Өңірлерге жұмыс сапары жалғасуда: Кәрім Мәсімов Шығыс Қазақстан облысына барды

16 тамыз 2016, 16:09
Шығыс Қазақстан облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-Министр Кәрім Мәсімов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын бағалау үшін жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды.

Премьер-Министрдің жұмыс сапары бағдарламасында инфрақұрылым нысандарын, тарихи-мәдени мұражайын, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралап, қоғам өкілдерімен кездесу жоспарланған.

Кәрім Мәсімов облыстың әуежай, теміржол, автовокзал нысандарының қауіпсіздік жүйелерімен танысады деп күтілуде.

Премьер-Министрді Семейде «Жылукоммунэнерго» МКК ЖЭО-1 қайта жөндеуден өткізу барысымен таныстырады деп жоспарланып отыр. ЖЭО-1 қаланың тұрғын үй және әкімшілік ғимараттарының 70%-ын жылумен қамтамасыз етіп отыр.

Сонымен қатар, К.Мәсімовтің жұмыс кестесінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына бару жоспарланған. 

Кәрім Мәсімовтің Абай ауданының тұрғындарымен кездесуінде өңірдің маңызды мәселелері талқыланатын болады.

Өскемен қаласындағы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде Премьер-Министр индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы (ИИДМБ-2) мемлекеттік бағдарламасы және инновациялық технологиялар зертханасының жұмысы аясында білім беретін оқу барысымен танысады.

Премьер-Министрдің жұмыс кестесінде БҒМ, ИДМ, ҰЭМ, облыс әкімдігі, халықаралық сарапшылар, компания басшыларының қатысуымен елімізде мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізу басты назарға алынған.

Анықтама үшін:  

Шығыс Қазақстан еліміздің дамыған өнеркәсіптік аймақтарының бірі болып есептеледі. Өңірдің өнеркәсіптері негізінен кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, машина жасау, металлургия, қорғаныс, тау-кен, тігін және тамақ өнеркәсібіне негізделген.

2015 жылдың қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстан облысында Индустрияландыру картасы аясында 45 жоба жүзеге асырылып, 335 млрд теңгенің өнімі өндірілген болатын. 7 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. ШҚО бойынша Индустрияландыру картасына 76 жоба кіреді, сондықтан 2020 жылға дейін 30 жоба жүзеге асырылу жоспарланған.

2016 жылдың  1 тоқсанында өңірдің ЖӨӨ 2016 590,6 млрд теңгені құрады, жан басына шаққандағы ЖӨӨ – 423 мың теңге, 2016 жылдың 1 шілдесінде 20 173 заңды тұлға тіркелген.

Облыс халқы 1,4 млн адамды құрайды, оның 60% – қала тұрғындары.