ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2017 жылдың І жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады.

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков бірінші жартыжылдықтағы еліміздің қаржы нарығындағы жағдай туралы айтып берді.

ҚР қаржы министрінің орынбасары Берік Шолпанқұлов республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыс және кіріс бөліктері туралы, ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіру үшін банк секторын сауықтыру шаралары туралы баяндады.

ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жер» бағдарламасының 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында іске асырылуы туралы баяндады. Бағдарлама бес бағыттан тұрады: халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй салу; жеке тұрғын үй құрылысын дамыту; тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы өткізілетін несиелік тұрғын үй салу; жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру; ипотекалық кредит берудің қолжетімділігін арттыру.

Бағдарламаның төрт бағытын іске асыру туралы «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Ерболат Досаев баяндады.

Өңірлердегі жағдай туралы Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімдері Құмар Ақсақалов пен Болат Бақауов баяндама жасады.

Қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев орталық және жергілікті атқарушы органдарға Мемлекет басшысының экономика өсімін одан әрі қамтамасыз ету үшін берген тапсырмаларын шешу бойынша жүйелік шараларды жалғастыруды, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен «Бәйтерек» холдингіне халықтың қажеттіліктері мен азаматтардың оны сатып алуға дайындығын ескере отырып, бөлінетін қаражатты және тұрғын үй құрылысы көлемін жоспарлауды бақылауға алуды тапсырды.  

Облыс әкімдіктеріне «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша жұмысты жандандыру, жаппай құрылыс салатын жерлерді алдын ала анықтау және таяу жылдарға тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларында қарастырылған көлемде жобалық-сметалық құжаттама жасауға жергілікті бюджеттен уақытылы қаражат бөлуді қамтамасыз ету тапсырылды.