Елжан Біртанов Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ассамблеясының 70-сессиясында қазақстандықтардың денсаулығын қорғаудың жаңа тәсілдері туралы айтты

24 мамыр 2017, 21:25

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ассамблеясының 70-сессиясында салауатты өмір салтын, дұрыс тамақтануды, созылмалы инфекциялық емес аурулардың алдын алу шараларын насихаттауға бағытталған Қазақстанда қалыптастырылып жатқан қоғамдық денсаулық сақтау қызметі (ҚДСҚ) туралы баяндамасымен таныстырды.

Қазақстан Үкіметі ҚДСҚ-нің үлгісін мақұлдады, ол оның институционалдық дамуына және медициналық-санитарлық алғашқы көмекпен бірігуіне мүмкіндік береді. Қабылданған үлгі шеңберінде мемлекет ДДСҰ белгілеген барлық он негізгі оперативтік функцияларды жүзеге асыруға міндеттеледі.

ҚДСҚ-нің негізгі функцияларының бірі адамдардың өз денсаулығына жауапкершілігін арттыруға және адамдарға сау болып қалу үшін көмектесуге бағытталған ақпараттандыру жұмыстары болып табылады. Бүгінгі таңда адамдар интернеттің арқасында өз денсаулығы туралы хабардар болуға және оны сақтап жүруге үйрене алады. Адамдардың денсаулығы мықты болуы үшін біз барлық заманауи және инновациялық ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануымыз керек.

«Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтау аясында жаңа нарықтарды қалыптастыру мақсатында мемлекеттік және жеке сектор арасындағы серіктестік дамуда», - деді Елжан Біртанов.

Елімізде іске асырылып жатқан денсаулық сақтауды дамыту бағдарламалары ауруларды емдеу және алдын алуда кешенді тәсілді қамтамасыз етеді және олар денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Осыған орай, халық денсаулығының, мысалы, ана, нәресте, баланың өмір сүру ұзақтығы және жалпы өлім-жітімнің статистикалық көрсеткіштерінің дәйекті жақсаруы байқалады.

«Біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу кезінде Қазақстанның денсаулық сақтау саласын цифрландыруға ерекше назар аударамыз, олар: жаңа ақпаратты медициналық практикаға енгізу және коммуникациялық технологияларды қолдану. Біз ақпараттық технологиялар рөлінің артуын жай мойындап қана қоймай, сондай-ақ оларды салауатты өмір салтын насихаттауда белсенді және кеңінен пайдалану, қашықтан мониторинг жүргізу және созылмалы ауруларды емдеу кезінде қолдануымыз қажет, ол өз кезегінде медициналық қызметтің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді», - деп атап өтті қазақстандық делегация басшысы.

Өз баяндамасының соңында Елжан Біртанов өзінің әріптестерін 2018 жылғы қазанда Алматы қаласында БҰҰ балалар қоры мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің  қатысуымен өтетін медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету жөніндегі Алматы декларациясының 40 жылдығына арналған конференцияның жұмысына қатысуға шақырды.

«Сонымен қатар, біз сіздерді Қазақстанда маусым айында ашылатын ЭКСПО-2017 көрмесіне шақырамыз. Өңірлік және ғаламдық деңгейде ДДСҰ-мен және өзге де серіктестермен әріптестік қатынастардың нығаятынына сенімдіміз», - деп сөзін түйіндеді Елжан Біртанов.

Естеріңізге сала кетейік, осы күндері Женева (Швейцария) қаласында алыс шетел және жақын мемлекеттердің министрлерінің қатысуымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ассамблеясының жетпісінші сессиясы өтіп жатыр.