Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Атырау облысына барды

08 тамыз 2016, 17:42
Атырау облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Атырау облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын бағалау, белсенділермен және қоғам өкілдерімен проблемалық мәселелерді талқылау жоспарлануда.

Премьер-Министр ИИД МБ аясында салынған Қашаған кен орнындағы жасанды «Д» аралын, «Жігермұнайсервис» ЖШС бұрғылау қашауларын өндіру зауытын, «Caspian Royal Fish» ЖШС бекіре балығы фермасын, Атырау мұнай өңдеу зауытын аралайды деп күтілуде. Сонымен қатар, Кәрім Мәсімов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қолдауымен салынған «Нұрсая» шағын ауданындағы «Жерұйық» тұрғын үй кешенін, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қалалық бөлімін және «Каспиймұнайгаз» ҒЗИ ЖШС зертханасын аралайды.

Бұдан өзге, Кәрім Мәсімов жұмыс сапары аясында кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, балық шаруашылығының даму перспективаларын талқылайды, сондай-ақ отандық мұнай сервисін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізеді.

Бүгінде Атырау облысының халқы 598 мыңнан астам, оның шамамен 47% – қала тұрғындары.

Аймақ экономикасының негізі - мұнай өндірісі. Облыста көптеген мұнай кен орындары бар, олардың ең ірісі – Теңіз, сондай-ақ мұнай өндіретін және өңдейтін, мұнай қалдықтарын тазалайтын және мұнай-газ машина жасау кәсіпорындары осында орналасқан.

Индустрияландыру картасын жүзеге асыру кезеңінде облыста 37 жоба іске қосылды, сол арқылы 2,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Нақты секторда жаңа өндіріс орындарының ашылуы, шағын бизнесті дамыту және жаңа әлеуметтік нысандардың ашылуының арқасында биыл 7 615 жаңа жұмыс орны құрылды.

Республикалық көлемде облыстың жалпы республикалық өнімдегі (ЖРӨ) үлесі 12,6% құрайды.