Денсаулық сақтау министрлігі 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап бөлшек саудада барлық дәрі-дәрмектерге шекті бағаларды бекітуді жоспарлауда

25 сәуір 2017, 14:07
Фото: primeminister.kz

Бүгінгі таңда бөлшек сауда желісінде дәрі-дәрмектердің бағасын реттейтін заң жобасының тұжырымдамасы әзірленген. Бұл туралы ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлады.

«Ертең біз тұжырымдаманы талқылауды бастаймыз. Алдымен Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы қоғамдық кеңесте, кейін кәсіпкерлердің ұлттық палатасының базасында, БАҚ-та талқылаймыз. Бұл заң жобасы қоғамда талқылаудың барлық кезеңінен өтуі тиіс. Заң жобасын биыл күзде Парламентке жіберу жоспарда бар», - деді Е. Біртанов.

Денсаулық сақтау министрлігінде заң жобасын 2017 жылдың соңына дейін қабылдап, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап бөлшек саудада барлық дәрі-дәрмектерге шекті бағаларды бекіту жоспарланған.

Бұдан өзге, баспасөз конференциясы аясында Е. Біртанов Денсаулық сақтау министрлігі амбулаториялық-дәрілік қамтамасыз етудің жаңа үлгісін әзірлегенін мәлімдеді. Аталған үлгі халықтың жеңілдікке ие болатын тобын дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етудің барлық түйіткілді мәселелерін жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді. Ендігі бірыңғай дистрибьютор жаңа үлгіге сәйкес еліміздің барлық түкпіріне дәрі-дәрмектерді уақытылы жеткізу, тарату және есепке алуға жауап беретін болады.

Ертең Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы қоғамдық кеңес отырысында амбулаториялық-дәрілік қамтамасыз етудің жаңа үлгісі қаралады. Сондай-ақ, оны іске асыру үшін бизнес-қоғамдастықпен пікір алмасу қажет.

1/3
2/3
3/3