Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

2019 жылғы 1 қаңтарға қарай дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлер компьютерлік техникамен толық жабдықталады — А. Цой

22 қараша 2017, 12:20

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру туралы бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой айтып берді.

Денсаулық сақтауды цифрландыру Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында жүзеге асырылуда, оған қоса «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасымен толық сәйкестендіру қамтамасыз етілді.

Цифрлық денсаулық сақтаудың мақсатты үлгісі науқастар туралы мәліметтер, сырқатнамалар бар бірыңғай ақпараттық кеңістік құруды көздейді. Науқастар электронды денсаулық паспорты, денсаулық сақтаудың электронды қызметтеріне қолжетімділік арқылы жеке басының денсаулығы туралы мәліметке қол жеткізе алады және медициналық қызметтер алу сапасы туралы кері байланысты ұсынады.  

Дәрігер, өз кезегінде, өз науқастарының денсаулығы туралы шоғырландырылған мәліметке қолжетімділіктің арқасында қашықтықтан кеңес бере алады. Медициналық ұйымдар өз жұмысының рейтингін ескереді, ахуалдық панель мен индикаторларға қолжетімділікке ие болады, бұл қызметтерді ұсыну сапасын уақытылы арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының және қоғамдық денсаулық қызметінің жұмысы автоматтандырылады.   

Вице-министр сондай-ақ өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Қазіргі уақытта өңірлерде денсаулық сақтауды цифрландырудың үш үдерістік индикаторы өлшенеді: медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу, компьютерлік техникамен жабдықтау және денсаулық сақтау ұйымдарының интернет желісіне қолжетімділігін қамтамасыз ету.   

«1 қазандағы жағдай бойынша дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің компьютерлік техникамен жабдықталуы 78,4% құрады. 2018 жылғы 1 қаңтарға 85%, 2019 жылдың басына қарай 100% көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған», — деп атап өтті А. Цой.

Алексей Цой сондай-ақ денсаулық сақтауға Watson for Oncology жасанды интеллектті пилоттық енгізу туралы журналистердің сұрақтарына жауап берді. А. ж. 14 қыркүйекте ҚР ДСМ мен IBM компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, оның аясында денсаулық сақтауға жасанды интеллектті —   Watson for Oncology пилоттық енгізу жоспарланған. Қазіргі уақытта меморандум аясында пилоттық жобаны өткізу бойынша жол картасы әзірленуде.

Айтылған ақпаратқа сәйкес, жасанды интеллект науқастың сырқатнамасын жедел зерттей алады және соңғы медициналық жетістіктер мен ғылыми жарияланымдарды ескере отырып, дәрігерлерге емдеудің әлдеқайда тиімді әдістерін ұсына алады. Енгізген сәттен бастап онкологиялық ауруға шалдыққан 100 мыңға жуық науқастың сырқатнамаларын талдау жоспарланған.

Вице-министр сондай-ақ Мемлекет басшысының 2018 жылғы І тоқсандағы тапсырмаларына сәйкес денсаулық сақтауды цифрландыру бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың арнайы Форумы өткізілетінін жеткізді.