Кәрім Мәсімов Ақтау халықаралық әуежайының қауіпсіздік жүйесін тексерді

09 тамыз 2016, 02:29
Маңғыстау облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Ақтау халықаралық әуежайының қауіпсіздік жүйесінің жұмысын тексерді.

Терроризм қатерін ескерумен жұмыста қауіпсіздік шараларын күшейту туралы өкім биылғы жылғы 5 маусымда Ақтөбеде және 18 шілдеде Алматыда орын алған оқиғалардан кейін адамдар көптеп жиналатын барлық нысандарға жіберілді. Әуежайлар мен теміржол бекеттеріндегі қауіпсіздік мәселелерінің бұл тұрғыда маңызы зор.  

Премьер-Министрге облыстағы әуежай мен теміржол бекетінің қызметі туралы баяндалды. Осыдан кейін К. Мәсімов әуе айлағының терминалын аралады, бастапқы тексеру желісін қарап шықты және қауіпсіздік жүйесінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар, делегация шекаралық және кедендiк бақылау аймағын көріп, ішкі және халықаралық жолжүгін өңдеу барысымен танысты.

Ақтау аэродромы Б класына жатады, қайраң кен орындарын игерумен айналысатын компанияларға қажетті жабдықтарды, материалдарды  қабылдап алуға және тікұшақ, ұшақ арқылы жіберуге мүмкіндігі бар. Теңіз порты мен темір жол қатынасының болуы теңіз, әуе және темір жол көліктері арқылы аралас жүктерді тасымалдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Айта кетерлігі, әуежай терминалы ұшу туралы мәліметтерді хабарлаудың замануи ескерту жүйесімен жабдықталған, жолаушылар терминалда орнатылған монитор арқылы күнделікті ұшып кететін және ұшып келетін ұшақтар туралы ағымдағы мәліметтерді уақытылы көре алады.

Кәрім Мәсімов аймақтарға сапар барысында көлік инфрақұрылымының, оның ішінде әуежай қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударады. Осыған дейін Премьер-Министр Ақтөбе, Қарағанды, Талдықорған, Қостанай, Павлодар, Атырау әуежайларын тексеріп, Петропавл әуежайын қалпына келтіру жұмысымен танысты.