Кәрім Мәсімов «Есіл-Агро» ЖШС сүт-тауар фермасын аралады

05 тамыз 2016, 21:26
Ақмола облысы

Ақмола облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «Есіл-Агро» ЖШС сүт-тауар фермасының жұмысымен танысты.

Кәсіпорын 2009 жылы ашылған. Қазіргі таңда мұнда ірі қара мал басы 1047-ге жеткен, оның ішінде төлдейтін мал басы – 747, ал 300-і – етті бағыттағы аналық мал басы.

«Есіл-Агро» ЖШС 2016 жылы 2958 тонна сүт өндірген, ол бір сауын сиырға шаққанда 17,5 литрді құрайды. 2016 жылдың алғашқы 6 айында жалпы сомасы 358,6 млн теңгенің өнімі өткізілді.

Айта кетерлігі, 2015 жылы Ақмола облысынан Астанаға 86,8 мың тонна сүт және сүт өнімдері, сонымен қатар 20,9 тонна ет және ет өнімдері жеткізілді.

ҚР Статистика агенттігінің 2016 жылғы 1 қаңтардағы мәліметтері бойынша, 5,2 млн тонна сүт өндірілген. Оның ішінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында – 2,6 млн тонна, шаруа қожалықтарында – 790 мың тонна, жеке қосалқы шаруашылықтарда – 4,1 млн тонна сүт өндірілген.

Сауылатын сиыр басы 2 128,6 мың басты құраған. Оның ішінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында - 83,мың бас, шаруа қожалықтарында – 477,3 мың бас, жеке қосалқы шаруашылықтарда – 1567,4 мың бас.

Бәсекеге қабілетті тамақ өнімдері өндірісін дамыту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі «Агробизнес-2020» салалық бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыруда. Аталған бағдарлама аясында АӨК субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, инвестициялық салымдары, өңдеуші кәсіпорындардың шикізат сатып алуға жұмсалған шығындары, қаржылық сауықтыруы, несиелер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемесі, займдарды кепілдендіру және сақтандыру шығындары субсидияланады.

«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның еншілес ұйымдары азық-түлік белдеуіне қатысатын аудандардан келіп түсетін қаржыландыру туралы өтініштерді басымдықпен қарайды. Азық-түлік белдеуін дамыту аясында жалпы сомасы 60,6 млрд теңгені құрайтын 110 жоба мақұлданды. Оның ішінде 106 жоба жалпы сомасы 43,1 млрд теңгеге қаржыландырылды. Бұл жобалар сондай-ақ сүт және сүт өндірісін, ет өндірісі мен оны өңдеуді жаңғыртуға бағытталған.