Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 2016 жылы Қазақстанда мемлекеттік тілді меңгерген халық үлесі 82 пайызды құрағанын мәлім етті. Қазіргі таңда «Қазтест» жүйесі негізінде қазақ тілін білу деңгейін анықтау жыл сайын артуда.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, соңғы 3 жыл ішінде Қазақстан Республикасында 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары орташа тиімділігін көрсетті, баллдық жүйе бойынша мүмкін болатын 4 баллдан 2,66 баллмен бағаланды. Бағдарламаның жүзеге асырылуы барысы мен тұрғындардың қанағаттану деңгейін анықтау бойынша сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, сұралғандардың 85% Мемлекеттік бағдарлама туралы хабардар.

Министр халықпен мемлекеттік тілге оқытудың қолда бар мүмкіндіктері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, Мемлекеттік бағдарламада Қазақстанда үш тілділікті дамытуды күшейту бойынша шараларды қарастыруды ұсынды.  

Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі Президенттік қордың директоры Азат Шауеевтің айтуынша, Қордың негізгі мақсаты – Мемлекеттік бағдарламаның негізгі индикаторларында көрсетілген міндеттерді іске асыру. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, Қор тіл үйреніп жүргендердің қызығушылықтары мен сұраныстарына негізделген жобаларды жүзеге асырады; жұмыс барысында ІТ-сала мүмкіндіктерін пайдалануға ерекше көңіл бөлінеді.

ҚР Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есім ҚР Президентінің мемлекеттік тілді одан әрі дамыту, қазақ терминологиясын қалыптастыру, ономастика мәселелерін реттеу, шетелде өмір сүретін қазақ диаспораларының мәдени және тілдік қажеттіліктерін қанағаттандыру жөніндегі саясаты өз нәтижелерін көрсетіп жатқанын айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру жолында әлі де біраз жұмыстар атқару қажеттігін, бұл әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы екенін атап өтті.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков Үкімет отырысы барысында Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысы туралы баяндады. Бағдарламаны іске асыру кезеңінде профилактикалық жұмыстарда оң өзгерістер байқалып, толеранттық діни түсінік  пен радикалдық идеологияға деген иммунитет нығайып жатқанын айтты. Сондай-ақ ол күш құрылымдарының техникалық және ұйымдастырушылық әлеуеті арттырылып жатқанын атап өтті.

Тимур Сүлейменов аталған бағдарламаны іске асыру бойынша ескертулер жоқ екенін, жалпы оң баға берілгенін атап өтті. Алайда, көптеген түрлі аспектілерге қатысты ақпаратпен толық қамтылу үшін әкімдіктер бірқатар өңірлерде жұмыстар атқаруы қажет.

Қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев тек мемлекеттік тілді дамытудың емес, сондай-ақ, Қазақстандағы өзге де тілдерді дамытудың әдістемелік базасын күшейту қажеттігін, Қазақстан Республикасында 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландыруды ұлғайту, қазақ тіліндегі терминдерді ұлғайту жұмыстарын жалғастыру қажеттігін айтты.

Сонымен қатар, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыстарды әрі қарай жалғастырудың қажеттігін айтып, әкімдіктерге ағымдағы кешендік жұмыс туралы қажетті ақпаратты ұсынуды тапсырды.