ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген дамытудың басымдықтарын орындау бойынша жалпыұлттық жоспарды ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов таныстырды. Министр Үкімет жұмысында баса көңіл бөлінетін бес басымдық туралы айтты.

«Жобада «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы, еліміздің Экспорттық-инвестициялық стратегиясы, АӨК мемлекеттік бағдарламасы сияқты жаңа бағдарламалық құжаттаржы әзірлеу, сондай-ақ «Нұрлы Жол» және өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік мемлекеттік бағдарламаларына өзгерістер енгізу қарастырылған», – деді Т. Сүлейменов.

Екінші мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, әділет министрі Марат Бекетаев, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, энергетика министрі Қанат Бозымбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, дін және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басшысы Өмірзақ Шөкеев,  «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басшысы Ерболат Досаев, «ҚазАгро» АҚ басшысы Нұрлыбек Малелов сөз сөйледі.

ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев ҚР-ның заңнамалық актілерінің жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды таныстырды. Е. Нысанбаев 2015 жылғы қарашада қабылданған Жер кодексінің нормалары бойынша туындаған қоғамдық резонансқа байланысты Жер реформасы жөніндегі комиссияның құрылғанын еске салды. Комиссия ұсыныстарының негізінде Тұжырымдама мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді.

Қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев әкімдер мен министрлерге алдағы Қазақстан азаматтары алдындағы есептерге мұқият дайындалуды тапсырды.

Премьер-Министр биылғы жылдың 15 ақпанынан бастап өңір әкімдерінің халық алдындағы есеп беру жұмыстары басталатынын еске салды.

«Мемлекет басшысының берген тапсырмалары мен сыни ескертпелерінің басым бөлігі әкімдердің жұмыстарына да қатысты екенін атап өтті. Сол себепті, есеп берулер кезінде осы мәселелерді көтеріп, түсіндіріп, олардың шешілу жолдары туралы халыққа ақпарат беру керек», - деді Б. Сағынтаев.

Сондай-ақ, Премьер-Министр алдағы әкімдердің есеп беруіне министрлердің де қатысатынын айтты.