Премьер-Министр Алматы әуежайының қауіпсіздік жүйесін тексерді

15 тамыз 2016, 16:35
Алматы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Алматы қаласына жұмыс сапары аясында Алматы халықаралық әуежайының қауіпсіздік жүйесімен танысты.

Қазақстанда көлік нысандарын терроризмге қарсы қорғау және қауіпсіздігі Мемлекет басшысы мен Премьер-Министрдің ерекше бақылауында тұр. Қоғамдық орындарда қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және нығайту қажеттілігі туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 5 маусым күні Ақтөбеде және 18 шілде күні Алматыдағы оқиғаларға байланысты Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында айтқан болатын.

Үкіметтің маусым айындағы отырысында Кәрім Мәсімов облыс және қала әкімдеріне жұмыс сапары барысында әуежай мен теміржол қауіпсіздік жүйесін арнайы тексеретінін ескерткен болатын. Бұл тізімде Алматы көлік қақпасы жалғыз қылмыскер жасаған терактіден кейін жеке есепте тұр.

ҚР Премьер-Министріне «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ президенті А.Бекмұхамбетов инженерлік-техникалық жағдайы және мегаполис әуе айлағының антитеррорлық қауіпсіздігі туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, Кәрім Мәсімовті «Вокзал қызмет» Оңтүстік өңірлік филиалының директоры Э. Шынтеков және «Халықаралық Сайран автовокзалы» ЖШС басшысы Е.Әбілдаев көлік нысандарының қауіпсіздік жүйесімен таныстырды.

Алматы халықаралық әуежайы 1934 жылы пайдалануға берілген. Мұнда күнделікті 180 ұшақ ұшып келіп, ұшып кетеді және орташа есеппен 12 мың жолаушыға қызмет етеді.

Анықтама үшін:

Алматы халықаралық әуежайы – Қазақстандағы ең ірі әуеайлақ (әуе торабы), ішкі, халықаралық және әуе көліктерімен жүк тасымалдау бойынша елімізде бірінші орында тұр. Алматы әуе айлағы  2015 жылы 4,9 млн жолаушыға қызмет көрсеткен.