2019 жылы 9 айда ауылдарда бизнес жобаларын іске асыру үшін 10 мыңнан астам шағын несие берілді

ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында аулы шаруашылығы министрі С. Омаров «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдарда шағын несие беру туралы баяндады. 

Министрлік «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде ҚазАгроның еншілес құрылымдары арқылы ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бизнес-жобаларды іске асыруға арналған несиелер/шағын несиелер беру бойынша жұмыс жүргізуде.

С. Омаров атап өткендей, 2019 жылға бастапқыда республикалық бюджеттен 12 мың шағын несие беруге 44,7 млрд теңге бөлінді. Шілде айында Ұлттық қордан 5 мың шағын несие беруге қосымша 20 млрд теңге бөлінді. Барлығы жоспарланған 17 мың шағын несие беруге 64,7 млрд теңге көзделді.

Ағымдағы жылғы 21 қазандағы жағдай бойынша республика бойынша 40 млрд теңге игерілді, 10 435 шағын несие берілді. Бөлінген қаражат мал шаруашылығында, өсімдік шаруашылығында, ауыл шаруашылығы емес бизнес түрлерінде шағын несие беру үшін бағытталды.

6 703 стартап жоба, зәкірлік кооперацияның 734 жобасы, «Бастау Бизнес» бойынша 5 237 жоба қаржыландырылды.

«Ағымдағы үрдісті сақтай отырып, ағымдағы жылдың соңына дейін 105 мың бас ІҚМ, 203,2 мың бас ұсақ мал, 38,1 мың бас жылқы, 187 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы және 233 бірлік түрлі жабдықтар сатып алынады деп күтілуде», — деді С. Омаров.

Келесі 2 жылда осы бағдарлама бойынша 43,2 млрд теңгеден бөлінеді, бұл жыл сайын мал шаруашығында 9,2 мың жобаны, өсімдік шаруашылығында 297 жобаны және ауыл шаруашылығы емес секторда 1,8 мың жобаны іске асыруға мүмкіндік береді.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиев өз кезегінде қысқа мерзімді оқыту үшін 815 оқу орталығы ашылғанын айтты. Оның 346-сы кәсіпорындар жанынан ашылған. 2500-ден астам грант берілген. 

Премьер-Министрдің Орынбасары Б. Сапарбаев тұрғындарды еңбекке орналастыру мәселесі бәрінен де көп толғандыратынын айтты. Қарастырылып отырған «Еңбек» бағдарламасының басты мақсаты — оқыту, кәсіпкерлікке үйрету, еңбекке орналастыру. 

Биыл барлық мемлекеттік бағдарламаларға жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша индикаторлар енгізілді. Сонымен қатар биыл ақпараттық жүйе құрылды, оның көмегімен әрбір мемлекеттік бағдарлама аясында қанша жұмыс орны құрылғанын бақылау мүмкін болады. Осы жылы 203 халықты жұмыспен қамту орталығының жұмыс тәсілдері қайта қаралды. Қазіргі таңда 53 жекеменшік жұмыспен қамту агенттігі жұмыс істейді. Б. Сапарбаев кейбір өңірлерде бағдарлама бағыттары жеткілікті деңгейде іске асырылмай отырғанына назар аудартты. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу