ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасымен таныстырды. 

Дүниежүзілік туристік ұйымның бас хатшысы Талеб Рифаи Қазақстанның туристік саласын дамытудың маңыздылығы туралы айтып, республикамызда осы саланы дамыту бойынша ұсынымдар берді.

ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2016 жылғы транзит кірістері мен 2020 жылғы күтілетін кірістер туралы, Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік контейнерлік, автокөлік, әуе тасымалдары жайында, «ашық аспан» қағидасы, көлік инфрақұрылымын дамыту, Дүниежүзілік банк логистикасының тиімділігінің индексін арттыру туралы хабарлады. 

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин ҚР аумағы арқылы Қытайдан тасымалданатын транзиттік контейнер тасымалдарын ұлғайту мәселесі туралы түсінік беріп өтті.

Өңірлердің транзиттік әлеуетін арттыру жұмыстары туралы Қызылорда мен Ақтөбе облыстарының әкімдері Қырымбек Көшербаев пен Бердібек Сапарбаев баяндады.

«ҚТЖ» ҰК АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев көлік-логистика саласын дамытудың негізгі бағыттары туралы, сонымен қатар трансқазақстан дәлізі арқылы жаңа жүк ағындарын тарту туралы баяндамасымен таныстырды. 

«Қазавтожол» АҚ басқарма төрағасы Ермек Кизатов жаңартылған автожолдар, көлік сервисі, халықаралық көлік дәліздері, сондай-ақ жол сервисінің қазіргі жағдайы туралы айтты. 

ҚР әділет министрі Марат Бекетаев «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне отандық туристік өнімдер маркетингінің тиімді моделін әзірлеуді, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге ЕАЭО, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы шетелдік серіктестермен Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдарды арттыру бойынша жұмыс жүргізуді, жүктердің қозғалысын ақпараттық сүйемелдеу мәселесін пысықтауды және негізгі транзиттік дәліздердегі жол сервисі нысандарын ұлттық стандарттарға сәйкес келтіруді тапсырды.  

Сонымен қатар, «ҚТЖ» ұлттық компаниясына контейнерлік тасымалдар көлемін арттыру бойынша жұмысты жандандыру және ел ішінде, сондай-ақ шет елде көлік-логистика орталықтары желісін уақытылы құруды қамтамасыз ету қажет. 

Үкімет мәселелерді қарау қорытындысы бойынша туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын, сондай-ақ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қабылдады.