Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов нысандар тізімін жасағанда түгендеу нәтижелері негізге алынғанын, оған сәйкес мемлекет меншігінде 6003 ұйымды сақтап қалу ұсынылғанын атап өтті. Сондай-ақ, жекешелендірудің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, әлеуетті инвесторларды барынша көп тарту мақсатында «KAZNEX INVEST» АҚ қосымша интернет-ресурсын - www.privatization.gov.kz ашқанын мәлімдеді.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ағымдағы күнге Жекешелендірудің кешендік жоспарын орындау туралы баяндады. Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның 18 ірі компаниясын өткізу 2019-2020 жылдарға жоспарланғанын және олардың 8 тартымды компаниясы - IPO/SPO аясында жүзеге асырылатынын хабарлады.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев «Самұрық-Қазына» АҚ жекешелендіруі бойынша, 2017-2018 жылдардағы активтерді өткізу туралы мәліметтерді хабарлады және шетел инвесторларын тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бәйтерек» Ұлттық басқарма холдингі» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев «Бәйтерек» ҰБХ активтерін жекешелендіруді жүргізу барысы туралы, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-ның проблемалық активтерін сауда ету және «ҚЭГ» АҚ қайта ұйымдастыру мәселелері туралы айтты.

«ҚазАгро» Ұлттық басқарма холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлелов «ҚазАгро» холдингін жекешелендірудің кешендік жоспарын іске асыру барысы туралы баяндады.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы үш бағыт бойынша іске асырылатынын және биыл 21 мыңнан астам жас қазақстандықты техникалық және кәсіптік біліммен қамту жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Жалпы, бағдарламаны жүзеге асыруға 2017 жылы 85,3 млрд теңге қарастырылған.

Тимур Сүлейменов бағдарлама аясында шағын несиелер 7 жыл мерзімге дейін, 8 мың АЕК-ге дейін берілетін болатынын, кепілдік әрекет етуші кәсіпкерлер үшін шағын несие құнының 50%-ына дейін, ал кәсіпті енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін 80%-ға дейін берілетін болатынын хабарлады. Сонымен қатар, қалаларда мемлекеттің атынан «Даму» КДҚ» АҚ кепілгер болады.

ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев БҒМ техникалық, ауылшаруашылық, технологиялық және қызмет көрсету салаларындағы мамандықтар бойынша модульдік ықпалдастырылған оқу бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын және 2017 жылы кадрлар даярлаумен 21,3 мың адамды және курстық оқытумен – 26 мың адамды қамту жоспарланғанын мәлім етті.

Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов шағын несиелендіру шарттары мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту туралы айтып өтті.

Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов «Бизнес Бастау» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасы мен шағын несиелендірудің халықаралық тәжірибесі туралы баяндады.

Қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев өзінің орынбасары – ҚР ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметовке жекешелендіруді жүргізу және 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асыру бойынша алдағы жұмыстарды бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ, Б. Сағынтаев тиісті ведомстволарға әр тоқсан сайын Бағдарлама міндеттерін орындау жұмыстарын тексеріп, кемшіліктерін түзетіп, бекітілген кестеге сай жұмыс атқаруды, министрліктерге МЖӘ-ті енгізуге қатысты кемшіліктерді тауып, оларды жою мәселелеріне байланысты өз бағыттары бойынша есеп беруді тапсырды.