Отырыстың негізгі тақырыбы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 9 қыркүйектегі ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындыларына қатысты берген тапсырмаларына арналды.

ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Министрлер кабинеті қызметінің жақын арадағы негізгі бағыттарын атап көрсетті. Олардың ішінде – кәсіпкерлікті ынталандыру мен жұмыспен қамту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ИИДМБ-ні әрі қарай іске асыру, көлік инфрақұрылымын дамыту, макроэкономикалық тұрақтылықпен қамтамасыз ету және «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеу.

Премьер-Министр республикадағы кәсіпкерлікті ынталандыру мен жұмыспен қамту мәселесі бойынша, Ұлттық экономика министрлігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен аталған бағдарламалар шеңберінде жұмыспен қамтуды ынталандыру шараларын кеңейту бойынша ұсыныстарды қарастырып, ұсынуды тапсырды.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне әкімдермен бірге азаматтардың еңбекке жұмылдырылуын қамтамасыз ету бойынша қосымша шараларды пысықтап, сонымен қатар өз-өзін жұмыспен қамтығандарды шағын бизнес дәрежесіне ауыстыруды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірлеп, енгізуді тапсырды.

«Білім және ғылым министрлігі «Барлығына арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыру бойынша шараларды белгіленген мерзімде қабылдасын. Ұлттық экономика министрлігі әкімдермен бірлесіп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін белсенді пайдалану бойынша шараларды қабылдасын», – деді Б. Сағынтаев.

ҚР Премьер-Министрі барлық мемлекеттік органдарға ведомство құрамындағы ұйымдарда инвентаризацияны қайта жүргізуді жүктеді.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі Үкімет отырысында Мемлекет басшысының халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа кешендік тәсілдерін ойлап табуға байланысты алға қойған тапсырмалары туралы айтып өтті. Соған байланысты, Б. Сағынтаев «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысының бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

«Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне әкімдермен, тиісті мемлекеттік органдармен және ұллтық холдингтермен біздегі бар бағдарламалардағы тұрғын үйге қатысты барлық мәселелерді қарастыра отырып, «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысының бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын», - деп міндеттеді Б. Сағынтаев.

Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне қолданыста бар жер қорына анализ жүргізуді, өңірлердің әкімдеріне – негізгі жоспарлардың өзгерістері бойынша өз ұсыныстарын енгізуді тапсырды, және Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл жаңа бағдарламаның әлеуметтік маңыздылығы жоғары екенін, сондықтан да оны халықпен, бизнес өкілдерімен және қоғаммен тиянақты талқылаудың керектігін атап айтқан болатын деді.

«Мемлекет басшысының тағы бір тапсырмасы - ағымдағы жылдың республикалық бюджетін нақтылау. Бұл ретте, Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін бюджетте тиісті қаржы шығындарының алдағы үш жылдық бюджетте қамтамасыз етілуін қадағалау қажет», - деп сөзін түйіндеді Б. Сағынтаев.

Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрі міндеттемелердің орындалуына қатаң бақылау орнатып, оларды барлық мемлекеттік органдарға жеткізуді тапсырды.

Үкімет отырысы барысында  Ұлттық экономика министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, баға тұрақтылығын қамтамасыз ететін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

ҚР Премьер-Министрі, сондай-ақ, Ұлттық банкке Үкіметпен бірге ұзақ мерзімді несиелік белсенділікті қайта қалыпқа келтіруге байланысты қосымша шараларды қабылдау тапсырылғанын айтып өтті.

ҚР ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Қазақстанның 2016 жылға әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы айтып өтті. Болжамға сәйкес, жалпы өнім көлемінің өсімі төмендеп, тау кен қазу өнеркәсібі көлемінің қысқартылып, инфляция деңгейі сол қалпында қалады.

ҚР ҰЭМ басшысының айтуы бойынша, Ұлттық қордың төмендеуін болдырмау үшін 2016 жылы кепілдендірілген трансфертті 400,3 млрд теңгеге аз жұмылдыру ұсынылады. Оның көлемін 2880–нен 2479,7 млрд теңгеге дейін қысқарту.

Отырыстың соңында Б. Сағынтаев Мемлекет басшысының Үкіметтің жақын арадағы экономикалық өсімді қамтамасыз ету мен ел халқының тұрмыс деңгейінің төмендеуіне жол бермеуге қатысты негізгі бағыттарын айқындағанын еске салды.

«Қазіргі күні ол біз үшін басты тапсырма болып табылады. Біз барлық күштеріміз бен ресурстарымызды осы тапсырманың сапалы әрі нәтижелі шығуы үшін жұмылдыруымыз керек. Бекітілген уақытта орындау үшін, көрсетілген барлық мемлекеттік бағыттар бойынша іске асырудың нақты алгоритмі мен нақты жауапты адамы болуы керек. Сұраным қатаң болады», – деді Б. Сағынтаев.

Министрлер кабинетінің басшысы Премьер-Министрдің кеңсесіне Президент Әкімшілігімен бірлесе отырып Мемлекет басшысының аталған тапсырмаларын орындау мерзімін пысықтауға, оларды барлық мемлекеттік органдарға жеткізуге және орындалу барысын қатаң бақылауға алуға тапсырма берді.

Еске сала кетейік, бүгін ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Үкіметінің жаңа құрамы жасақталды: сыртқы істер министрі лауазымына Ерлан Ыдырысов, ішкі істер министрі – Қалмұханбет Қасымов, байланыс және ақпарат министрі – Дәурен Абаев, білім және ғылым министрі – Ерлан Сағадиев, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі – Тамар Дүйсенова, инвестициялар және даму министрі – Жеңіс Қасымбек, қаржы министрі – Бақыт Сұлтанов, мәдениет және спорт министрі – Арыстанбек Мұхамедиұлы, ұлттық экономика министрі – Қуандық Бишімбаев, энергетика министрі лауазымына – Қанат Бозымбаев тағайындалды.

Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрі қызметін атқарған Иманғали Тасмағамбетов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал бастапқыда қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы қызметін атқарған Сәкен Жасұзақов Қазақстан Республикасының жаңа қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Бұдан өзге, Марат Бекетаев ҚР әділет министрі қызметіне тағайындалды. Ал бастапқыда осы қызметті атқарған Берік Имашев Орталық сайлау комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.