзалдың өткізу қабілеттілігі 57,421 мың жолаушыны құрайды, оның ішінде 80% ішкі желілерде және 20% – халықаралық желілерде.

«В» класты санатқа жататын Өскемен әуежайының өткізу қабілеттілігі сағатына 200 жолаушыны құрайды, аэровокзалдың жалпы ауданы – 2 834,6 шаршы метр.