Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды

11 тамыз 2016, 17:01
Батыс Қазақстан облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын бағалау үшін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды.

Кәрім Мәсімовтің жұмыс сапары бағдарламасында аймақтың еңбек ұжымдарымен және қоғам өкілдерімен кездесуі, инфрақұрылымдық нысандарды, АӨК кәсіпорындарын аралауы көзделген.

Премьер-Министр «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Орал – Тасқала – РФ шекарасы» автожолдарын қайта жөндеу барысын бағалайтын болады.

Аймақтың және жалпы еліміздің көлік-логистикалық жобаларының стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, Кәрім Мәсімов Батыс Қазақстан облысындағы автомобиль жолдарының жай-күйі туралы кеңес өткізеді.

Сонымен қатар, Премьер-Министр АӨК өкілдерімен тамақ өңдеу өнеркәсібінің өзекті бағыттарын талқылап, «Кублей» консервілерін шығаратын кәсіпорынға барады.  

Газ саласының өзекті мәселелері мен даму перспективаларын компаниялардың, мемлекеттік органдар мен салалық құрылымдардың басшыларымен кездесу барысында талқылау жоспарлануда.

Батыс Қазақстан облысы еліміз үшін өнеркәсіптік маңызға ие. Өңір аумағында мұнай және газ өндіру, мұнай өңдеу, машинажасау, металлургия, қорғаныс, тау-кен, тігін және тамақ салаларының кәсіпорындары орналасқан.

Индустрияландыру картасын жүзеге асыру кезеңінің алғашқы бесжылдығында 31 жоба жүзеге асырылып, 1828 жаңа жұмыс орны құрылды. Екінші бесжылдық аясында 11 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысының халқының саны 639 мыңнан астам, оның 48% – қала тұрғындары.