Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанда 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек туралы баяндамасымен таныстырды.

ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек АЭА қызметіне жасалған талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша бірқатар жүйелік мәселелер анықталғанын атап өтті.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов аталған тақырып бойынша бизнес қоғамдастығының позициясын атады.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев АЭА-дағы инфрақұрылым құрылысының барысы туралы, сондай-ақ «Химпарк Тараз», «Қорғас – Шығыс қақпасы» кластерлері бойынша жұмыстардың іске асырылуы туралы мәлімдеді.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жалпы АЭА жұмысы туралы және бірқатар аймақтарда ақпараттық сүйемелдеудің жеткіліксіз екенін хабарлады.

Қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев барлық деңгейдегі әкімдерге жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету шарттарына жататын отбасылар санатын анықтауды жүктеді. Әрбір аз қамтылған отбасымен олардың еңбекке қабілетті мүшелерін оқыту, еңбекпен қамту, өз кәсібін ашу бойынша жеке жоспарлар жасауға дейін жұмыспен қамту мәселесін пысықтау қажет, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жергілікті атқарушы органдар мен Жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерін даярлауды қамтамасыз ету тапсырылды.

ҚР инвестициялар және даму министрлігіне қаржы, ұлттық экономика және ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, АЭА қатысушыларын салықтық әкімшіліктендіру тетігін оңтайландыру, қызметтің басымдықты түрлерін ұлғайту тәртібін жеңілдету мен АЭА жер телімдерін берудің жеке, жеңілдетілген тәртібін әзірлеу мәселелерін пысықтау, «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» әзірленіп жатқан заң жобасы аясында барлық ұсыныстарды қарастыру тапсырылды.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминге көтерілген мәселелердің шешімін бақылауға алу тапсырылды.