Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Вице-премьер Б.Сапарбаев қызылшаға қарсы екпеге сапалы сараптама жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды

26 ақпан 2015, 02:35

Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев селекторлық кеңес өткізді, оның барысында қызылшаға қарсы жаппай екпе жүргізу басталғаннан кейін республикада қалыптасқан жағдай қаралды.

Кеңеске министрліктер және ведомстволар, жергілікті атқарушы органдар басшылары қатысты.

Атап өтілгендей, 15-19 жас аралығындағы тұлғаларды қосымша иммундеу үшін қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды есепке алып, қызылшаға қарсы 1 млн. доза моновакцина сатып алынды. 15-19 жас аралығын таңдау жасөспірімдердің қызылшаны жұқтыру көрсеткіштерінің жоғары болуына байланысты болды.

Вакцинация қызылшаға қарсы (тірі әлсіреген) моновакцинаға қарсы жүргізілді. Бұл екпе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында 1993 жылы алдын ала біліктіліктен өткен, 39 елде тіркеліп, ЮНИСЕФ желісі бойынша 45 елге жеткізіледі.

2015 жылғы 19 ақпандағы жағдай бойынша республикада 881 мың егілуі тиіс балалардың ішінен 59,4 пайызы вакцина қабылдады. 24 ақпанда 185-і медициналық көмекке жүгінген, бұл жалпы егілгендер санының 0,03 пайызын құрайды.

Тексеру барысында көп жағдайда балалардың шағымдары олардың екпеге жеке сезімталдығына байланысты екені анықталды.

Балаларға толықтай медициналық көмек көрсетіледі, қажет болған жағдайда динамикалық бақылау үшін стационарға жатқызылады.

Қазіргі уақытта қызылшаға қарсы екпе республика бойынша тоқтатылды.

Кеңесті қорытындылаған Б.Сапарбаев вакцинаны сапалы сараптамадан өткізуді, жаппай екпе кезінде талаптарды сақтауды, екпеден кейінгі әсерінің себептерін анықтау бөлігінде өңірлік комиссия қызметін үйлестіру бойынша республикалық жұмыс тобын құруды тапсырды.

Сонымен қатар, вице-премьер Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес одан әрі иммундеу жүргізуге бақылауды күшейтуге нұсқау берді. Жергілікті және атқарушы мемлекеттік органдарға бұл тақырыпта алыпқашпа әңгімелердің болмауы үшін БАҚ-пен түсіндіру ақпараттық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.