Үкіметте экономиканың шығармашылық секторын дамытудың негізгі тәсілдері талқыланды

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Үкіметке экономиканың шығармашылық секторын дамыту бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Осы мәселе бойынша салалық министрліктер мен әкімдіктердің қатысуымен ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен жұмыс кеңесі өтті.

Қосымша құны шығармашылық қызмет пен зияткерлік меншік құқықтарын басқару (кино, музыка, жарнама, медиа, дизайн, сәулет, киберспорт, сән, заманауи өнер және т.б.) арқылы қалыптасатын шығармашылық салалар бүгінде экономиканың серпінді дамып келе жатқан салаларының бірі болып отыр. Қазірдің өзінде экономиканың бұл бөлігі әлемдік ЖІӨ-нің 3%-дан астамын құрайды ($2,6 трлн).

Қазақстандықтар халықаралық нарықта жоғары сұранысқа ие креативті өнім жасай алатындығын көрсетуде. Біздің азаматтарымыздың музыка, кино режиссурасы және ойын-сауық медиа контентін құру сияқты салаларда ерекше жетістіктерін атап өтуге болады (2019 жылы Қазақстанның шығармашылық индустрияларының экспорт көлемі $247 млн асты).

Кездесуге қатысушылар шығармашылық секторды дамытудың жоғары әлеуетін ескере отырып, Қазақстан шет елдердің үлгісімен, шығармашылық салаларға және жалпы алғанда экономиканың барлық салаларына қатысты мемлекеттік саясаттың мақсаттарын, міндеттерін, тетіктерін және күтілетін нәтижелерін бейнелейтін біртұтас стратегиялық құжат әзірлеуі қажет екенін атап өтті.

Елдегі экономиканың шығармашылық секторын дамыту үшін қазақстандықтар арасында шығармашылық белсенділікті ынталандыруға, таланттарды тиімді басқаруға, сондай-ақ шығармашылық кәсіпкерлікті дамытуға және шетелдік инвестицияларды тартуға жағдай жасауға бағытталған бірқатар шаралар ұсынылды.

«Мемлекеттік органдардың барлық ұсыныстары мұқият зерделеуді және кәсіби қоғамдастықпен талқылауды қажет етеді. Мемлекет басшысы алға қойған шығармашылық экономиканы дамыту жөніндегі тапсырмаларды сапалы орындау үшін Премьер-Министр А. Маминнің тапсырмасы бойынша күн сайын осы маңызды жұмыстармен айналысатын арнайы Жобалық кеңсе құрылып жатыр. Шығармашылық сектордың біздің елде тек экономика үшін ғана емес, сонымен бірге қазақстандық мәдениетті насихаттауда, жастардың өзін-өзі тануында орасан зор даму әлеуеті бар екенін ерекше атап өткім келеді. Үкімет осы стратегиялық маңызды саланы дамыту үшін барлық күш-жігерін салады», — деді Ә. Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу