Денсаулық сақтау саласына МЖӘ тетіктерін енгізу инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасауға мүмкіндік береді

14 наурыз 2017, 17:10
Фото: primeminister.kz

Бүгінде түрлі өңірлердегі 9 денсаулық сақтау нысаны сенімді басқаруға өткізілді. Азия даму банкі Қазақстан медицинасындағы 4 МЖӘ жобасының іске асырылуын сүйемелдейді. Бұл туралы ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясы барысында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты.

«Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесіне жеке инвестицияларды тарту өте өзекті. Себебі, денсаулық сақтау – ұдайы инвестицияларды талап етіп отыратын сала», - деді Е. Біртанов.

Денсаулық сақтау нысандарының белсенді жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары мен салаға жыл сайын артып жатқан бюджеттік қаражаттарды ескермегенде, ҚР денсаулық сақтау секторындағы инфрақұрылымдық жетіспеушілік бұрынғысынша жоғары болып қала бермек. Денсаулық сақтау ұйымдарының 60%-дан астамы пайдалану мерзімі пайдалануға берілген кезден бастап 30 жылдан астам уақытқа жарамды ғимараттарда орналасқан, олардың шамамен жартысы типсіз ғимараттарда орналасқан, денсаулық сақтаудың көптеген ұйымдары қажетті жабдықпен қамтамасыз етілмеген. Бұл, министрдің айтуынша, қаражатты ескірген ғимараттарға ұтымсыз пайдалануға, аураханаларды басқарудың шығынына, заманауи технологияларды енгізудің төменгі қарқынына әкеліп соғады, нәтижесінде ұсынылатын қызметтердің сапасына әсерін тигізеді.  

Инфрақұрылымды дамытуға және медицина саласына заманауи технологияларды тартуға деген қажеттілік елеулі бюджеттік шығындарды талап етеді. Аталған жағдайда МЖӘ қажетті қаржы қаражаттарын тартудың негізгі құралы болмақ.

Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жеке инвесторларға ұсынылатын құрылыс, жекешелендіру және сенімді басқаруға қажетті нысандар тізімін құрастырды. Инвесторларға екі бағыт ұсынылады. Біріншісінің аясында жеке инвестор өз қаржысына денсаулық сақтау нысандарын тұрғызады, ұзақмерзімді келісімшарт негізінде өз шығындарын өтеп алып, пайдалану мерзімі аралығында қызметпен байланысты пайда табады. Екінші бағыт аясында инвестициялық жүктемені қысқарту үшін Денсаулық сақтау министрлігі басқаруға қолданыстағы, бірақ тиімділігі төмен мемлекеттік нысандарды алуды ұсынады. Екі бағыт бойынша да жергілікті атқарушы органдар белсенді жұмыс жүргізуде. Әртүрлі өңірлердегі 9 нысан бүгінде басқаруға өткізілген.

«Біз жеке сектордың күрделі жөндеу жұмыстарын, қайта жабдықтау, санитарлық көлік сатып алуға инвестиция құюға мүмкіндігі бар деп есептейміз, бүгінгі қаржыландыру түпкілікті нәтижеге әкеледі. Болашақта МӘМС жүйесінде де осылай түпкілікті нәтиже бойынша нақты бағаланатын болады», - деді министр.

Азия даму банкімен емханалық көмек саласында МЖӘ бойынша 4 пилоттық жобаны дайындау бойынша келісімге қол қойылған. АДБ 2016 жылы пилоттық жобаларды дайындауға 200 мыңнан астам АҚШ долларын бөлген. 2017 жылы банк аталған салаға 500 мыңнан астам доллар бөлуге дайын.