Отырыс барысында елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралып, сондай-ақ экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша алдағы шаралар анықталды.

Елбасы жиналғандарға арнаған сөзінде бүгінде мемлекет алдында тұрған негізгі міндет – халықтың тұрмыс деңгейін көтеру екенін атап өтті.

«Күрделі жағдайға қарамастан, біз 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджет қызметкерлерінің орташа жалақысын 30%-ға, стипендия мен жәрдемақыны – 25%-ға арттырып, зейнетақыны 9%-ға индексацияладық. 673 мың адамға мүгедектігі үшін және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақылар көлемін 25%-ға арттырдық», – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Н. Назарбаев қазіргі таңдағы жаңа жағдай қосымша нақты шаралар қабылдауды талап етіп отырғанын айтты. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы алдағы кезеңдегі бағыттар бойынша төмендегідей бірқатар нақты міндеттер қойды.

Қазақстан Президенті жаппай кәсіпкерлік мәселелері Үкімет жұмысының басты бағытының бірі болып табылатынын атап өтіп, тиісті бағдарламаларды одан әрі дамытуды және қолдау тетіктерін жетілдіруді тапсырды.

«Үкімет бүгінде шағын несие беру аясын одан әрі кеңейту жөнінде шаралар қабылдауға тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың 60%-ы ауылда тұрады. Осыған байланысты, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында біз 5 өңірде пилоттық режімде «Ауылда жұмыспен қамту» атты жаңа жобаны іске асыруды қолға алдық. Оған 10 миллиард теңге бөлінді. Бұл жұмысты жүргізу барысында кооперацияларды дамыту ісіне айрықша көңіл бөлу қажет. «Кооперациялар туралы» тиісті заң қабылданды. Енді жергілікті жерлердегі ауқымды ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары күтіп тұр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, елді мекендерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мен өңдеуді қамтамасыз ететін кооперативтер ұйымдастыру жөніндегі шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Баршаға тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы аясында жұмысты жалғастыру қажеттігіне тоқталды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Үкімет пен әкімдерге еңбекке жұмылдыру және жұмыс берушілер мен еңбеккерлердің бірін-бірі іздеп табуына ықпал ету жөніндегі жұмыстарды бақылауда ұстауды тапсырды.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлер қызметі мен мемлекет-жекеменшік серіктестігінің тетіктерін белсенді қолдану аясын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Елбасы министрліктер мен ведомстволардың ведомствоға бағынысты ұйымдарын бәсекелік ортаға беру немесе жергілікті деңгейге бейімдеу мақсатымен оларды қайта инвентаризациядан өткізу қажеттігін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев жыл соңында мемлекеттік қазына 830 млрд теңге қосымша кіріспен толығады деп жоспарланып отырғанын айтты. Бұл биылдың өзінде дағдарысқа қарсы жоспардан және ағымдағы проблемаларды шешуден стратегиялық даму міндеттерін орындауға көшуге мүмкіндік береді.

Осыған байланысты, Қазақстан Президенті негізгі үш міндетке тоқталды.Біріншіден, «Агробизнес 2020» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Екіншіден, бүкіл экономика мен экспорттың әртараптандыру, ол үшін Үкімет пен әкімдер экспортты жандандыру мен  дамытуға ден қоюға тиіс. Үшіншіден, көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі қолға алынған жобалардың іске асырылуын жеделдету, осыған байланысты Мемлекет басшысы биыл қосымша 74 млрд теңге бөлуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке алдағы уақытта ең алдымен іске асырылуға тиіс бірқатар міндеттер қойды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2016 және 2017 жылдары инфляция деңгейін 6-8%-ға дейін төмендету макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажетті маңызды шарт екенін атап өтті.

Сондай-ақ Елбасы Үкіметке бірыңғай «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуді, оған қазіргі қолданыстағы бағдарламалардың барлық мәселесін кіріктіруді тапсырды.

«Жаңа бағдарламада мына мәселелерді ескеру керек. Тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырғаннан гөрі жекеменшік құрылысшыларды ынталандыру ісіне баса ден қойған жөн. Мемлекет олардың тұрғын үй салу кезіндегі шығындарын азайтып, өз ресурстарын инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдар әзірлеуге жұмылдыруы керек. Бұл бюджеттен қаржыландырудың үлесін азайтып, жеке инвестицияны көбірек тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ төлемге мүмкіндігі бар тұрғындардың сұранысын ынталандыру керек. Коммерциялық банктердің ипотекалық несие беруін жандандырып, пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қоса өзге де арзандату шараларын ойластыру қажет», – деді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы отырысты қорытындылай келіп, айтылған міндеттерді орындау үшін Үкіметке биылғы республикалық бюджетті нақтылауды тапсырды. 

«Басымдығы бар жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруға қосымша 380 миллиард теңге, оның 280 миллиард теңгесін мен бүгін айтқан шараларды іске асыруға, ал 100 миллиард теңгесін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, Астанадағы білім беру және инфрақұрылым нысандары құрылысына және өзге де шығыстарға бөлу қажет. Ұлттық қордың қаражатын сақтап, одан әрі жинақтау мақсатымен 2016 жылы кепілдендірілген трансферт көлемін 400 миллиард теңгеге қысқартуды, сондай-ақ мақсатты трансфертті 50 миллиард теңгеге азайтуды тапсырамын. Үкімет менің тапсырмаларымды жүзеге асыру үшін 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында алдағы үшжылдық кезеңнің шығыстарын қарастыруы қажет», – деп түйіндеді Н. Назарбаев.

Отырыс барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова, Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаев, Қаржы министрі Б.Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, бірқатар облыстардың әкімдері, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының төрағасы Ө.Шөкеев, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы С.Мыңбаев баяндама жасады.