ҚР қаржы министрі Б. Сұлтанов іске қосылған мемлекеттік сатыл алулардың веб-порталының платформасы сатып алулар жүйесін толығымен автоматтандырып, қатысушыларды веб-портал арқылы онлайн режимде электронды камералық бақылауға өтуге мүмкіндік бергенін және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын заңнамалық реттеуді қарастыратын заң жобасы әзірленіп жатқанын айтып өтті. 

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мемлекеттік сатып алулар бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың екі бағыты бойынша сөз сөйледі. Олардың қатарында сатып алу рәсімдерін жетілдіру мен қордың жеткізушілерімен өзара іс-қимыл жасасу қарастырылған. Сондай-ақ, қазіргі таңда қор «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, қазақстандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің, Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін бұзбайтын, жаңа шараларын әзірлегенін айтып өтті.  

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов демпингке қарсы кешендік жұмыстар, жоспарлау жүйесі мен мерзімі, ақпараттық жүйелерді интеграциялау туралы мәлімдеді.  

ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов денсаулық сақтау саласының қазіргі жай-күйі, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту келешегі, емдеу ұйымдарын дамыту стратегиясы және медицина ұйымдарын МЖӘ тетіктері арқылы жабдықтау туралы сөз сөйледі. 

Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун ҚР Үкіметімен соңғы жылдары бірлесіп атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы, коммуникацияның маңызы, халықтың әл-ауқатының бір бөлігі ретіндегі ауруханалардың қызмет көрсетуі жайлы, денсаулық сақтау саласындағы өзгерістердің тетігі туралы, сондай-ақ, мемлекеттік білім берумен қатар, денсаулық сақтау саласының да қызмет көрсету тұрғысынан халыққа қолжетімді болуы жайлы айтып өтті. 

Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джованни Капаннелли банктің Қазақстанға медицина мекемелерінің инфрақұрылымы бойынша реформалар енгізуге, республикада банктің жаңа стратегиясын енгізуге дайын екенін айтып, 5 жыл мерзіммен 2021 жылға дейін елімізге жоспарланған инвестициялар туралы мәлімдеді. Сондай-ақ, жеке қызмет көрсетілетін емханаларды трансформациялау қажеттігін және алғашқы медициналық көмектің МЖӘ арқылы қолжетімділігі мен тиімділігі туралы айтты.  

Қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Қаржы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен «Мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектор сатып алулары жөніндегі мәселелер бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын пысықтап, жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. 

Б. Сағынтаев денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бірыңғай перспективалық жоспар мәселесіне қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен денсаулық сақтау нысандарының желісін жоспарлау жұмыстарын қосымша пысықтап, мұндайда өңірлердің ерекшеліктерін, халық санын, ауру-сырқаулар құрылымы мен саланы дамытудың басымдықтарын ескеруді тапсырды.

Ведомствоға уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп жеке медицинаны дамыту бойынша жұмыстарды жандандыру, медициналық мекемелердің құрылыс жұмыстарына қатысты санитарлық нормалар мен ережелерді жеңілдету, денсаулық сақтау саласын реттеусіздендіру шараларын қабылдау, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту аясында денсаулық сақтау нысандарының құрылысына арналған типтік жобаларды құру мәселелерін пысықтау тапсырылды.