Тарифті инвестицияға айырбастау. Б. Ақшолақов тарифтік саясатқа көшу туралы айтып берді

ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде «Тарифті инвестицияларға айырбастау» атты генерациялау секторында жаңартылған тарифтік саясатқа көшудің қалай өтетіні туралы баяндады. 

Оның айтуынша, негізгі қордың жедел ескіруі және оларды жаңғыртудың төмен қарқыны – қазіргі энергетикалық дағдарысқа алып келген жүйелік проблема.

2021 жылдан бері жалғасып келе жатқан электр энергиясының тапшылығы отандық энергия көздерінің моральдық ескірген жабдықтарының авариялық істен шығу жағдайларының жиілеп кетуінің салдары болып табылады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда авариялық тоқтап қалулар саны 22%-ға, ал олардың ұзақтығы 16%-ға артты. Бүгінгі таңда генерациялаушы қуаттардың тозуы шамамен 60% құрайды.

Брифинг барысында ведомство басшысы Болат Ақшолақов тұтынудың рекордтық өсуі аясында қалыптасқан ахуал мен саланың дамуын тежейтін факторлар болашақта елдің энергетикалық тұрақтылыққа елеулі қатер төндіруі мүмкін екенін атап өтті.

Айта кетейік, 2009 жылдан бастап 2015 жылға дейін елімізде электр энергиясына шекті тарифтерді енгізе отырып, «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы жұмыс істеді. Жоғарыда көрсетілген уақыт аралығында 1,2 ГВт жаңа қуаттарды енгізу және 1,7 ГВт қуаттарды қалпына келтіру арқылы орташа мерзімді қуат резерві құрылды.

Болат Ақшолақовтың айтуынша, қазір «Тарифті инвестицияларға айырбастау» атты генерациялау секторындағы жаңартылған тарифтік саясатқа көшу міндеті жыл сайынғы инвестицияларды 3 есеге ұлғайта отырып, тариф белгілеудегі тәсілдерді трансформациялау жолымен 2035 жылға қарай генерациялаушы қуаттардың тозуын 15%-ға төмендетуге қол жеткізу болып табылады. Жаңартылған модельдің маңызды бөлігі – қолданыстағы қолдау тетіктерін және нарық тарапынан кері міндеттемелерді күшейту.

«Бұл жаңашылдық технологиялық, экологиялық және басқарушылық салалардағы әлемдік трендтерді ескере отырып, саланы дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын айқындауға мүмкіндік беретін, Энергетика министрлігі әзірлеп жатқан Электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасымен қатар жүретін болады», — деді ведомство басшысы.

Бүгінгі таңда электр қуаты нарығы шеңберінде салаға салынған инвестицияларды қайтаруға жұмсалатын қаражат көлеміне лимит белгіленді. Қазіргі уақытта ол 32 млрд теңгені құрайды. Энергетика министрлігі бұл лимитті 100 млрд теңгеге ұлғайту мәселесін пысықтап жатыр. Бұл жұмыс істеп тұрған электр станцияларын қосымша жаңғырту және кеңейту мүмкіндігін қамтамасыз етуге жол ашады.

«Инвестициялар ағынын қамтамасыз ету мақсатында электр қуаты нарығындағы қолданыстағы тарифті айына 1 МВт үшін қазіргі 590 мың теңгеден 885 мың теңгеге дейін ұлғайту қажет, бұл жылына қосымша 35 млрд теңге тартуға мүмкіндік береді», — деді энергетика министрі.

Бұл ретте электр энергиясына тарифтерді тежеу жөніндегі қазіргі саясатта инфляцияның өсуі толық көлемде ескерілмеген, бұл саланың инвестициялық тартымдылығына да әсер етті. Болат Ақшолақов осы тәсілді қайта қарау ұсынылып отырғанын атап өтті. Энергия кәсіпорындары жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін инфляция деңгейіне индекстеуді көздейтін болжамды тарифтік саясат талап етіледі.

Сонымен қатар электр энергиясын сатудан түскен қаражат және электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметтер есебінен жылу энергиясын өндіруге жұмсалған шығындарды өтеу мәселесі де қайта қаралуы тиіс. Яғни, қарсы тоғыспалы субсидиялау алынып тасталуы керек.

Энергетика министрінің айтуынша, тұтынушылардың жекелеген санаттарын тарифтердің өсу ықпалынан қорғау үшін бүгінгі тәжірибені ескере отырып, атаулы субсидиялау шарттары жасалатын болады. 

«Жылу энергетикасының әлеуметтік аспектісін ескере отырып, инвестицияларды тартуды ынталандыратын және инвестицияларды қайтару кепілдігін қамтамасыз ететін гибридті модельді енгізу қажет болады, ол жылу энергетикасын бюджеттік қаржыландырудың қолданыстағы тетіктерінен және меншік иелерінің инвестициялау жөніндегі тиісті міндеттемелерінен тұрады», — деді ведомство басшысы.

Өз кезегінде энергетикалық кәсіпорындар үшін өз активтерін дамыту үшін тарифтерден алынатын қаражаттан басқа, өз қаражатының бір бөлігін салу бойынша қарсы міндеттемелер енгізіледі.

