Халықты профлактикалық медициналық тексеруден өткізу қатерлі ісіктің алдын алудың тиімді тәсілі болып табылады

08 тамыз 2016, 17:20

Медицина саласындағы қатерлі ісік ауруын емдеу, диагностикалау мен оның профилактикасының заманауи тәсілдері пациенттің толыққанды, әсіресе, аурудың ерте кезеңінде  жазылып кетуін қамтамасыз етіп отыр. Қатерлі ісік ауруын алдын алу мен ерте диагностикалаудың тиімді тәсілі – ең алдымен халықты профлактикалық медициналық тексеруден өткізу болып табылады.

ҚР ДСӘДМ мәліметінше, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітім 33%-ға төмендеді (1991 жылғы 100 мың тұрғынға шаққандағы 137,4 көрсеткішінен 2015 жылы 92-ге дейін).

Қазіргі таңда кезең-кезеңімен скринингтік бағдарламалар жатыр мойны, сүт бездері обырын, колоректальді обырды, асқазан мен өңеш, бауыр, қуықалды без обырларын анықтау бойынша жүргізіледі.  

Медициналық кадрлардың біліктілігін арттыру мен оларды дайындауға зор көңіл бөлініп келді. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (ҚазОРҒЗИ) жалпы практика дәрігерлері, учаскелік терапевтер мен педиатрлар үшін онкологиялық қырағылықты күшейту мен қатерлі обыр ауруларын ерте диагностикалау бойынша семинарлар өткізіп келеді. «Онкология», оның ішінде балалар онкологиясы, «сәулелік диагностика», «сәулелік терапия» мамандықтары бойынша резидентурада дайындау жүзеге асырылуда.

ҚР-дағы онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру аясында балалар онкологиясы мен гемотологиясы, клиникалық морфология мен онкоцитология, жоғары технологиялық сәулелік терапия, ядролық медицина, радиохирургия мен брахитерапия мамандары халықаралық үздік тәжірибені меңгеру мақсатында шетелге оқуға жіберілген болатын. Бірнеше рет шетелдік мамандар Қазақстанға да келген болатын.

Аймақтардағы сырқаттанған адамдарға көмек көрсететін онкологиялық диспансерлер мен денсаулық сақтау ұйымдары заманауи құрылғылармен жабдықталған (компьютерлік және магнитті-резонанстық томографтар, сандық маммографтар мен рентген аппараттары). Астана, Алматы, Ақтөбе, Семей қалаларында радиациялық онкология жоғары технологиялық орталықтарын жабдықтау үшін заманауи радиологиялық құрылғылар сатып алынды (сызықтық үдеткіштер, компьютерлік томографтар). Бұл сәулелік терапияны заманауи деңгейде өткізуге мүмкіндік берді.

Заманауи технологияларды енгізу жалғасып келеді. Өкпе, асқазан, өңеш пен колоректальді обырмен сырқаттанған пациенттерге жоғары мамандандырылған төменгі инвазивті эндоскопиялық хирургиялық көмек көрсетіледі.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, жыл сайын стационарлық және амбулаторлық деңгейде дәрілермен қамтамасыз ету шығындарын өтеу онкологиялық аурулармен сырқаттанған адамдарды мамандандырылған емдеумен қамсыздандыру деңгейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.