Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2015 жылғы «06» маусымдағы № 52-ө өкімі

Иордан Хашимит Корольдігінің Королі Абдалла II бен әл-Хусейннің Қазақстан Республикасына жұмыс сапарын дайындау және өткізу туралы

 

Иордан Хашимит Корольдігінің Королі Абдалла II бен әл-Хусейннің 2015 жылғы 10-11 маусымда Қазақстан Республикасына жұмыс сапарын (бұдан әрі – сапар) дайындау және өткізу мақсатында:

1. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі сапарды дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.

2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы (келісім бойынша) заңнамада белгіленген тәртіппен қосымшаға сәйкес «1+5» форматы бойынша немесе өзаралық қағидатына сәйкес Иордан Хашимит Корольдігінің ресми делегациясы мүшелеріне жоғары деңгейде қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шараларын қабылдасын, сапарды өткізуге арналған шығыстарды 2015 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер», 003 «Республикалық деңгейдегі халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы» және 004 «Жекелеген азаматтар санатына медициналық көмек көрсету» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.

3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Иордан Хашимит Корольдігінің ресми делегациясы мүшелерінің Астана қаласының әуежайында, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.

4. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі белгіленген тәртіппен:

1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Иордан Хашимит Корольдігінің Королі Абдалла II бен әл-Хусейннің арнайы ұшағының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Астана қаласының әуежайында қонуын және одан ұшып шығуын;

2) Астана қаласының әуежайында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін;

3) сапардың бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілуін қамтамасыз етсін.

5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атынан Иордан Хашимит Корольдігінің Королі Абдалла II бен әл-Хусейннің құрметіне берілетін қабылдау (бейресми қабылдау) кезінде концерттік бағдарламалар ұйымдастыруды және іс-шараларға қажетті техникалық қолдау көрсетуді (дыбыспен, жарықпен қамтамасыз ету және сахнаны безендіру) қамтамасыз етсін.

6. Астана қаласының әкімдігі Иордан Хашимит Корольдігінің ресми делегациясын әуежайда қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының орындалуын, әуежайды және көшелерді безендіруді, баратын орындарға бірге жүруді, сондай-ақ мәдени бағдарламаларды ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.

7. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (келісім бойынша) Иордан Хашимит Корольдігінің Королі Абдалла II бен әл-Хусейнді қарсы алу және шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.

8. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісім бойынша) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Иордан Хашимит Корольдігінің ресми делегациясын Астана қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу кезінде тиісті жәрдем көрсетуді қамтамасыз етсін.

9. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

Премьер-Министр                К. Мәсімов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу