МӘМС енгізу мақсаттарының бірі – қазақстандықтардың күнделікті жұмсалатын ақшалай шығындарын азайту

14 наурыз 2017, 12:17
Фото: primeminister.kz

Бүгінде медициналық қызметтерге кететін шығындардың үштен бір бөлігін азаматтар өз қалталарынан төлейді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру осы шығындарды едәуір қысқартуы керек. Аталған мәселені Денсаулық сақтау министрлігі қандай жолмен шешуге ниетті екенін ведомство басшысы Елжан Біртанов ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясы барысында айтып берді.

Оның айтуынша, азаматтар негізінен өз ақшаларын екі негізгі санатқа – дәрі-дәрмек пен консультациялық-диагностикалық қызметтерге жұмсайды.

«Дәрі-дәрмек бойынша – медициналық сақтандыру аясында бағалық реттеуден бөлек, Қорда ақшаның жиналу жағдайына қарай, халықты тегін дәрі-дәрмек құралдарымен қамтамасыз етуді кезең-кезеңімен ұлғайтуды жоспарлаудамыз», - деді министр.

Консультациялық-диагностикалық қызметтер бойынша – негізінен қазақстандықтар жеке диагностикалық орталықтардың қызметіне мемлекеттік клиникалардағы консультация қызметтерінің сапасына көңілдері толмаған кезде жүгінеді, ал негізінен, көбінесе тегін қызмет көрсететін мамандарға үлкен кезектің болуы себебінен адамдар жеке клиникаларға барады.

«Бұл бағытта біз ережелерді қайта қараудамыз. Бірінші кезекте ережелер реттеуші кедергілерді төмендетуге бағытталған – біз кезектердің санын қысқартып, жеке жеткізушілерге медициналық сақтандыру есебінен тегін қызмет көрсетуге мүмкіндік беруіміз керек», - деді Е. Біртанов.

Биыл аталған ережелер әзірленетін болады. Министрдің сөзіне келсек, МӘМС-дың енгізілуімен, азамат өзінің учаскелік дәрігерінің тағайындауымен өзі таңдаған кез-келген консультантқа бара алатын болады. Консультациялық нұсқау медициналық сақтандыру есебінен төленетін болады. Басты талаптар – жеке медицина ұйымы Медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасуы керек, қауіпсіз медициналық көмек көрсетіп, лицензиясы бар болуы қажет.