Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды

06 тамыз 2016, 18:20
Павлодар облысы

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов еліміздің ірі индустриалдық аймағының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысу үшін Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді.

Премьер-Министр Павлодар мұнай-химия зауытына барады, аймақтағы жастармен, қоғам өкілдерімен кездеседі, сондай-ақ «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Ертіс өзені арқылы өтетін көпір құрылысымен танысады деп күтілуде.

Кәрім Мәсімов облыс және шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесуінде елді мекендерді сумен жабдықтау жөніндегі мәселелерді талқылайды деп күтілуде.

Жұмыс сапарының кестесінде көмір өнеркәсібі саласын дамыту бойынша өткізілетін республикалық кеңеске ерекше мән берілмек.

Айта кетерлігі, Қазақстанда өндірілетін көмірдің 60%-ы Павлодар облысында өндіріледі.

Сонымен қатар, облыс кәсіпорындары республикалық көлемде 100% глинозем және алюминий, 77% ферроқорытпа, 40%-дан астам жанармай және 43% электр энергиясын өндіреді. Павлодар облысында индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жылдары өңделмеген алюминий, жіксіз құбырлар, болаттың бірнеше маркасы, жүк вагондары, химиялық өнімдер тәрізді жаңа өнімдер өндірісі іске қосылды.

Облыста 1000-ға жуық өнеркәсіп кәсіпорындары бар, оның ішінде жүйе құрушы 15-і өнеркәсіп өндірісінің 70%-дан астамын қамтамасыз етіп отыр.

Павлодар облысының халқы 758 мыңнан астам, оның шамамен 70% - қала тұрғындары. Жұмыспен қамтылған халықтың төрттен бір бөлігінен астамы өнеркәсіп саласында жұмыс істейді, олар ІЖӨ-нің 43% өндіреді.