ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық ұйымдарды ақпараттық жүйелермен қамтамасыз ету, интероперабельдік платформасын іске қосу туралы баяндамасымен таныстырды. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу мақсатымен ұлттық дәрі-дәрмек саясатын іске асыру жоспары әзірленгенін атап өтті.

ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін орнату» жобасының І кезеңі аясында 900-ден астам денсаулық сақтау нысандарын интернетпен қамтамасыз ету жоспарланғанын атап өтті.

Өңірлерде жүргізіліп жатқан денсаулық сақтау мекемелерін ақпараттандыру жұмыстары туралы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері Ж. Түймебаев, К. Көкірекбаев, Д. Ахметов баяндады.

Дәрі-дәрмек бағасын белгілеу мәселесі бойынша «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Н. Әлтаев сөз сөйледі.

ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына қатысты жағдай туралы баяндады.

ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов тұрақтандыру қорларының жұмысы туралы, әкімдіктермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуіне жол бермеу бойынша меморандумдар жасау жайында баяндады.

Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарының және Астана қаласының әкімдері Е. Қошанов, А. Көлгінов және Ә. Исекешев өңірлердегі жағдай туралы баяндама жасады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Мырзахметов әкімдіктерде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағаларын тұрақтандыру үшін барлық мүмкіндіктер барын атап өтті. Өңірлерге тұрақтандыру қорларына жаңа түсім өнімдерін сатып алуға кірісу керек.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша ҚР ақпарат және коммуникациялар, денсаулық сақтау министрліктеріне тиісті орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ақпараттық жүйелердің бірлесу жұмыстарын биылғы жылдың 1 қарашасына дейін аяқтап, оның тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, өңірлердің әкімдеріне қажетті компьютерлік техникаларды сатып алып, медицина ұйымдарына ақпараттық жүйелерді енгізуді тапсырды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне «Атамекен» ҰКП және фармацевтикалық қоғаммен бірге дәрі-дәрмек бағаларын реттеу және қалыптастыру тетіктері мәселелерін жете пысықтау, ҚР ұлттық экономика және ауыл шаруашылығы министрліктеріне бағалар серпініне тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды.