Санитарлық авиация қызметі 5 жылдың ішінде өмірге қауіп төндіретін көрсеткіштер бойынша 6 мыңнан астам науқасты тасымалдады - ҚР ДСӘДМ

02 тамыз 2016, 18:12

Санитарлық авиация қызметі 5 жылдың ішінде өмірге қауіп төндіретін көрсеткіштер бойынша 6 мыңнан астам науқасты тасымалдады, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.

ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында жол-көлік жарақатын төмендету мақсатында Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетімен бірлесе отырып транспорттық медицина құрылған болатын.

Санитарлық авиация қызметі 5 жылдың ішінде (құрылғаннан бастап) аймақтардағы ауыр халдегі пациенттерге 6,7 мыңнан астам ұшырылым жасады. Өмірге қауіп төндіретін көрсеткіштер бойынша 6 мыңнан астам пациент тасымалданып, 500 ота оқиға орнында жасалды.

Республикалық маңызы бар жолдардың аса қауіпті учаскелерінде трассадағы 40 медициналық-құтқару пункттері құрылды. 5 жылда жол-көлік оқиғалары орын алған жерлерге 4 мыңнан астам қызмет көрсетіліп, 12 мыңнан аса зардап шеккендерге, оның ішінде 800 балаға медициналық көмек көрсетілді.