Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Үкіметінде әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу шаралары қаралды

13 наурыз 2018, 14:07
Астана
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңірлік тұрақтандыру қорларының қызметі және нарықты отандық азық-түлікпен молықтыру туралы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев баяндады.

2018 жылдың басынан бері әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,7%-ке өсті. Жыл басынан бері бағаның ең үлкен өсімі Астана қаласында, Алматыда, Ақтөбеде, Таразда, Оралда, Атырауда және Павлодар қалаларында байқалады.

ҚР АШМ мәліметі бойынша, бағаның негізгі өсімі мына ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты: қырыққабат ↑ 12,7%, пияз ↑ 7,4%, картоп ↑ 5,5%, сәбіз ↑ 4,5%. Сүт өнімдері, сиыр еті қымбаттады. Азық-түліктің қалған түрлері бойынша бағаның өсімі шамалы немесе байқалмайды. Сондай-ақ, қарақұмық ↓14,8%, күріш ↓ 2,7%, жұмыртқа ↓ 1,3%, қант ↓ 0,8%, ұн мен тұз ↓ 0,2 % сияқты тауарларға бағаның төмендеуі байқалды.

«Жалпы алғанда, баға өсімі маусымдық сипатқа ие және ол сақтау кезіндегі шығындар мен ысыраптарға, көкөніс өнімдері қорларының төмендеуінен ұсыныстың азайуына, сондай-ақ, өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін тауарлар мен қызметтер құнының өсуіне және тасымалдауға кететін шығындарға байланысты», — деді А. Евниев.

Өңірлерде 2018 жылдың қаңтар айында тұрақтандыру қорына 2178 тонна азық-түлік тауарлары сатып алынды. Сатып алудың негізгі көлемін жүзеге асырғандар — Жамбыл облысы (2000 тонна қант), Павлодар (68 тонна күріш) және Батыс Қазақстан облыстары (60 тонна күріш).

5538 тонна азық-түлік тауарлары сатылды, оның ішінде 2541 тонна картоп (45,9%), 762 тонна сәбіз (13,8%), 618,6 тонна пияз (11,2%), 577,3 тонна қырыққабат (10,4%), 504,1 тонна І сұрыпты ұн (9,1%).

Облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік тауарларының нақты көлемі 8136,7 тоннаны құрады, ал 14257,8 тонна азық-түлік тауарлары жаңартуға және жауапты сақтауға берілді. Тауар қорларының құрылымын қант (жалпы көлемнің 35,4%), картоп (24,4%), пияз (9,6%), сәбіз (5,8%), І сұрыпты ұн (5,6%), қырыққабат (5,4%), өсімдік майы (5,2%), қарақұмық жармасы (3,5%) құрайды.

«Тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға арналған 4423 млн теңге қаражат ӘКК шоттарында және екінші деңгейдегі банктердің депозиттерінде жатыр», — деп қорытындылады А. Евниев.

Астана қаласының әкімі Ә. Исекешев, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов, Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев, Алматы қаласының әкімі Б. Байбек, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары С. Аманғалиев алғашқы қажеттілік өнімдері бойынша бағаның жай-күйі туралы баяндады.

ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев мәселені қарау қорытындысы бойынша, азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін еске салып, әкімдіктерге алдағы мереке күндерін ескере отырып бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу үшін бақылауды күшейтуді тапсырды.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз