Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен кредиттеу мәселесі қаралып жатыр – С. Брекешев Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөнінде айтып берді 

Үкіметтің кезекті отырысында Мемлекет басшысының 2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндама жасады.

ЭГТРМ басшысының хабарлауынша, геологиялық саланың дамуының басты бағыттары Үкіметтің биылғы 4-ші мамырдағы отырысында талқыланды. Министр минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкінің іске қосуының созылуы мердігердің міндеттемелерін орындамауымен байланысты екенін атап өтті.

«Конкурс 2019 жылы өткізіліп, «Транстелеком» АҚ жеңімпаз атанды. Қаржы бөлуді бекіту және мердігерді таңдау рәсімдерінің ұзақтығынан, жобаны іске асыру мерзімі 2021 жылғы шілдеге ауыстырылды. Былтыр ақпараттық жүйенің жұмыс қабілеттілігін тестілеу бірнеше рет өткізіліп, оның дайын еместігі анықталды. «KPMG» тәуелсіз жобалық кеңсесінің бағалауы бойынша жоба тек 60%-ға ғана іске асырылды», — деді экологиялық ведомство басшысы.

Сонымен қатар Серікқали Брекешев 2,5 млрд теңге бюджет қаражаты Қазынашылық комитетінің шоттарында жатқанын айтты. Мердігердің міндеттемесі орындалмай, қаражат төленбеді. Сонымен қатар өсімақы 249 млн теңге құрайды. 

«Биыл наурыз айында Экономиканы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында «Kaznedra» жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы шеңберіңде осы ақпараттық жүйені одан әрі іске асыру туралы ұсыныс қолданды. Бұл – ведомствоаралық платформа, жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс істейтін мемлекеттік органдар қатысады. Қазір Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз», — деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі Үкімет отырысында.

Министр киік популяциясын басқаруға қатысты 14 шілдеде ғылым және салалық ассоцияциялардың қатысуымен жиналыс өткізгенін айтты. 

Бұл мәселені шешу аясында бірінші кезекте киік популяциясы ареалындағы экожүйелерді кешенді бағалау үшін терең ғылыми зерттеулер жүргізуге баса назар аударылды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, бұл киік популяциясын тиімді бақылау және оның ресурстарын тұрақты басқару үшін қажет. 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басшысы биыл Зоология институты Ғылым және жоғары білім министрлігіне 2022-2024 жылдарға арналған бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясында зерттеулер жүргізу үшін өтінім берілгенін, бірақ жобаның қабылданбағанын хабарлады. 

«Осыған байланысты, Әлихан Асханұлы, Ғылым және жоғары білім, Қаржы министрліктеріне осы зерттеулерді қаржыландыруды биылдан бастап қарастыру мүмкіндігін тапсыруыңызды сұраймыз», — деді С. Брекешев.

Сонымен қатар экология, геология және табиғи ресурстар министрі ауыл шаруашылығы субъектілеріне жабайы жануарлар егіс жерлерін зиян келтіргені үшін өтемақы төлеу мәселесіне тоқталды. 

«РОП Операторының қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен кредиттеу мәселесіне келетін болсақ, Қайырбек Айтбайұлы айтқандай тиісті жұмыс Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп атқарылып жатыр», — экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу