Премьер-Министр Маңғыстау облысында қоғам өкілдерімен кездесті

10 тамыз 2016, 03:36
Маңғыстау облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Премьер-Министр Маңғыстау облысының әкімдігіне «Нұрлы Жол» және «ЖҚЖК-2020» бойынша жобаларды жүзеге асыруды аяқтауды тапсырды. 

Аймаққа жұмыс сапары аясында Кәрім Мәсімов Маңғыстау облысының қоғам өкілдерімен кездесу өткізіп, өзекті мәселелер және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының өсу барысын талқылады. 

Жүздесу барысында тұрғындар Премьер-Министрге ғана емес, Министрлер кабинетіне де сұрақ қоюға мүмкіндік алды.

Кездесуде аймақта әлеуметтік мәселелерді шешуге, азаматтарды, әсіресе, жастарды жұмысқа орналастыру мәселесіне барынша көңіл бөлінетіні айтылды. Облыс әкімі А.Айдарбаев жұмыс орындарының қысқартылуына жол бермеу бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын, ал жобалардың аяқталуына байланысты жұмысынан босап қалғандардың еңбекке орналасуға тырысатындарын атап өтті.

Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевке көп сауалдар қойылды. Атап айтқанда, ол мектеп формасы, бес күндік оқу кестесіне көшу, оқулықтармен қамтамасыз етілу туралы сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар кездесуге қатысушылар мектеп пен аурухана салуға қатысты мәселені көтерді.

«Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Қ.Оңдабаев аймақта халық санының қарқынды өсіп келе жатқанын айтып өтті. Сондықтан, әсіресе, халқының саны жылдам артып келе жатқан Мұнайлы ауданында үш ауысымды мектептердің болу қаупі бар. Мысалы, Басқұдық ауылдық округінде 960 орындық мектепте 2779 бала оқиды, ал 1013 баланы аудандағы басқа мектептерге тасымалдау ұйымдастырылған. 

Сонымен қатар жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, сонымен қатар облыс тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Қоғам өкілдерімен кездесуде экономика вице-министрі А.Әріпханов, энергетика министрі Қ.Бозымбаев, білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы С.Мыңбаев, аймақ әкімі А.Айдарбаев сөз сөйледі. 

«Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламалары бойынша жобалардың жүзеге асырылуы Министрлер кабинетінің ерекше назарына алынғаны айтылды. Премьер-Министр облыс әкімдігіне осы жобаларға бөлінген қаржыны игеріп, оларды жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Кәрім Мәсімов Үкімет жастар мәселелерін шешуге арналған жеке отырыс өткізетінін хабарлады.

Бұдан бұрын, Атырау облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр ДСӘД министрі Т.Дүйсеноваға мұнай сервисі саласының жұмыстан босап қалған жұмысшыларын жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс тобын құруды жүктеген болатын. Сонымен қатар энергетика министрі Қ.Бозымбаевқа қазақстандық мұнай сервисі компанияларын ірі мұнай-газ жобаларына тарту бойынша жұмыс топтарын құруды тапсырды.

Анықтама үшін: 

2016 жылдың бірінші тоқсанында Маңғыстау облысында 12762 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарымен – 9321 адам, маусымдық жұмыс орындарымен – 1620 адам, қоғамдық жұмыстар арқылы төленетін жергілікті бюджет қаражаты есебінен – 759 адам, әлеуметтік жұмыс орындарымен – 1062 адам қамтылды.

Биыл Мемлекеттік индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында аймақта 660 жаңа жұмыс орнын құрумен 11 жоба жүзеге асырылды.