Болат Ақшолақов ұсынылып отырған шараларды толыққанды іске асыру үшін «Тарифті инвестицияларға айырбастау» саясаты шеңберінде алынған қаражаттың мақсатты пайдаланылуына уәкілетті органның бақылау жүргізу функцияларын қайтару, сондай-ақ салынған инвестициялар шеңберінде қол жеткізілуі тиіс көрсеткіштерді белгілеу қажет екенін атап өтті. Мысалы:

  • негізгі өндіруші жабдықтың тозу дәрежесін төмендету;
  • шартты отынның үлестік шығыстарын төмендету;
  • экологиялық көрсеткіштерді жақсарту.

«Сұрақ-жауап» сессиясында энергетика министрі журналистердің Қазақстанда жанар-жағармай құнын төмендету туралы сұрақтарына берген жауабында қазіргі уақытта басты міндет – бағаның ағымдағы деңгейін сақтау екенін атап өтті.

«Біз жасаған жалғыз нәрсе – 182 теңге деп белгіледік. Кейбір өңірлерде бағаны 187 теңгеден белгілеуге тура келді. Неге екенін түсіндіріп өтейін. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы. Мұнай өңдеу зауыттарынан барынша алыс орналасқан аймақтар бар, жанармай, оның ішінде бензин жеткізуді тек көліктермен ғана жүзеге асырылатын өңірлер бар. Яғни, теміржол жоқ. Біз осындай жекелеген өңірлерде қосымша бағаны 187 теңгеге дейін көтереміз деп келістік», — деп түсіндірді Болат Ақшолақов.

Оның айтуынша, әзірге ведомство қолданыстағы бағаларды ұстап қалу саясатын ұстанады. Болат Ақшолақов отын құнының төмендеуі жанар-жағармайдың елден жаппай шығарылуына және оның тапшылығына әкелуі мүмкін деп санайды.

Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы өндірушілері жеңілдетілген дизель отынын тоннасына 222 мың теңгеден немесе литріне 184 теңгеден алатынын айтты.

«Осы бағамен биыл 423 мың тонна сатылды. Елімізде егіс алқаптары айтарлықтай ұлғаймағанына қарамастан, бұл рекордтық көрсеткіш болып табылады. Диқандар үшін тапшылық жоқ. Біз барлық көлемді жеткіземіз. Егер түпкі тұтынушыда, яғни ауыл шаруашылығы өндірушісінде отын болмаса, бұл біз емес, жергілікті әкімдіктер таңдаған жергілікті операторларға қатысты мәселе», — деді ол.

БАҚ өкілдерін алаңдатқан тағы бір мәселе – Қазақстан газ және басқа да энергия ресурстары үшін Ресеймен есеп айырысу валютасын таңдауға қатысты болды.

ҚР Энергетика министрлігінің басшысы атап өткендей, ЕАЭО аясында газ, мұнай, мұнай өнімдері мен электр энергетикасының ортақ нарықтарын құру мәселесі талқылануда. Құжатқа әлі қол қойылған жоқ, бірақ келіссөздер жүргізіліп жатыр. 

Энергетика министрінің айтуынша, ресейлік тараптың ұсыныстарының бірі – есеп айырысуды рубльмен жүргізуді белгілеу болды.

«Біздің ұстанымымыз – бұл опцияны келісімге қатысушы тараптар таңдауы керек. Бұл екіжақты келісімдердің коммерциялық шарты болуы тиіс. Біреу газ сатып алғанда, ол кез келген валютаны таңдай алады — бұл валюталарды таңдау еркіндігі», — деді энергетика министрі. Болат Ақшолақов шектеулер қойлмағанын және кез келген ұлттық валютаны, соның ішінде рубль мен теңгені пайдалануға болатынын атап өтті. 

Сондай-ақ журналистердің сұрақтарына берген жауабында ведомство басшысы Болат Ақшолақов қазақстандық мұнайды Грузияға, Финляндияға жеткізу, Баку-Джейхан, Атырау-Самара мұнай құбырының жұмысы, КҚК мұнай құбырын жөндеу жоспарлары туралы айтып берді. Сонымен қатар ол ҚР Энергетика министрлігі «Самұрық Энерго» АҚ-мен бірлесіп Семей қаласында ЖЭО салу мәселесін пысықтап жатқанын, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатқанын хабарлады. ЖЭО құрылысын 2023 жылғы қыркүйек-қазан айларында бастау жоспарланған.

КҚК жұмысы туралы мәселелерге қатысты, Энергетика министрлігінің басшысы Каспий құбыр консорциумының екінші айлақ қондырғысының құрылғысын 25 қазаннан кейін іске қосу жоспарланғанын хабарлады. 

«КҚК соңғы уақытта өзекті тақырыпқа айналды. Жөндеу жұмыстары осы айдың соңында аяқталады. Қажетті жабдықтың бәрі сол жерде, жұмыс жүріп жатыр. Бір жарым апта бұрын сүңгуір жабдықтарының жетіспеуіне байланысты мәселе туындады. Сол себепті қосымша сүңгуір жабдығы жеткізілді. Қазан айының соңында, 25 қазаннан кейін қосымша айлақ қондырғысы іске қосылады», — деді Болат Ақшолақов.

Энергетика министрлігінің басшысы мұнай құбырының іске қосылғанына 20 жылдан асып кеткенін еске салды. Оның сөзінше, теңіз астында бірқатар жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бірақ әрбір жабдықтың өз пайдалану шегі болады.

«Сондықтан, бұл жағдайдың (жабдықтың істен шығуы) биыл орын алуы кездейсоқтық болуы мүмкін. Жұмыстар жүргізілуде. Каспий құбыр консорциумы ұзақ мерзімге тоқтаған жоқ», — деді ол.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу